ИМАНДЫЛЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ ИГІ ІС

Адалдық пен ықыластың, барша ізгі амалдардың айы – қасиетті оразаға орай «Әт-тәқуа» мешітінде ауызашар берілді. 
Негізінен ауыл ақсақалдары мен ораза ұстаушы жетпіске жуық жамағат қатысқан имандылық шарасына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы келді. Елдегі діни ахуал, мемлекеттің дінге көзқарасы жөнінде әңгімелеген ол исламның қашанда Отанды қорғауға, қадірлеуге шақыратындығын, сондықтан әр азамат елін, жерін көркейту үшін еңбек етуі керектігін баса айтты. Облыстың бас имамы Амантай Садиев мешіттердің бүгінгі жағдайы туралы баяндап, имандылық жолындағы жұмыстардың одан әрі жалғаса беретіндігін жеткізді.

«Ораза – бес парыздың бірі, Құранның аятымен бекітілген ғибадат. Бұл ай адамзат бақыты мен жақсылықтарға арналған ерекше ай» деген облыстық дін істері басқармасының теолог маманы Ерсін Әміре ораза айының кереметтігі жөнінде уағыз айтып, ауызашардың шырайын келтірді.
«Ораза тек рухани тәрбие ғана емес, ғылымның өзі оразаның адам ағзасына пайдалы екендігін дәлелдеді» деген ол, ораза жанның тазаруына, рухтың жоғарылауына мүмкіндік тудыратындығын, отыз күн оразада адам бойындағы жіңішке қан тамырларының жыл бойы жиналған шлактардан тазаратындығын айтты.
«Әт-тақуа» мешітінің имамы Нариман Мәжитұлының айтуынша, ауызашар беру одан әрі де жалғасады. Бастысы, ұстаған оразамыз қабыл, жинаған сауабымыз мол болғай!

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз