
Коммуналдық секторды сауықтыру — басты мақсат
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президенттің басшылығымен еліміздің инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды. Айтылғанындай, ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді. Республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген аймақтарда 90%-ға дейін жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңі еңсерілді. Мәселен, бұдан алты жыл бұрын жылу жүйелерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, бүгінде оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Осы мақсатта Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы бекітілді.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің айтуынша, Қазақстан Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Ұлттық жобаның мақсаты – халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді және сапалы түрде ұсынып, ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін республикадағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен нысандарды) жаңғырту болып табылады. Бес жыл (2025-2029) мерзімді қамтитын жоба шеңберінде орын алуы ықтимал апаттар деңгейін орташа есеппен 20%-ға, ал энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету көзделген.
– Жылумен жабдықтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және тасымалдау кезінде жылу шығынын мейлінше азайту мақсатында ескіріп, жарамдылық мерзімін өтеген желілер жаңасымен алмастырылып, реконструкциядан өткізіледі. Сонымен қатар, жоспарда электр станцияларын жаңарту қарастырылған. Қолданыстағы қуаттарды тиімді пайдалану және қызмет көрсету сапасын арттыруға баса назар аударылады. Сумен жабдықтау саласында суды тазартудың заманауи технологияларын енгізу, басқару жүйелерін автоматтандыру, су құбыры желілерін жаңғырту барысында инновациялық материалдарды пайдалануға басымдық беріледі, – деді ведомство басшысы.
Осы тақырыпқа орай ұйымдастырылған семинар-кеңеске жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, «Атырау жылу жүйелері» АҚ, «Атырау Жарық» ЖШС және «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның жауапты мамандары қатысты. Оларға Ұлттық жобаның негізгі шарттары, мақсаттары мен іске асырылу кезеңдері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Уәкілетті құрылымдар арасындағы міндеттерді бөлісу, жобаны іске асырудың әдіс-тәсілдері мен қаржыландыру көздері, өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Қорытындысында семинарға қатысушылар инфрақұрылымды кешенді жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Тараптар жобаны іске асыру аясында ынтымақтастыққа дайын екендіктерін мәлімдеді.
Жоба шеңберінде «Атырау жылу жүйелері», «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-дары «Шығыс павильоны» учаскесіндегі магистралды жылу желілерін қайта құрылымдау жоспарланған. Бұл жерде құбырдың диаметрі 530-дан 820 мм-ге дейін ұлғайтылады. Аталған желі «АЖЭО»-дан басталып, Менделеев көшесі арқылы өтіп, М.Өтемісов көшесі, 128-б үйге дейін тартылады. Одан бөлек, «Атырау Жарық» кәсіпорны бойынша жалпы ұзындығы 220 шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады. Сол сияқты, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК тарапынан сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту жөнінде Ұлттық жобаның техникалық операторымен келісімдеу жұмыстары аяқталу сатысына жеткен.
Мұның бәрі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ
Сурет: atr.kz