
Теңдессіз талант немесе Атыраудан шыққан тұңғыш кәсіби композитор
Халқымыздың өнері мен мәдениетіне өлшеусіз зор үлес қосқан таланттар көп. Олардың арасында кіндік қаны біздің өлкеде тамған дарын иелері жетерлік. Солардың бірі – Мәкәлім Қойшыбаевтың есімін Атырау елі ұмыта бастады. Атырау жұртшылығын айтасыз, тіпті музыка тарландарының арасында да оның асқақ абыройы көмескі тартқандай әсер қалдырады. Қаршадайынан Алматыда атақты композитор Ахмет Жұбановтың назарына іліккен ол Құрманғазы атындағы оркестрдің ең жас мүшесі болды…
Жұбановтың шәкірті
Мәкәлімнің есімі бір кезде Қазақстанды айтпағанда, күллі Кеңес Одағына мәлім еді. Аса жоғары қабілетінің арқасында елдің музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері дәрежесіне көтерілген белгілі композитордың Тайсойған мен Бүйрек құмдарының қалтарысындағы №14 ауылда, қазіргі Қызылқоға ауданының Көздіғара ауылында 1926 жылдың 5 мамырында туғанын екінің бірі біле бермейді. Сол атыраптағы бес Тоғызбайдың (Ысық руының бір бөлімі) Сағынынан өрбіген Үмбеттің Өтебінің шөбересі Божанұлы Қойшыбайдың кіші ұлы ғой бұ Мәкәлім. Әкеден жастай жетім қалса да, ерте жетіліп, «Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын иеленді, Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры атанды.
Композитордың әкесі Қойшыбай марқұм да домбыраны сөйлетіп тартатын балбармақ күйші, тіпті тәп-тәуір әншілігі де, әрі мергендігі де бар адам болған деседі. Ал өзінен бес жас үлкен ағасы Ғалымның домбырашылығы бөлек әңгіме.
…1940 жылы Алматы қаласында өткен мектеп оқушыларының облыстық байқауында әділқазылар алқасының төрағасы Ахмет Жұбанов Мәкәлімнің өнерге бейім, музыкаға қабілетті екенін бірден аңғарыпты. Осыдан бастап Ахаң он үш жасар жасөспірімді өзі басқаратын Қазақ радиосы жанындағы ұлт аспаптары оркестрінің құрамына жұмысқа алып, домбырашылар тобына қосқан. Мәкәлімнің домбыра орындаудағы дара талантын дамытуға оркестрдің белді мүшелері, атақты домбырашылар Қали Жантілеуов, Науша Бөкейханов пен Лұқпан Мұхитов көп әсер еткен екен. Оның домбырашылығын академик Ахмет Жұбанов үнемі жоғары бағалап отырады.
Оркестрдің орындаушы-домбырашылары туралы айта келіп, композитор өз еңбектерінің бірінде Мәкәлім жайлы былай дейді: «…оркестрдің есігін жасқана ашқан Мәкәлім өте алғыр музыкалық қабілетінің арқасында бір айда 40-қа жуық күй үйреніп, өзінің орындаушылық мәнерінде еркін тарта беретін. М.Қойшыбаев болашағы зор, әр жақты музыкант. Үлкен талант иесі болатын жас…»
Музыка аспаптарында өте шебер ойнайтын Мәкәлімнің актерлік қабілеті де жоғары еді. Оркестрде жұмыс істей жүріп, 1941 жылы ол көркем театр училищесінің драма театры әртістерін даярлайтын бөліміне оқуға түскен. Сол кезде Қазақстандағы өнер мен музыканың жас кадрларын молайтуға тікелей басшылық етіп жүретін Ахмет Жұбанов оған актерлікке қарағанда музыкант мамандығын игеруге кеңес береді. Ағаның орынды ақылына құлақ асқан жас дарын училищені бітірген соң тек музыкамен шұғылданған. Оркестрде істеген төрт-бес жылдың ішінде көптеген жаңа күйлерді үйреніп, өзінің орындаушылық шеберлігін де шыңдай түседі. Жастай танылған Мәкәлім Құрманғазы атындағы оркестрдің екінші тенор домбыра тобының концертмейстері де болыпты.
Жасыратыны жоқ, ол кезде маманның тапшылығы сонша, мұндай талантты жастарға көптеген облыстық филармониялар сусап отыратын. Сондықтан республика Мәдениет министрлігі Мәкәлімді әуелі 1944 жылы жаңадан ашылған Қостанай, 1945 жылы Ақтөбе облыстық филармониясына көркемдік жетекші етіп жұмысқа жіберген. Оның алғашқы композиторлық қадамы да осы Ақтөбе топырағынан басталған еді. Оның «Жастар», «Жарыс» (1947), «Алматы», «Аққу» (1948) атты жаңа туындылары сол замандағы шебер домбырашылардың репертуарына ілікті.
Күй – поэма қағаны
Бұрын музыкалық білімі жоқ Мәкәлім енді арнаулы білім алу үшін 1949 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, «халық аспаптары» және «музыка теориясы» бөлімдерінде қатар оқиды. Арнаулы орта оқу орнын айрықша дипломмен аяқтап, 1952 жылы Алматы консерваториясының композиторлар даярлайтын факультетіне студент болып қабылданған. Оқи жүріп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің құрамында 1953 жылы Румыния астанасы – Бухарест қаласында өткен IV дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінен лауреат атанып оралады.
Мұндай мадақ оның қазақ кәсіби музыкасының дамуына негіз қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің бірі Василий Великановтың класына түсіп, сазгерлік өнерін дамытуға даңғыл жол ашады. Ол консерватория қабырғасында жүріп-ақ ән-романс, хор, күй, поэма, симфония және драмалық пьеса жанрында шығармаларын жазды. Композитор өз шығармаларында туған халқы мен қарапайым еңбек адамдарының жанқиярлық ерлігін көрсетуге тырысады. Соның нәтижесінде оның «Құрманғазы», «Мәншүк», «Советтік Қазақстан» атты поэмалары, «Ре мажор» мен «Соль минор» симфониялары, басқа да көптеген ән, романс, хор, күйлері жаңа заман ағымымен үндесті.
Ұлттың симфониялық музыкасының дамуына өлшеусіз зор үлес қосқан шығармалар аса көп емес. Соның ішінде көркемдік ерекшелігімен айрықша көзге түсетін туындылардың бірі – «Советтік Қазақстан» поэмасы. Бұл қайталанбас туындыны Мәкәлім халық аспаптары оркестріне арнап, 1957 жылы консерваторияның ІІ курсында оқып жүргенде жазған. Бұрынғы Одақ көлемінде, шетелдік өнер сапарларында қазақ өнерінің мерейін тасытқан поэма әлі күнге дейін оркестрлердің репертуарынан түспей келеді. Оның үстіне Құрманғазы атындағы оркестрге арнап жазған тұңғыш туынды ретінде күй-поэма М.Қойшыбаевтың композиторлық жолында да зор бетбұрыс болды.
Оркестр табиғаты мен оркестровкасын жете меңгерген композитор қазақ музыка әлемінде тұңғыш рет 1970 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт аспаптары оркестріне арнап, үш бөлімнен тұратын симфония жазды. Шығармашылық тұрғыдағы бұл батыл қадам бұған дейін салада қалыптасқан «қазақ оркестрімен симфония сияқты қиын да, күрделі жанрды ойнау мүмкін емес» деген қасаң пікірдің күлін көкке ұшырды.
Сөйтіп, Мәкәлім қазақ музыкасы тарихындағы ұлттық оркестрге жазған ең алғашқы симфониясы арқылы техникалық мүмкіндігі жағынан тапшы ұжымның өзіне арнап, көлемді шығарма жазуға болатынын толық дәлелдеп шықты. Және өзге әріптестеріне де осы салада шығармашылық бағытта ізденуге ой салатын үлгілі симфония болды. 1982 жылы композитор №2 симфониясын да жазды.
Өзінің ұйымдастырушылық қырын ол Қостанай, Ақтөбе облыстық филармонияларына көркемдік тұрғыда жетекшілік еткен кезде де көрсете білді. Он сегіз жасынан бастаған басшылық ету тәжірибесінің арқасында өткен ғасырдың 60-жылдары «Қазақконцерттің» көркемдік жетекшісі, сосын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының музыка редакторлығына тағайындалған.
