Жарнама
Ғибрат

Дәрігер Марат Шуақбаевтың әңгімелері

Индер өңірінің перзенті Марат Шуақбаев – ұзақ жылдар бойы адам жанының арашашысы болған білікті дәрігер. Ол қызметтің қарбаласында жүріп, қалам мен қағазын жанына серік еткен. Автор туындылары көңілге жылу, жанға жұбаныш сыйлайтын қарапайым оқиғалармен өріледі. Кейіпкерлері – бізге етене таныс, шынайы болмысты жандар.

Бүгін біз оқырманға оның бір топ әңгімесін ұсынғанды жөн көрдік. Күлдіре отырып ой салатын шағын дүниелер жан дүниені бір сәт серпілтіп, рухани демалыс сыйлайды.

Редакция

«Дәрігер өтірік айтпайды ғой…»

Бала дәрігері болып бір ауылда жиырма бір жылға жуық уақыт жұмыс жасадым. Дәрігерлер арасында «Әр дәрігер өз мамандығының ауруымен ауырады» деген жазылмаған қағида бар. Мысалы, невропатолог жүйке ауруымен, психиатр психикалық бұзылумен, стоматолог тіс ауруымен деген сияқты. Ал мен бала дәрігерімін, немен ауыруым керек?!

Менің бір қызығатын «осал» жерім, әлде жақсы жағым ба, балалармен әңгімелескенді ұнатамын. Өйткені, олар өтірік айтпайды. Қателесуі мүмкін, не ештеңе айтпауы мүмкін, қиялын айтуы мүмкін, бірақ жалған айтпайды. Олар не көргенін, нені армандайтынын айтады.

Бірде балық аулауға барып, екі-үш оқитын баламен әңгімелестім. Ол өзі шала туған бала болатын және омырау сүтінен ерте қалып, жасанды сүтпен қоректенді. Сондықтан аурушаң болды. Қайдан ойыма келгенін білмеймін, төбеден түскендей қылып:

– Осы сен піштірілмепсің ғой!-дедім.

Ол сасқаннан атып тұрып шалбарды іш киімімен бірге сыпырып жіберіп көрсетіп жатыр: – Міне, мен 1 сыныпқа бармай тұрып піштірілдім, мені Жақсығали (хирург) аға пішті,- деп.

– Онда сен мұғалім апайыңа айтпағансың ғой піштірілгеніңді, сынып журналының артындағы денсаулық бетшесінде сенің фамилияң тұсында піштірілмеген деп тұр. Сен апайыңа айт, сені қайта белгілесін,- деп жібердім. Әңгіме басында сұрап алдым ғой апайының кім екенін, әзілдесетін мен шамалас жігіттің әйелі екен.

Үндемей қалып, біраздан соң: – Мен апайға қалай көрсетемін?-дейді пәс дауыспен.

Сен апайға көрсетпе, сыныптастарыңның бір-екеуін әжетханаға ертіп барып, соларға көрсет. Сосын оларды ертіп апайыңа: «Апай, мен піштірілдім, мына екі бала көрді» де,-деп жатырмын.

Бір-екі апта уақыт өтті-ау деймін, көшеде келе жатсам, алдымнан жаңағы баланың мамасы шыға келді. Өзі аңқылдаған, күлегеш апай еді, ертеде әке-шешесімен көрші тұрғанбыз. Мені көрді де қасындағы шарбақтың ағашынан ұстап алып әйдә күлсін кеп, тоқтай алмайды. Менің сәлемімді алуға шамасы жоқ. Арасында: – Тұра тұр, кетпе,- деп алып қайта күледі, менің ойымда ештеңе жоқ, таңырқап қарап тұрмын.

Бір кезде күлкісін әрең тыйып: – Менің баламды қатырып алдапсың ғой,-дейді. Сонда барып есіме сап ете қалды:

– Ойбай, апа, кешіріңіз, ойнап айтып едім,-деп жатырмын.

