
Осы жұрт біле ме екен, Досымовты?
Биыл қазақтың маңдайына біткен біртуар ұл, тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толады. Аз ғұмырында артына мол рухани мұра қалдырған Табылдының әні де, жыры да әлі күнге ел жадында жаңғырып келеді. Осы ұлы мұраны ұлықтап, ұлттың игілігіне айналдыру жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Табылды Досымов атындағы республикалық қордың төрағасы Бижан Қалмағанбетов. Өнер жанашырымен құрған тағылымды бұл сұхбаттың оқырманды ойландырып, тебірентетін тұстары өте көп. Ендеше, мархабат!
– Бижан аға, сіз – Табылды Досымов атындағы республикалық қордың негізін қалаушысыз. Қордың құрылуына не себеп болды? Ақынмен арадағы достық, таныстық қалай басталды?
– Табылды! Осы есім маған соншалықты жақын, соншалықты таныс еді. Оның гитарамен шырқаған әндерін, философиялық ой-толғамдарын тыңдай бергім келетін. Не деген дарын, не деген тереңдік деп қайран қалатынмын, бас иетінмін. Ол қасындағы серігін ешқандай мезі етпейтін. Бәрі де оның кеуде атты сыр сандығынан асып, төгіліп жатқандай көрінетін. Мен Табылдыдай дос тапқаныма қуанатынмын. Оны әрдайым рухани тұрғыда арқа тұтып, мәдени орталарда, зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиындарда айтып та жүретінмін.
«Осы жұрт біле ме екен, Досымовты?» деген ойға жиі қалатынмын. Ақыры осы өлеңім жазылды. Бір кездескенде өзіне арнаған жүрекжарды жырымды ыстық ықыласпен оқып бердім.
О дүниеде даңғаза дүрмегің де,
Қажет емес жайлы өмір сүргенің де.
Ақын деген жүрегі нәзік халық,
Бағалайық жер басып жүргенінде!- деп тақпақтай жөнелгенім сол еді, «жетер» дегендей оң қолын көтерді. Сосын «Биаға, осыны түсінетін біреу бар ма екен?» деп басын шайқап, терең күрсінді. Сол іс-қимылымен ол біраз жайттарды аңғартқан еді.
Қайран дос, екеуміздің ертеңгі күнге құрған жоспарларымыз көп еді. 2009 жылы інім Еркін екеуміз Қытайдың Үрімжі қаласында іссапарда болдық. Елден шеттеу жүрген қандастарымызға сыйлық ретінде Табылдың әндері жазылған үш-төрт дискі ала барғанбыз. Келесі күні Құлжадан, Шәуешектен атақты әншілер, термешілер қатысқан үлкен концерт ұйымдастырылды. Өз Қазақстанының әр қадамына қуана қол соғып отыратын қандастарымыз, әсіресе орта буын өкілдері, біздің қолымыздан диск алып тұрып: «Біз Табылдының әндерімен өстік қой» деп шеттерінен ақтарылып, ыстық ықыластарын білдірген болатын. Тіпті «Табылды Досымов ағамызды алып келіңізші, бетпе-бет жүздесейік, әндерін өз орындауында тыңдап, құлақ құрышымызды қандырайық» деген өтініштерін де жасырмаған.
Елге оралып, осындай жағымды жаңалықты баяндағанымда «міндетті түрде барамыз» деп бір-ақ кесіп еді. Бірақ қатал тағдыр біздің бұл тамаша ойымызды жүзеге асыртпады. Тірі адамның күнделікті күйбеңі біткен бе? Әне-міне деп жүргенде суық хабар санамызды тіліп өтті.
Қазақтың талай асыл перзенттері – дарынды композиторлары мен жалынды ақындары өмірден өткен соң, олардың артында қалған мұралары ұмыт қалып, есімдері тарихтың шаң басқан беттерінде көмескі тартып жататыны ащы да болса шындық. Осындай жағдай Табылды Досымовтың да басынан өтпесін деген ой менің де, жолдастарымның да көкейінде жүрген еді. Сол себепті біз Тәкеңнің есімін халық жадында жаңғыртып, оның рухани мұрасын жүйелі түрде жинақтап, келешек ұрпаққа жеткізетін нақты бір құрылым қажет екенін ұқтық. Осылайша 2012 жылы Табылды Досымов атындағы қор құру туралы шешім қабылдадық.
Шыны керек, сырт көзге мұндай қор құру оңай көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында қаншама жүйелі жұмыс жүрді. Құжаттарын дайындау, заңды тіркеу, мақсат-міндетін нақтылау – мұның бәрі қажыр мен табандылықты қажет етті. Дегенмен сыннан қаймықпай, күмәннан жасқанбай, рухани аманатқа адал болуға бекініп, сол уақыттан бері табандылықпен еңбек етіп келеміз. Қиындығына қарамастан, тәуекел етіп, сол қордың жүгін иығыма арттым.
– Табылды мұрасын насихаттау – ұлттық рухты жаңғырту деген сөз. Осы тұрғыда қор қандай мақсат-міндеттерді жүзеге асырып отыр? Қандай жобалар қолға алынды, нәтижелері қандай?