Музыкалық фольклор. Ғылым. Отбасы.
М.Қойшыбаевтың игілікті ісінің бірі – педагогтік қызметі. Ұзақ жыл П.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің директоры болған ол өмірінің соңына дейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетінде «Оркестрді дирижерлеу» кафедрасының профессоры, инструментовка пәнінің маманы ретінде дәріс берді.
Ұстаздық қызметпен ғылыми жұмысты бірге алып жүрген теңдессіз талант 1963 жылы туған өлкесіне консерваторияның жанынан фольклорлық-этнографиялық іздестіру тобын бастап келіп, Атырау облысынан көптеген ән-күйді жазып алды. Көптеген шығармалар хатталып, жарық көрді, бүгінде олар консерваторияның фольклорлық кабинетінде сақтаулы. Өйткені өзі бір жылдары осы оқу орнында кіші ғылыми қызметкер, фольклор кабинетінің меңгерушісі болып та жұмыс істеген еді.
Мәкәлімнің баспа бетін көрген еңбегінің өзі 70 баспа табақтан асыпты. Қазақ халық аспаптары оркестрі үшін жасалған «Инструментовка» курсының бағдарламасын (1982 ж.) құрастырушылардың бірі. Композитордың вокалдық, аспаптық, оркестрлік шығармаларының клавирлері мен партитуралары жеке кітап болып шыққан.
Ол Құрманғазы атындағы оркестрде жұмыс істей жүріп, Кеңес Одағының ірі қалаларын өнер сапарымен аралап шықты. Бірнеше шет мемлекетке де гастрольмен барған. Өкінішке қарай, композитор Мәкәлім Қойшыбаев бұл өмірден ерте кетті.
«…1986 жылы оның 60 жылдық мерейтойына орай композитордың әндерінен, оркестрге жазған туындыларынан монографиялық концерт өткіздім. Соңынан ол бізге алғыс айтып, құрметпен қоштасты. Бұл оны соңғы көруім екен. Артынша оркестрмен Қиыр Шығысқа концерттік сапарға жүріп кеттім. Қайтып келгенде Мәкәлім бұл дүниеден озып кетіпті…» — деп, атақты дирижер әрі құрдасы Шамғон Қажығалиев өкінішпен еске алған еді.
Мәкәлім ағамыз Диляра жеңгей екеуі отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі жұп. Жеңгеміздің ұлты ұйғыр болғанмен, отағасының шығармашалық тұрғыда жұлдызы жарқырай көрінуіне барлық мүмкіндікті жасап бақты. Әке жолын қуған қос қыздың бірі Бұлбұл – пианист, Ботагөз – скрипкашы, екеуі де Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы. Ортаншы қыз Нұргүл – өзге саланы маманы. Ал, Ботагөздің сыңары, жалғыз ұлы Рахат – запастағы офицер.
Композитордың өнер саласындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен және «Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағымен марапатталған. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласып, еңбекшілер депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Кәсіби орта және жоғары оқу орындарының мемлекеттік емтихан комиссияларының төрағасы болды.
Мәкәлім мектебі: өнеге мен ізет
Жасыратыны жоқ, осындай дарынды жерлесіміз өмірден өткен соң оның есімі ұмытыла бастаған еді. 1992 жылы Балықшы кентіндегі балалар музыка мектебіне көрнекті композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың есімі берілді. Бұған облыстың мәдениет мекемелерінде көп жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған танымал азамат, сала ардагері Мереке Мүтәшұлы Ғұмаровтың тікелей ықпал еткенін айрықша атап өткен жөн.
