
И.Тайманов көшесін орташа жөндеу жұмыстары қыркүйекте толық аяқталады
Атырау қаласындағы маңызды көлік бағыттарының бірі – И.Тайманов көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары қыркүйек айында толықтай аяқталады деп жоспарлануда.
Жолдың жалпы ұзындығы — 5,3 шақырым. Қазір жөндеу жұмыстарына 30-дан астам арнайы техника мен 20-дан аса жұмысшы жұмылдырылған. Барлық жұмыс бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бүгінде И.Тайманов пен Құрманғазы көшелерінің арасындағы учаске толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Қазіргі кезде Құрманғазы көшесінен Ғ.Берғалиев көшесіндегі айналма жолға дейінгі аралықта жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бөлік келесі аптада аяқталады деп күтілуде. Мердігер мекеме – «КазСервисГрупп» ЖШС.
Аталған учаскелер аяқталғаннан кейін, жөндеу жұмыстары «Атырау–Орал» тас жолының 5-ші шақырымынан бастап көпірге дейінгі аралықта жалғасады. Бұл бөлікте жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі.
Жол қозғалысына уақытша шектеулер қойылған учаскелерде тұрғындардың түсіністікпен қарауы сұралады.