–Табылды Досымов атындағы республикалық қор бүгінде үлкен миссияны арқалап келеді. Ол құрылған күннен бастап, туған топырағы Атырауда ғана емес, еліміздің өзге де ірі қалаларында – Астана, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау сынды орталықтарда жоғары деңгейде шығармашылық кештер ұйымдастырылды. Келген жұртшылықтың қарасы мол болды. Көрермендердің шынайы ықыласы Табылдың рухын тірілткендей әсер берді.
Оның әндерін шеттегі қандастар да сағына тыңдайды екен. Бұл сөзімізге Қытай Халық Республикасының үш ірі қаласында, Ресейдің астанасы Мәскеуде, Түркияда және Моңғолияның Баян-Өлгей өңірінде өткен шығармашылық кештер дәлел. Әсіресе, Моңғолия жеріндегі қазақтар жыр кешін сағынышпен қарсы алып, Табылды әндері арқылы Атамекенге деген сағынышын басып, көздеріне жас алған сәттер куәгерлердің жадында мәңгіге сақталды. Қордың мұрындық болуымен өткен «Мен – қазақпын» атты кеш ерекше рухани әсер қалдырды. Анкара қаласында Түрксой ұйымының шақыртуымен өткен шығармашылық кеші де халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараға айналды.
Табылдының 50 жылдығы да үлкен форматта аталып өтті. Өзі оқыған білімнің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында өткен кеш нағыз рухани басқосу болды. Университеттің Ө.Жолдасбеков атындағы концерт залында 3000-ға жуық көрермен жиналды. Сол кеште елге танымал өнер иелері, зиялы қауым өкілдері Табылға деген шынайы ықыластарын білдірді. Естелік айтып, арнау өлең оқып, оның әндерін шырқап, сағынышпен еске алды.
Тағы бір маңызды дүние – Табылды әндерінің нотаға түсірілуі. Бұл – ән өнері үшін үлкен жетістік. Осы орайда «Самала саздар сағымы» атты көлемді ноталар жинағы жарық көрді. Өнер байқауларына қатысатын жастар Табылды әнін үйренуге ынталы. Алайда әндерді кәсіби деңгейде меңгеру үшін ноталық нұсқалар қажет екені анық. Бұл жинақ сол сұранысты өтеуге арналған. Оған қоса бұл музыка мектептері мен колледждерге, жалпы ән өнерін қадірлейтін қауымға таптырмас құрал болды.
Сондай-ақ оның шығармашылығына арналған деректі фильм түсірілді. Бұл еңбекте ақынның өмір жолы, оның азаматтық келбеті, өлеңдері мен әндері, естеліктері кеңінен қамтылған.
Мәңгілік сағынышқа айналған досым туған топырағы Индерге ескерткіш болып қайта оралды. Халық жүрегінен орын алған тұлғаның ұрпақтар жадында сақталатын мәңгілік белгісінің бой көтеруіне мұрындық болған барша ел азаматтарына республикалық қор атынан ризашылығымды білдіремін!
– Биыл – Табылды Досымовтың 60 жылдығы. Бұл – қазақ руханияты үшін айрықша мәнге ие дата. Осы атаулы датаға орай қандай ірі жобалар, шаралар жоспарланып отыр? Қандай тың идеялар бар?
Алда тұрған маңызды жоспарлардың қатарында Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы, сондай-ақ Түркияның Стамбул қаласында шығармашылық кештер өткізу көзделіп отыр. Табылды – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған сөз өнерінің де саңлағы. Сол себепті де алдағы күз айында Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағында, сондай-ақ Астана қаласында шығармашылық кештерін жоғары деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Бүгінгі буын Табылдыны тыңдаса, ертеңгі ұрпақ оны көруі, сезінуі, түсінуі керек. Сол үшін Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған музей ашу – уақыт талабы. Бұл музейде оның жеке мұралары, қолжазбалары, музыкалық аспаптары, бейнежазбалар мен фотоальбомдары, дос-жаран, әріптестерінің естеліктері, өмір жолынан сыр шертетін құнды дүниелер жинақталуы тиіс.
Оның есімі еліміздегі бірқатар көшеге берілуге әбден лайықты. Сонымен қатар ол туралы толықметражды көркем фильм түсіру – оның адами және шығармашылық болмысын кеңінен таныту үшін қажет. Табылдының жарқын бейнесін, өлмес өнерін ұлықтау жолында жаңа ауқымды істер жалғасын таба бермек. Бұл – бүгінгі күннің парызы ғана емес, ертеңгі ұрпақ алдындағы аманат.
– Осындай ауқымды іс-шараларды өткізу үшін, әрине, қаржы, қолдау қажет. Бұл бағытта қандай жолдарды қарастырып жүрсіздер? Жеке демеушілер, меценаттар бар ма? Мемлекеттік деңгейде қолдау табыла ма?
–Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек.
