Бүлінген жолдар қалпына келтірілуде
Атырау облысы аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде су басу салдарынан бірқатар автомобиль жолдары мен көпірлер бұзылып, қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарланды.
– Атап айтқанда, облыстық маңызы бар «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз», «Атырау-Индер» және Индербор ауылының кіреберіс жолы, сонымен қатар Қызылқоға ауданы Қарабау, Махамбет ауданы Сарытоғай ауылының кірме, сондай-ақ, Жылыой ауданының ауданішілік автомобиль жолдары жөнге келтірілуде. Одан бөлек, аталған жолдардың бойындағы бұзылған көпірлерді жөндеу жұмыстары қолға алынды, — деп мәлімдеді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев.
Бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталғанға дейін көліктер қозғалысы уақытша айналма жолдармен қамтамасыз етілген. Жоспарланғанындай, бұл жұмыстар биылғы жылдың 4-ші тоқсанына тәмамдалуы тиіс.
Дәулетқали АРУЕВ
сурет batys.info сайтынан алынды