
Атырау жылыту маусымына дайын ба?
Облыста 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес әрі жүйелі түрде атқарылып жатыр. Жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз хатшысы Амангүл Айтбайдың мәліметінше, өңір бойынша жылыту маусымына 406 білім беру мекемесі, 155 денсаулық сақтау нысаны және 1793 көппәтерлі тұрғын үйді дайындау көзделген.
-Инфрақұрылым нысандары бойынша жылу желілерін жаңғырту жұмыстарында жалпы ұзындығы 29,4 шақырымның 25,3 шақырымы орындалды. Су және кәріз желілері бойынша жоспарланған 9,9 шақырымның 9,75 шақырымы жөнделген. Ал электр желілеріне қатысты 339,6 шақырымның 273 шақырымы жаңартылды, 9 подстанса мен 66 тарату стансасында күрделі жөндеу жүріп жатыр.
Сонымен қатар, «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» ЖШС нысандарында 3 жылу агрегаты мен 2 турбоагрегатты жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазір №6 және №7 жылу агрегаттары мен №4 турбоагрегаттың жөндеу жұмыстары толық аяқталды. №10 жылу агрегаты мен №8 турбоагрегаттағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде, — дейді А.Айтбай.
Жалпы, облыс аумағында жылыту маусымына дайындық жұмыстары тиісті деңгейде және кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыс барысы басқарманың тұрақты бақылауында.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА