Жарнама
Ғибрат

Қарабауда Мыңбай батырдың есімі дәріптелді

Ел тәуелсіздігі орныққаннан бастап, өз дәуірінде азаттық жолында қолына қару алып, артындағы халқын жауға қарсы үндеген жүректі батырларымызды іздеп табу, олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау қанат жайып келеді. Облыс көлеміндегі Исатай мен Махамбет батырлар жатқан орындарға кесенелердің салынуы – бабалардың ұлт үшін жасаған ерліктеріне көрсетілген құрметтің белгісі. Мұны жас ұрпақтың ұлылар алдындағы перзенттік парызы деп ұғынуға болады.

Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрескен даңқты қолбасшы Сырым Датұлы бастаған көтерілісте ерлігімен артына із қалдырған тұлғалардың бірі – Мыңбай Құлғараұлы. Қарабау ауылының тұсында батыр бабаның есімін кейінгі ұрпаққа жалғауды мақсат тұтқан азаматтар мен ұрпақтары кесене тұрғызып, өткен сенбіде соның ашылу рәсімінде бас қосты.

Алдымен елдің әр облысынан келген қонақтар жиналған соң облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысқанұлы батыр рухына дұға бағыштады. Кесененің ашылу шарасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар батырдың өмірі туралы баяндап, шежіре мен мұрағат деректеріне шолу жасады.

Содан соң Қазақстанның өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкері, ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Атырау облысының Құрметті азаматы Балтабек Қуандықов, Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев, Маңғыстау облысы делегациясының басшысы Абдурахим Қалимовтер сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды.

Батыр туралы деректерді Ресей архивтерінен іздеп тауып, өлшеусіз үлес қосып, батыр кесенесін салуға зор еңбек сіңірген азаматтарға Қазақстанның Құрметті автокөлікшісі Бағыт Меңдешов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Атырау облысының Құрметті азаматтары Нұрпейіс Мақашев пен Ұзаққали Елеубаевтар арнайы марапат тапсырды.

Ұйымдастырушылар батыр кесенесінің ашылуына белсенді үлес қосып, бәйгеге автокөлік сыйлаған «Мактуб» қайырымдылық қорының негізін қалаушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Ерлан және Әсет Исекешовтерге зор ризашылығын білдірді.

Батырдың рухына арналған басқосу халық композиторы Есбай Балұстаұлының күйлерін орындаушылардың дала фестиваліне ұласып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Оған қатысқан батыс өңірдегі төрт облыстың белгілі күйшілері күмбір күйді нақышына келтіріп орындады.

Батырдың есімін ұлығылауға арналған жиында «Өгіз палуан» жүлдесі сарапқа салынып, аламан бәйгенің жүйріктері анықталды.

Қазақ күресінен 70 келі салмақ дәрежесінде 13 палуан күш сынасты. Тартысты өткен бәсекеде Нұрболат Ізімғалиев жеңімпаз атанса, Бекарыс Мұратұлы II орынға, Бақытжан Нәрешов III орынға табан тіреді. Сондай-ақ, қызылқоғалық Қолқанат Ізімғалиев пен Әділбек Айтқалиға «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы берілді. Аталған жүлдегерлердің барлығы да қызылқоғалық палуандар.

Бәйгеде 30 шақырымды артқа тастап шашасына шаң жұқтырмай жеткен Батыс Қазақстан облысының Жебе атты жүйрігі мәре сызығын бірінші болып кессе, махамбеттік Бөкен торы аты екінші келді. Жүлделі үшінші орынды құрманғазылық Қозы күрең аты иеленді. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жеңіл автокөлік пен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Қызылқоға ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button