Биыл Атырауда 6 ауыл газбен қамтылады
Осы жылы елімізде барлығы 87 елді мекен газбен қамтылып, 300 мыңнан астам тұрғын құбыр бойымен келетін «көгілдір отынға» қол жеткізеді.
Жалпы ұзындығы 1 796 шақырымды құрайтын газ тасымалдау жүйесін модернизациялау шаралары республиканың 13 өңірін — Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу, Қостанай, Ақмола облыстарын және Шымкент пен Астана қалаларын қамтиды. Соның ішінде Атырау өңірінде 6 ауылға газ құбыры жүргізіледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, қазір аймақ тұрғындарының табиғи газбен қамтылу деңгейі 99,8 пайызға тұрақтаған. Яғни, облыстағы 155 елді мекеннің 139-ына газ берілді.
— Нақтылай кетсем, соңғы төрт жылда өңірде 64 шақырымнан астам газ желісі жүргізіліп, 15 ауыл газдандырылды.Биыл тағы 6 ауылға көгілдір отын беріледі. Олар — Қызылқоға ауданындағы Тасқұдық, Саркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай ауылдары. Сонда, енді облыс аумағында газдандырылмаған тек 10 елді мекен қалады. Бұларда газ құбыры іске қосылған уақытта облыс халқын газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға ( 99,9%) жуықтайды. Соның ішінде 145 ауылдық елді мекен немесе 93,5 пайызы газбен қамтылады, — деді салалық басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Атырау қаласының оң жағалау бөлігінде газ жетіспеушілігіне байланысты қолданыстағы газ тарату стансасын кеңейтіп, қуаттылығын арттыру жоспарланған. Осы мақсатта биыл өткізу қабілеттілігі сағатына 120 мың текше метр болатын жаңа газ тарату стансасының және 46 шақырымды құрайтын магистралды газ құбырының құрылысы басталады.
Дәулетқали АРУЕВ