– Ой, жоқ, ренжігеніміз жоқ, біріншіде біз де сеніп қалдық, оның мұғалім апайына телефон соғуға қалдық. Сонда да қоймай «Марат аға дәрігер ғой, ол өтірік айтпайды» дейді ғой балам. Содан мектепте жұмыс жасайтын бір келінге телефон соғып, сонда ғана санымызды бір соқтық,-дейді.

Аңтарылып қалдым, баланың нәзік көңіліне қаяу түсіргеніме қатты өкіндім. Содан қайтып балаларды алдаған емеспін.

Екі вальс

Бірде 1988 жылы қалада интернатура өтіп жүріп, ауылға келіп, үйде вечер жасадым. Кездескен бір кластасыңа айтып жібересің, сымсыз телефон, келесі күні бəрі естиді. Ол кезде қыздардың көбі күйеуге кеткен, жігіттердің біразы үйленген. Кеште біраз құрдас кластастар жиналды. Бір құрдасымыз əйелімен келді. Өзі тілі ащы, ащы емес-ау, екі сөзінің бірі боғауыз, тіпті «аузына ақ иттер мен көк иттер кіріп шығуға таласып жататын». Бізге, ауылдан шықсақ та, мәдениетті сөйлеуге үйренген, тіпті оғаш көрінді. Үй иесісің, ештеңе айтуға болмайды, қонағың! Шайға азар отырып шықтық. Сыртта би басталды. Бір құрдасым мені шақырып алып, сыбырлап:

– Оны кетірудің жолы оңай,-дейді.

– Иә, қалай?-деймін.

– Əйелін екі рет қатарынан вальске шақырасың, бітті! Əйелін алдына салып алып таяды!

– Қой, ей, шын ба?

– Нанбасаң, əйелімен екі рет биге шық.

Жылыстап барып, музыка қойып отырған балаға (ол кезде ленталы магнитафондар шыға бастаған) ыммен екі вальс қатар жібер дедім.  Бағып тұрдым да, ана кəззап темекі тартуға шетке шыққанда, əйелін биге шақырдым. Бірінші вальс бітіп əйелін орнына апара бергенде екінші вальс басталды. Жөпелдемдетіп қайта биге шақырдым. Көздің қиығымен күйеуіне қарап қоямын, кəззабың үйірін қызғанған кəрі айғырдай би алаңын айналып, осқырынып жүр. Би біткен бойда əйелінің қасына жетіп келді де:

– Үйге кеттік!-деді.

– Ай, құрдас қайда кеттің, ас бар, шай бар?

– Үйде бала жылап жатыр, қатынымды соған апарып тастап келемін.

– Жалғыз келме, сұлу əйеліңді ала кел!

Үн жоқ, тістерін шақыр-шұқыр бір қайрады да, əйелін алдына салып жоқ болды. Сол кеткеннен  келмеді. Келмегені ештеңе емес, келесі жылы басқа ауылға көшіп кетті.

Əй, ауылдың қулары-ай!

Балық арқасын қалай қасиды?

Көршім А. (есімі қысқартылып жазылды) деген бала үнемі көрші М. (есімі қысқартылып жазылды) ағаймен еріп балық аулауға барады. Күздің кезі, Жайықтың бетіне мұз қатып, кісі көтерердей халге жеткен. Екеуі үкі ойып, отыра қалады. Балық жақсы түсіп жатыр, екі-екіден жалтырауықпен аулап отыр, шығарып үлгере алмай жатыр. Əп-сәтте апарған қабы толуға айналады. Бір кезде балықтың қармаққа түсуі саябырсиды.

А. бала отырып: – Аға, осы ғой, мұз қатқан бойда балық жақсы жүреді, сол неге?-дейді.

