Енді таза су ішеміз
Биыл қаланың оң жағалауында орналасқан су жинағыш және су тазартудың №5 сүзгі стансасының құрылысы аяқталады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қаладағы ауыз судың сапасы 100%-ға жақсармақ.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Әділет Бақтығалиевтің айтуынша, стансада күніне 50 мың текше метр су тазаланады.
– 2022 жылдың тамыз айында құрылысы басталған бұл нысанды, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобаның басты мақсаты − Жайық өзенінен алынған суды толық тазартудан өткізіп, халыққа пайдалануға беру. Сонымен қатар қалада су тапшылығын мүлдем болдырмау үшін №6 сүзгі стансасының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Жобаға сәйкес №6 сүзгі стансасы күніне 60 мың текше метр су тазалайды, — деді Ә.Бақтығалиев.
Құрылысты «Батыс Альянс Строй» ЖШС мердігер компаниясы жүргізіп жатыр. Мұнда 80-нен аса адам және 10 техника жұмылдырылған.
Бек АЙДАРӘЛИ