Жылқыда да жылқы бар,
Қазанаты бір бөлек,- демекші, бекзада болмысты, мәрттігі мол үлкен жүректі азаматтар болады. Олардың бірі де, бірегейі, қоғам қайраткері, ғалым, меценат, «Атамұра» корпорациясының президенті Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы деп айтар едім. Қайраткерлігі мен қарапайымдылығы үйлескен жігіт ағасы содан бері ақынның барлық кештеріне, іс-шараларына тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келеді. Марқұмның отбасына да жәрдем беріп, жақсылығын жария етпей жасап жүр. Оның мырзалығына, ұлтқа жанашыр игі істеріне елі куә.
Ол 2013 жылы «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты ғұмырнамалық кітаптың 2000 данамен жарық көруіне үлкен қолдау білдірді. Арада он жыл өткен соң, аталған кітаптың жаңа дизайнда дайындалған 1000 данасын баспадан қайта шығарып, екінші мәрте өткізілген «Сәйгүлік» байқауында көпшілікке ұсынған еді.
«Қыран жігіт асырар елдің даңқын» демекші, өзге де өнерге жанашыр, елжанды азаматтар барда (атын атамауды жөн көреді) Табылды сынды таланттардың есімдері мәңгі өшпейтіні анық.
– Табылдының шығармашылығы – ұрпаққа рухани бағдар болар мәңгілік мұра. Бүгінде оның ізін жалғап жүрген жас дарындар бар ма?
–Табылдының әндері бүгінде қазақ қоғамының рухани кеңістігінде терең орнығып, халықтық сипат алып отыр. Оны тек үлкен сахналардан ғана емес, теледидар мен радиодан, түрлі мәдени шаралардан, тіпті халықтық думандардан – тойлар мен бәйгелерден де жиі естуге болады.
Оны тыңдайтын, оны түсініп, әндерін жүрекпен орындайтын, тек шырқап қана қоймай, ішкі мағынасына терең үңіліп, шынайы сезіммен жеткізе білетін жастардың көбейіп келе жатқаны – өміршең өнердің нақты көрсеткіші. Осы бір рухани бағытты жүйелі арнаға бұрып, жас таланттарға жол ашу мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан «Сәйгүлік» республикалық байқауы – Табылды өнерінің үлкен мектебіне айналды. Бүгінде үш рет өткізілген бұл байқау алғаш рет бастау алған күннен бастап-ақ ел ішіндегі талантты жастардың көзін ашып, өнер көгінде қалықтауға мүмкіндік берді. Әр жыл сайын жаңа есімдер танылып, сахна төрінен көрінетін болды. Бұл жастар – Табылды мектебінің шәкірттері ғана емес, оның шығармашылық жолын, рухани ұстанымын жалғастырушы ұрпақ.
– Жалпы, бард өнері бүгінде қай деңгейде деп ойлайсыз? Бұл бағытта насихат жұмыстары жеткілікті ме, әлде арнайы қолдау тетіктері қажет пе?
– Бард ұғымы Еуропа мен Ресейден келгенімен, оның терең мазмұны – қазақтың жыраулық дәстүрімен сабақтасып жатыр. Кеңес дәуірінен бері бардтық поэзияның озық үлгілерін Владимир Высоцкий, Булат Окуджава сынды тұлғалар қалыптастырса, қазақ даласында бұл үрдіс Табылды Досымов арқылы өзіндік сипат алды. Табылдының өзі де Высоцкийден әсерленіп, ұлттық сарын мен азаматтық үнді үндестіріп, өзгеше стиль қалыптастырды.
Бүгінде елімізде бард өнеріне арнайы бағытталған кәсіби білім ордалары, оқыту әдістемесі жоқтың қасы. Бұл – бард жанрының қоғамда кең танылуына, кәсіби деңгейде дамуына кедергі болып отырған өзекті мәселе. Осы орайда Табылдының шығармашылығын негізге ала отырып, бард поэзиясын оқытатын арнайы бағыттар ашу – уақыт талабы.
Бүгінде бард жанрына бет бұрып, Табылдының салған жолымен жүріп келе жатқан жас таланттар бар. Олар да өздері сөз жазып, әуен жазып, жүрекпен орындайды. Оның ішінде Қуаныш Мақсотов сияқты белгілі азаматтар бар. Бұрынғы айтыскер қазір өзін бард өнерінің насихаттаушысы ретінде танытып жүр.
Шығармашылығын насихаттау бағытындағы байқаулар мен конкурстарда біз әрдайым бір ғана талап қоямыз: ән оның түпнұсқа қалпында орындалуы керек. Әуенін бұзбай, сөзін өзгертпей, тек қана гитарамен шырқалуы – осы өнердің дара сипатын сақтау жолындағы маңызды қағида.
Өнер өздігінен өмір сүрмейді. Ол орта мен қоғамның ықпалымен өсіп-өркендейді. Мәдениетке, өнерге, әсіресе осындай терең мазмұнды бағыттарға көңіл бөліп, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету – ұлттық рухани жаңғырудың алғы шарты.
– Табылдының, тұтастай алғанда халықтың рухани қазынасын қадірлеу жолындағы өлшеусіз еңбегіңіз көпке үлгі. Ізгі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!
– Рахмет, айналайын!
Сұхбаттасқан Еркеназ ҚАЛИЖАН