– Ой, айналайын-ай! Соны да білмейсің бе? Оның мәнісі мынада, қысқа–қысқа қанаттары ғана бар, аяқ-қолы жоқ байғұстар көктем-жаз бойы үсті-басын қаси алмай күзге жетеді. Мұздың жаңа қатқан мезгілінде естері танып, рақаттанып, ауыздарынан сілекейлері ағып, енді ғана арқаларын мұзға қасып жатқанда біз қармақ саламыз. Аңқау байғұстар «ыссылай» жалтырауық қабады ғой,-дейді балық аулап отырған көрші ағасы.

Ой, марқұм-ай, айтқыш еді-ау!

Мұз үстіндегі ит

Бірде балыққа жалғыз кеттім. Күн суық, аяз, жел. Қасыма көршінің иті ере кетті. Оған не бар екенін өзім де білмеймін, ит шикі балықты жемейді ғой. «Боранды күні ит пен бала құтырады» деген осы шығар. Үстімде сарғыш түсті, желден қорғайтын кенеп жадағай бар еді. Үкіні ойып, ыққа қарап отыра қалдым. Еріп келген ит көк мұздың үстін кезіп, иіскелеп жүрген.

Бір мезгілде темекі тұтатайын деп жадағайымның қалтасына қол салсам, мұз болып қатып қалған. «Бұған не болды?» деймін. Су қайдан тиіп қатып қалған? Біраздан кейін ғана түсіндім. Ана ит байғұс жып-жалтыр мұздың үстінде, аяқ көтеріп дәрет сындыратын қылтан жоқ, əрі бері жүгіріп қысылғаннан менің жадағайыма амалдаған ғой! Бір кезде тағы да маған қарай жүгіріп келе жатыр, жеті атасына дейін боқтап, балағаттап: – Тапқан екенсің мұз үстінде тегін туалетті,-деп қуып жібердім!

Аңшы ат

(Жылқышы ағайдың əңгімесінен)

Қыс мезгілі. Екі күн боран соғып, бүгін басылған. Маңайдағы жылқы үйірлерін түгендемек болып, ертелетіп атымды ерттеп алып, өріске шықтым. Мінгенім тор төбел, жүріске шапшаң, ұшқыр, бірақ алысқа жарай бермейді. Қар қалың, омбылап келеміз. Маңайдағы жылқы үйірлері өз өрістерінен ұзаңқыраған екен. Бір кезде астымдағы атым құлағын қайшылап тұра қалды. «Шу, жануар!» деп дауысымды шығара қамшылап жіберіп едім, атымның алдыңғы аяғы астынан лақтай қоян тұра қашты. Атым үркіп кетіп, түсіп қалуға шақ қалдым. Ызам келіп, аттың басын бұра, қоянның артынан салдым келіп.

Тор төбел ұшқыр дедім ғой, айтқанымдай қоянға лезде жетіп алды. Ердің алдына еңкейе сегіз өрме қамшымен тарттым дейсің, тимей қалды, қоян аттың сол жағына өтіп кетті. Қамшыны сол қолға аудара салып тағы тарттым, ой, сайтан-ай, желкесінде көзі бар ма? Қояным бір-ақ ырғып, оң жағыма шықты. Қамшыны ауыстыра салып, тағы ұрдым, қоян қайта сол жағына ырғыды. Əбден тəсілденген пəле сияқты, ұрғызбайды. Қамшыны лезде ауыстырып қарағанымша қояннан көз жазып қалдым! Қайта оралып ізге келдім, ізі бағанағы мен көз жоғалтқан жерден күрт үзілген.

Аспанға ұшты ма, жерге кірді ме, таң болдым?!. Бір кезде көзім атымның басына түсіп кетті, қарасам аттың аузында іздеген қояным тұр. Менің ұра алмағаныма əбден ызаланып өзі тістеп алған! Қайран тор төбелім-ай!

