ӨЛІ ЖЕБЕМЕЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ

Ескі қорым қоршалуы – аруақтарға тағзым

Күрмеуі күрделеніп, шешімі табылмай келе жатқан Жұмыскер кентіндегі қорым қоршалды. Игілікті іске мұрындық болған «Ақ жол» демократиялық партиясы қорымды қоршауды қайырымдылық айында қолға алды.
Аталмыш партия филиалы әркез тың бастамалары, қайырымдылық көмектерімен ерекшеленіп келеді. «Партия тұғырнамасының негізі де – халықтың мұң-мұқтажына, өтініштеріне сергектік таныту. Жан-жағы бекітілмеген бейіттер жайы талай мәрте көтеріліп, халықтың орынды ренішін туғызған еді», - дейді облыстық филиалдың баспасөз қызметі.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ауылға жақын орналасқан бейіттер түгел қоршалды. Бұл игі іске осы ауылдың төл перзенттері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Оразғали Қаршегенов пен Ермекқали Юсуповтар бастамашы болды. Қорымды қоршауға 10 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалып, халыққа кіріп-шығуға ыңғайлы етіп жасалды. Олардың игі істеріне халық дән риза.
Көптен шешілмей жүрген өзекті істің түйіні осылайша шешіліп, қайырымдылық айында нүктесі қойылды. Ата-бабамыз «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген қағиданы осындайда айтқан шығар. Аруақтарға құрмет ұрпақ сабақтастығы мен жалғастығының бір кепілі емес пе?! «Ақжолдықтардың» тындырар істері молайып, осы бағыттағы жұмыстары өз жалғасын таба беретініне сенім мол.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз