Мемлекет қайраткері ұлықталды
Атырау қаласында қоғам және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Тарих және тұлға: Нұртас Оңдасыновтың қоғамдық және мемлекеттік қызметі» атты конференцияға облыс әкімі Серік Шәпкенов, Астана, Алматы, Қарағанды және Атырау қалаларынан профессор-ғалымдар, тіл мамандары қатысты, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Серік Шәпкенов конференция қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған жеделхатын оқып берді.
– Нұртас Оңдасынов – мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол аса күрделі кезеңде ел басқарып, көптеген игі бастамаға ұйытқы болды. Халқының мүддесін бәрінен биік қойып, экономика, білім, ғылым, мәдениет саласында ауқымды өзгерістер жасады. Нұртас Дәндібайұлы мемлекет басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Ол қазақ қоғамын өркендетіп, ұлтжанды азаматтардың тұтас буынын тәрбиелеуге баса мән берді. Сондай-ақ, Нұртас Оңдасыновтың шығыстану саласына қатысты түсіндірме сөздіктері әлі де талай ұрпақтың кәдесіне жарай беретіні сөзсіз. Оның ғибратты ғұмыры, отаншылдығы мен жұртына деген жанашырлығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, — делінген жеделхатта.
Алқалы жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Хисмет Табылдиев атындағы Атырау өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Нұртас Оңдасыновтың 1955-1962 жылдар аралығында Атырау облысын басқарған еңбек жолын зерттеу кітабының тұсауын кесті.
Нұртас Дәндібайұлы кезінде бір аумақтық басқару құрамында болған Атырау мен Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірдің қазба байлығын барлауға және игерілуіне аса зор үлес қосты.