Өгіз шәркей

Ертеректе Кулагинде (Индер ауданының қазіргі Есболында) үш құрдас (олардың кейбіреуінің көзі тірі) тұрыпты. Той-садақаларда бір-бірін қағытып әзілдеп отырады екен.  Содан бір отырыста біреуі отырып әңгіме бастапты:

– Соғыстың кезі, елдің бас көтергендері соғыста, анама болысып қырда сауын сиыр бағамын, бес жастамын. Анам ерте тұрып сиыр сауады, мен көмектесемін. Табын ішінде ала бұқа болды, сүзеген бәле, өлердей қорқамыз. Сиыр сауғанда айыр алып тұрамын. Бірде таңертең ұйқылы-ояу, қолыма айыр алуды ұмытып кетіппін, ала бұқаның қай жағымнан келіп қалғанын білмеймін. Басы байлаулы тұрған сиырға келе артылды, көзсіз пәле. Сиырдың бауырында отырған анамның өзі бір жағына, шелегі бір жаққа ұшты. Мен ашу қысқаннан ба, анамды аяғаннан ба, дереу ұмтылып, ұшып барып ала бұқаны мүйізден ала қақ маңдайдың ортасынан періп келіп жібердім. Ала бұқа басын шайқап-шайқап, теңселіп тұр. Қып-қызыл көздерімен маған қарайды. «Біткен жерім осы екен» деп ойладым, аяқтарыма қорғасын байлап қойғандай қозғала алмаймын. Ала бұқа теңселіп тұрды, тұрды да гүрс етіп құлады, пышаққа да ілінбеді, сеспей қатты. Оны бауыздайтын еркек те жоқ қой,-деді.

Отырыс болып жатқан үйде тым-тырыс тыныштық орнады.  Бес жастағы баланың бес жастағы бұқаны құлатқанына кім сенген?! Айтып отырған үлкен кісі, оны қалай теріске шығарасың? Жөткірініп барып құрдасының бірі:

– Иә, сол жылы мілисалар апайды көпке дейін жауапқа алды ғой,- депті.  Анау беті бүлк етпей: 

–Иә,-дейтін көрінеді.

Сонда екінші айтқыш құрдасы:

– Сол өгіздің терісінен көп шәркей тігілді ғой, терісі де мықты екен! Шәркейдің бірі анау көршімнің шарбағында күні кешеге дейін ілініп тұрды,-депті.

Ақ бөрік

Табиғаттың мінезіне түсініп болмайсың ғой, əсіресе күз бен қыстың, қыс пен көктемнің мезгілдерінде не киім киерге білмейсің. Индердегі гипсті картон шығаратын зауытта жұмыс жасаймын, ауылдан келіп жұмыс жасауға тура келеді.

Көлігімізді арғы бетке қалдырып, мұздан жаяу өтіп жұмысқа келеміз. Менің жұмысым – гипсті картон шығаратын үлкен бөлмеге ауа сорып айдайтын құрылғыны бақылау. Бірде арғы бетке көлікті қалдырып, жұмысқа жаяу жеткенше үсті-басымыз малмандай су болдық.

Ішке келе сала қондырғыны іске қоспас бұрын жанындағы бақылау есігін аштым да су-су болған ондатр бөрігімді ішіне салып қойдым. Ойым – ауа соратын қондырғының ыстық ауасымен бөрікті кептіріп алу. Он бес минуттан кейін-ақ үлкен бөлмедегі жұмысшылар «Не болып кетті?» деп жүгіріп келді. Мен жүгіріп жеттім, бөлменің іші тұманданып кеткен, байқап қарасам ауада қалқып жүрген белгісіз қылшық.

Қайта жүгіріп келіп, қондырғыны сөндіріп, бақылау есігін ашып қарасам, бөркімнің сыртындағы қылшығынан түк жоқ, аппақ терісі ғана қалған. Күліп жатырмыз, менің ішім де удай ашып тұр. Су жаңа бөрік еді ғой! Сонымен кеште үйге аппақ бөрік киіп қайттым.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button