Біз де — адамбыз!..

img 20220423 wa0096 Қоғам

      «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және «Теңізшевройл» ЖШС қаржылай қолдауымен «Мүгедек жандарды тиімді оңалту» жобасының екінші оқу кезеңі басталды. Бастапқыда қатысушылар оңалту туралы негізгі білімді игерген болса, екінші кезеңде олар  оңалтудың нақты бағытын таңдап, білім-біліктерін шыңдайды. 

      – Қолға алған жобамыздың басты мақсаты – барған сайын өңірімізде нұсқаушы-оңалтушы (инструктор-реабилитолог) мамандарының санын арттырып, арбаға еріксіз таңылып отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды өмір сүру дағдаларын үйрету. Аталған жобаның былтырғыдан өзгешелігі сол, қатысушылардың жаңа легін – 5 мүгедек адам мен 5 еріктіні жаңа мамандыққа үйретіп шығару. Семинар барысында қатысушыларға психологиялық және мотивациялық қолдау көрсету негізінде оңалту орталығы мен облыстық аурухананың жұлындарынан жарақат алған аурулармен кездесулері ұйымдастырылмақшы. Бір сөзбен, ешкім де мына қайнап жатқан өмірден, жаңалығы көп қоғамнан жырақтап қалмауы керек. Қол қусырып, үйлерінде отыра бермей, «бұл менің қолымнан келеді!» деп алға ұмтылған дұрыс, – дейді «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының басшысы Гүлназ Қосмұрзиева. 

      Өжет қыздың бұл сөзін Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қолдап әкетті. Семинарға қатысушылар алдында сөйлеген Қайрат Асқарбекұлы мүмкіндігі шектеулі жандардың қандай қадамын да қолдайтынын айтып, шындап кеткенде, адамның қолынан бәрі келетінін кеңінен әңгімеледі. Өздері мүгедектер арбасында отырса да, ертеңінен үміт үзбеген оларға денсаулық пен шыдамдылық тіледі. 

      Осынау семинар жұмысына Беларусь Республикасынан арнайы келген «Арбамен жүретін мүгедектердің республикалық қауымдастығының» (РАИК) өкілі Инна Дигилевич те тағдырластар арасында «тең-теңімен» әдісінің қолданылатыны, өздерінің де толыққанды адамдардай қалыпты өмір сүре алатындары жайлы айтса, «ТШО» ЖШС құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры жобасының өз компанияларының құндылықтарымен сәйкес келетініне тоқталды. Гүлназ Қосмұрзиева мен оның серіктестеріне сәттілік тіледі. 

      Бес күндік семинар барысында оған қатысушылар арбамен жүру техникасын меңгеріп, жалпы жаттығуларға машықтанады, садақ атып, жүзуді үйренетін болады. Ал жазға қарай Индер ауданында өтетін «Белсенді оңалту» лагеріне дайындалады. 

Лиза СЕЙТІМОВ

Сурет: автор

img 20220423 wa0094
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз