ИМАНДЫЛЫҚҚА БАСТАЙТЫН ИГІ ҚАДАМДАР

Тұтас әлем күрес жариялаған терроризм мен экстремизмнің алдын алу шаралары барысында жиырмаға жуық атыс қаруы мен жарылғыш заттар тәркіленген. Бұл жөнінде облыстық ішкі істер департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Шыныбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тәркіленген заттар ішінде бір атыс қаруы, он үш шолақ мылтық, төрт травматикалық қару да болған. Сондай-ақ, тыйым салынған 22 діни әдебиет және өзге де электронды тасығыш құралдары тәркіленген.

 

Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында белгілі болған жайттар қоғам мен экстремизм әлемі арасындағы көрінбейтін майданның тоқтаусыз жүріп жатқандығын білдірсе керек. Кеңес төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқанның басшылығымен өткен жиын барысында Жылыой ауданының әкімі Максим Ізбасов хабарлама жасады.
Оның мәліметінше, теріс ағымда ілім алуға Мысырға кеткен төрт адамды елге қайтарудың сәті түскен. «Қалған он адамды елге қайтару жолында жұмыстар жалғасуда. Бұл орайда құқық қорғау органдарының жұмысын атап өткен жөн» дейді ол. Тағы бір жаңалық – Жылыой мұсылмандар мешіті жанынан «Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы» құрылған. Өзге жұмыстарға тоқталған аудан әкімі «Бізге білікті мамандар керек» деп атап өтіп, теологтар келетін болса, пәтер, жалақы мәселесінің шешіліп қойғандығын мәлімдеді.
Кеңес барысында хабарлама жасаған облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи әлеуметтік тапсырыс шеңберінде діни ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізетін лайықталған қоғамдық ұйымдардың жоқтығын атап өтті. «Биыл Дін істері басқармасымен бірлесіп, жастардың қоғамдық ұйымын құруды жоспарлап отырмыз. Содан соң ғана әлеуметтік тапсырыс аясында діни-ақпараттық, насихаттық жұмыспен айналысуға болады» деді ол. Бұл орайда кеңес отырысына төрағалық етуші Шыңғыс Мұқан хабарламашыға мешіттермен, Дін істері басқармасымен байланысты күшейтуді, бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.
Одан әрі хабарлама жасаған облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев діни құндылықтарды насихаттау және ақпараттық ағарту жұмыстарын жүргізетін 404 мүшеден тұратын барлығы 86 ақпараттық-насихаттық топтың құрылғандығын айтты.
Бүгінде облыста төрт теолог маманның келісім-шарт негізінде жұмыс істеп жатқандығы белгілі. Негізінен мешіт жамағатымен жұмыс жүргізіп отырған теологтардың енді тұрақты дәрісін аудандар мен ауыл мешітінің келушілеріне скайп бағдарламасы арқылы онлайн режимде өткізу жоспарланып отырғандығы белгілі болды. Тағы бір жаңалық – Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КМК құрылды. Басқарма басшысы Еркінбек Шоқаевтың айтуынша, аталған орталық деструктивтік діни ағымдардың теріс әсерін бұқараға жеткізу, зардап шеккендерге көмек көрсету, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, бір сөзбен айтқанда, радикалдық діни идеологияның таралауына қарсы тұру жұмысымен айналысатын болады.
Ақпарат үшін айта кетсек, шілде айынан бері «Тандем» радиосында жаңа жоба қолға алынды. Облыстық Дін істері басқармасымен бірлескен жоба «Иман ордасы» деп аталады. Аптаның әр бейсенбісінде кешкі сағат 21.00-22.00 аралығында өтетін тікелей эфир аясында көптеген сауалдарға теолог, имамдардың жауабын алуға болады. Сондай-ақ, облыстық «Қазақстан-Атырау» арнасындағы «Иман нұры» бағдарламасы бұрын екі жұмада бір рет көрсетіліп келген болса, енді аптасына бір мәрте эфирге шығып келеді. Хабарламашы Еркінбек Шоқаевтың айтуынша, көп ұзамай көрермендер «Иман нұрын» тікелей эфирден тамашалайтын болады.
Кезекті отырысты қорытындылаған кеңес төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан әр ауыл, елді мекендерде құрылуы тиіс ақсақалдар кеңесінің міндетті түрде жылдық жұмыс жоспары бекітілуі керектігін атап айтты. «Жұмыс жоспарының орындалысын аудан әкімі тікелей бақылауында ұстауы керек» деген ол жұмыстың мақсатты топқа бағытталуын тапсырды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз