Жарнама
Инфрақұрылым

Биыл өңірдегі тас жолдардың деңгейі 82%-ға жақсартылады

Өткен жылы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас жолының 80 шақырымын қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Қазір Миялыдан Ойылға шығуға мүмкіндік беретін 18 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыс Атырау мен Ақтөбе облыстарының арасындағы көлік қатынасына оң әсерін тигізбек. Ұзындығы 45 шақырымды құрайтын Миялы-Тайсойған ауылына дейінгі жол да күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде оның 39 шақырымына астыңғы асфальт жабындысы төселді. Осы жылдың 2-ші тоқсанында қолданысқа беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев айтты,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Өткен жылы тасқын кезінде су шайған Индер ауданына кіреберіс жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Исатай ауданында да жоспарланған жұмыс көп. Солардың бірі – Қызылүй ауылына апаратын жолды жөндеу жұмысын осы жылы бастаймыз. Көптен аяқталмай келе жатқан Құрманғазы ауылынан Бөкейхан ауылына дейінгі жолдың Бірлікке дейінгі аралығы, яғни, 29 шақырымға асфальттың екінші қабатын төсеп, биыл бұл жолды тәмамдамақпыз. Құрманғазы ауданында атқарылатын жұмыстардың бірі –ұзындығы 43 шақырымдық «Ақкөл-Қызылоба-Қиғаш-4 разъезд» автомобиль жолының құрылысын осы жылы бітіреміз» — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Жалпы биыл облыс аумағында 1052,6 шақырымды алатын 72 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жылыой ауданында Тұрғызба, Шоқпартоғай, Майкөмген, Қосшағыл ауылдарында 11 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланды. Махамбет ауданының орталығына 9,6 шақырым ауылішілік жол салынып, Алға мен Таңдайдағы жолдар күрделі жөндеуден өтпек. Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр ауылына апаратын 0-36 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталған еді. Биыл бұл іс те жалғасады. Осы жолдың 36-180 шақырым аралығын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталды. Қаражаттың бөлуіне байланысты бұл істі биыл бастау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылы облыстық және аудандық маңызы бар тас жолдардың 312,5 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде облыс көлеміндегі жолдың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 78%-ға жетті. Облыстық маңызы бар 104 шақырым, Атырау қаласында 69,2 шақырым жол салынды. Жылыой ауданында 40, Махамбет ауданында 40, Құрманғазыда 22, Исатайда 11,6 , Мақат пен Қызылқоға жерінің 10 шақырымында тас жол құрылысы аяқталды. Жалпы Атырау облысындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6500 шақырымға жуықтайды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button