
Аяқсыз қалған өтініш
Атырау қаласы маңындағы Еркінқала ауылдық округінде жазғы су мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұл жағдай бау-бақша мен көгалдандыру жұмыстары басталған кезде тұрғындардың ауыз су тапшылығына ұшырауына себепші болуда.
Ауылдық округке қарасты Еркінқала, Ракуша, Балауса ауылдарында, қаланың өзге шағынаудандарында жазғы су жүйесінің болмауы тұрғындарды ауыз суды бау-бақша суаруға пайдалануға мәжбүр етті. Бұл жағдай құбырдағы су қысымының төмендеуіне әкеліп, әсіресе кешкі уақытта су тапшылығын тудырды.

Оған басты себеп, оларға аула маңындағы бау-бақша мен жеміс ағаштарын жүзімдіктерді суаруға арналған жазғы су жүйелері жүргізілгенімен әлі күнге пайдалануға берілмей отырғандығы. Соның салдарынан мамырдың ортасынан бастап бүкіл жаз бойына құбырдағы қысым күрт төмендейді де, шеткі елді мекендерге су сыздықтап, тіпті тамшылап қана жетеді. Осылайша егіні тұрмақ, тұрғындардың ұрттам суға зар болып қалып жататыны жасырын емес.
Жуырда Ракуша ауылының тұрғындары осы мәселеге байланысты редакцияға хабарласып, мәселенің оң шешімін табуға ықпал етуді сұраған еді.
Бізге мәлім болғандай, Еркінқала ауылына 2022 жылы ұзындығы 2600 метрді құрайтын жазғы су жүйесі жүргізіліп, Жайық жағасына су сорғы станциясы орнатылған. Бұдан бөлек, Ракуша және Балауса елді мекендеріне ұзындығы 9090 метрді құрайтын жазғы су құбыры желісін тарту жұмыстары басталған.
Еркінқала-2 ауылдық округінің тұрғыны Берік Мұсағалиевтің айтуынша, су сорғысын жұмыс жасатуға арналған трансформатор орнатылғанымен мердігер мекеме дұрыс жалғамай кеткен көрінеді. Ауыл тұрғыны электрик шақыртып өз қаражатына жасатыпты.
– Алдыңғы жылы Ракуша ауылына жазғы су құбыры жүргізіліп, былтыр тапсырылған. Енді тал-теректерін суарамыз дегенімізде қуанышымыз ұзаққа созылмады. Өткен жылы су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар барысында ауыл ішімен үлкен техникалар жүріп, жердің бетіне жақын жүргізілген 100-150 метрдей жердегі су құбырлары тапалып, кейбір бөлігі жарамсыз болып қалды. Оны да былтыр жеке қаражатыма трактор жалдап тұрбаларды жердің бетіне шығаруға көмектестік.
Содан бері бір жыл өтсе де тұрбалар сол күйінде жатыр. Талай уәде айтылғанымен орындалатын түрі жоқ. Әрі қарай қолдау танытуға тұрғындардың да қалтасы көтере бермейді. Биылдыққа ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Жуырда қала әкімінің орынбасары ауылға келген кезде осы жұмыстар туралы айтып, көрсеткенбіз. Тіпті телефон нөмірін де қалдырып, тұрбаның өлшемін айтуды да тапсырған. Кейін ауыл тұрғындары болып жиналып, бүлінген жерді есептеп жүз метрдей тұрба керектігін есептеп шығардық. Енді әкім орынбасарына айтайын десек, телефонына хабарласу мүмкін емес. Құбырлар қараусыз қалды, — дейді Берік Сайлаубекұлы.
Ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жоламан Қуанышев былтырғы төтенше жағдай кезінде ауыр техникалар жүріп, су құбырының кейбір бөлігіне түрлі техникалық зақымдар келтіргенін жасырмайды. Оның сөзінше Ракуша ауылы (Т.Боқашев, Ынтымақ, С.Хасанов көшелері) және Балауса тұрғын үй алабындағы (Т.Буданов, Ш.Мұртаза көшелері) ұзындығы 9 км болатын жазғы су құбыры, сорғы стансасы және трансформатор жиынтығын салу үшін «Айтемірқұрылыс» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы құны 68 млн. теңге қаражатқа келісімшарт жасасып, жұмысы атқарылғандығын айтты.
– Мердігер мекеме және демеушілер арқылы су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін маусым айының ішінде жазғы су құбырын іске қосу жұмыстары жүргізіледі, — деді әкімдік өкілі.
Өткен аптада әлеуметтік желіде Еркінқала ауылындағы жазғы су құбырын тұрғындарға пайдалануға бермей, жеке кәсіпкердің жылыжайына бұрып жіберіп отырғандығы туралы бейнежазба тараған болатын. Бұл мәселенің де анық-қанығын қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілінен білгенімізде, бүлінген су құбырларының кейбір бөлігін мердігер «Индустрия-2050» ЖШС «Иманбаев Н» ЖК-нің демеушілігімен жөндеп жатқандығын айтты.
– Жоспарлы жұмыстар жүргізілген соң бірінші кезекте Еркінқала орта мектебі, №37 «Болашақ» балабақшасы секілді әлеуметтік нысандар және жеке тұлғаларды су құбырына қосу, есепке алу шаралары атқарылатын болады. Мәселенің байыбына бармай әлеуметтік желілерде жарияланған алыпқашпа жазбаларға, түрлі пікірлерге сенбей, жасалып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, — деп жауап берді әкімдіктегілер.
«Бір қайғыны қозғасаң, мың қайғыны қозғайды» дегендей, Ракуша тұрғындары негізгі тасжолдың бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы да басталып, аяқсыз қалғандығын айтады. Көлік күткен тұрғындарға ықтасын болатын аялдама да керек-ақ. Тұрғындар су құбыры жүргізілгеннен кейін тал отырғызып, көлеңкесіне саялап отыратын күнді асыға күтіп отыр.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