Жарнама
Инфрақұрылым

Кәріздік жүйе жаңарады

Кейінгі кездері қалада ғана емес, аудан орталықтарында бой  көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізгенде олардың кәріздік-тазарту құбырымен қамтылуына көңіл бөлінуде. Бүгінде облыс орталығын айтпағанда, бірнеше өңірде осындай маңызды коммуналдық-инженерлік нысандар салынып жатыр. 

Нақтылай кетсек, қазіргі уақытта  Мақат ауданы, Доссор поселкесіндегі кәріз жүйелері құрылысы және желілері жобасының 1-ші кезеңі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Енді екіншісіне кәріздік-тазарту имаратының  жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сол сияқты, Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында қолға алынған осындай нысанның құрылысын    алдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бітіру көзделген.

Махамбет және Құрманғазы аудандарының орталықтарынан заманауи үлгідегі кәріздік тазарту имаратын тұрғызу үшін модульды КОС шығаратын Түркия, Словакия, Ресей және Қазақстан компанияларының ұсыныстары қаралып, сол жөнінде жол картасы жасақталыпты. Жоба таңдалынып, бекітілгесін оны 2024 жылдың ақпан айынан бастап іске асыру межеленген. Алдын-ала жасалған болжамға сүйенсек, сарапқа салынған бірнеше жобаның ішінен словакиялық   «Ekoservіs ASIA» компаниясының шығарған жабдықтарын (тәуліктік қуаттылығы 2 200 текше метр)  алуға шешім қабылданған.

Қалдықтарды басқару – өзекті мәселе

Көпсалалы коммуналдық қызмет жүйесінде атқарылатын жұмыстың да ауқымы аз емес. Солардың бірі – күнделікті шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеу, яғни басқару болып табылады. Осынау маңызды мәселе таяуда болып өткен  «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ сарапшылары қатысқан «AMANAT» партиясы жанындағы экологиялық кеңестің кезекті отырысында жан-жақты талқыланды.

Қалдықтарды қайта өңдеудің жеткіліксіз деңгейі еліміз үшін ең маңызды экологиялық проблемалардың бірінен саналатыны жасырын емес. Сол себептен де еліміздің «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасына қалдықтарды басқару саласын жетілдіру негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Ең өзектісі, бүгінгі таңда бізде қалдықтарды басқарудың интеграцияланған жүйесі жоқ, қатты коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардың 97%-ы бақыланбайтын полигондарда және санитарлық стандарттардың талаптарына сай келмейтін немесе оған бейімделмеген орындарға төгіледі.

kariz 2

Осыған байланысты ресми деректерді келтірген акционерлік қоғамның басқарушы директоры Айдос Көбетов коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асырудың толғақты тұстарына тоқталды. Осы саладағы жобалардың ықтимал модельдерін таныстырды. Оның сөзінше, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудағы МЖӘ жобаларының инвестициялық тартымдылығы мен озық халықаралық тәжірибесіне қарамастан, республикамызда бұл механизмнің жекелеген тетіктері кеңінен  таралмаған.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button