Өз тарапымнан Мәкәлімнің музыкалық мұрасы мен шығармашылық-ғылыми жұмысын зерттеп, оны насихаттауды сол мектепке басшы болып барған кезден қолға алдым. Бұл – 2001 жыл еді. Сол жылы мектептің оқытушылар құрамынан құрған М.Қойшыбаев атындағы оркестр 2008 жылы «Халықтық» атағына ие болды. Облысқа белгілі өлкетанушы Ерсайын Өміровпен бірге 2006 жылы композитор мен оның атындағы мектептің тарихы жөнінде «Өнер бастауы» атты кітап жарық көрді. 2006 жылы композитордың туғанына 80 жыл және мектептің құрылғанына 40 жыл толуына орай мектеп көлемінде жоспарланған ауқымды шаралар өтті. Мәдени-ағарту мекемелерінде мектеп ұжымдарымен кездесулер өтіп, композитордың шығармалары ойналды. Мерейтой аясында «Есімі елге аян» атты мәдени шара өтіп, баспасөз беттерінде мақалалар мен бейнекөрсетілімдер жарияланды.
Атырау қалалық музыка мектептерінің оқушылары арасында Мәкәлім Қойшыбаев атындағы өнер байқауын 2006 жылдан бастап өткізуді қолға алдық. Байқау үш жылда бір рет өткізіліп тұратын болып ұйғарылып, кейін бұл дәстүрге айналды. 2011 жылы композитордың туған жеріне мектептің М.Қойшыбаев атындағы оркестрімен концертпен барып, оны көрген, бірге болған және оның жақын ұрпақтарымен сөйлесіп, көптеген деректер жиналды. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік және Құрманғазы атындағы консерваторияның архивтерінен, Алматы, Астана қалаларындағы ұлттық кітапханалардан Мәкәлім Қойшыбайұлы туралы деректерді жинақтап әкелдік.
Осындай жан-жақты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, композитор М.Қойшыбаев жөнінде мақалалар жарияланып, шығармалары оркестрге өңдеп түсірілді. 2021 жылы оқу-әдістемелік құралы ретінде «Композитор М.Қойшыбаевтың өмірі мен шығармашылығы» атты республика бойынша тұңғыш жинақ басылып шықты.
Әрине, мұның бәрі – көрнекті композитордың ұшан-теңіз еңбегінің бір бөлігі ғана. Алдағы жылы атақты жерлесіміз, күй-поэма қағаны, теңдессіз талант Мәкәлім Қойшыбаевтың туғанына 100 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты, композитордың шығармаларын қазірден бастап насихаттап, есімін ұлғылау мақсатында М.Қойшыбаев атындағы халық аспаптары оркестрлерінің конкурсын, қала берді домбырашылар конкурсын да облыс, тіпті республика көлемінде ұйымдастырса қандай ғанибет. Ал, Атырау қаласында Мәкәлім атындағы көшенің болмауы да көңілге кірбің ұялатады.
Мәдениет пен өнер саласында ұзақ жыл еңбек еткен аға буын облыстың зиялы қауымы мен сала басшылығындағы азаматтардан осы мәселелердің ескерусіз қалмауын сұрайды.
Қуанышқали ҚИПИЕВ,
Мәдениет қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті
* Қысқаша өмірбаян
Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1971) Мәкәлім ҚОЙШЫБАЕВ 1926 жылы 10 мамырда қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданының Көздіғара ауылдық кеңесінде туған. 1952 жылы Алматы музыкалық училищесін, Алматы (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық) консерваториясын 1959 жылы В.В.Великановтың класы бойынша бітірген.
1944-1945 ж.ж. – Қостанай, 1945-1949 ж.ж. – Ақтөбе облыстық филармонияларының, 1960-1961 ж.ж. – «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігінің көркемдік жетекшісі. 1961-1962 ж.ж. – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының музыкалық редакторы, 1962-1967 ж.ж. – Алматы консерваториясы фольклорлық кабинетінің ғылыми қызметкері, оқу бөлімінің меңгерушісі, профессор, 1968-1975 ж.ж. – Алматы музыкалық училищесінің директоры.
1960 жылдан ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысқан. Көптеген эстрадалық, камералық, аспаптық (домбыра, қобыз, фортепиано) шығармалар, ән-романстар мен күйлердің авторы. Драмалық спектакльдерге жазған музыкалық дүниелері де бар.
1986 жылы 12 желтоқсанда дүние салып, Алматы қаласында жерленген.
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА