Жарнама
СарапTimeЭкология

Жерасты суы: қандай амал бар?

Жерасты суының деңгейі Атырау қаласының бірнеше ауданында көтеріліп, тұрғындарды алаңдатып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Содан бері жергілікті атқамінерлер мен мамандар оны шешуге байланысты шараларды қолға алғанымен, нәтижесі мардымсыз. Әсіресе дәл бір жыл бұрын Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Жұлдыз» шағынауданында бір үй құлап та қалды. Сонда ғана әкімдіктегілер жедел шараларды іске асыруға мәжбүр болды.

3

Қалалық әкімдіктегі жауапты лауазым иелері жерасты суының көп өнуі және соңғы уақыттағы жауын-шашынның жиі жаууы орталық кәріз жүйесіне қосылмаған шағынаудандарға қиындық туғызып отырғанын айтты. Сондықтан қала бойынша кейбір шағынаудандарға орталық кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталған.

Бүгінде «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2», «Мирас» және Геолог шағынаудандарының жобалық құжаттамаларын мемлекеттік сараптама мақұлдапты. Құрылыс жұмыстарын бастауға қаражат сұрау жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен басқа да шағынаудандарда жалғаспақшы. 12 тұрғын үй алабын қамтитын орталық кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары үш кезеңмен атқарылуы тиіс.

Ал кезінде жерасты суының деңгейін төмендетіп, қаланы жауын-шашын кезінде судан қорғайды делінген Ерік-Мостовой арнасының төңірегіндегі мәселе де әлі күнге дейін шешімін табар емес. Былтыр оны көміп, қайта жаңғырту құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау жоспарланған еді. Сол кезде арна бойымен дренаж, кәріз және жазғы суару жүйелері жүргізіліп, бос аумаққа демалу орындары, велосипед және жүгіру жолдары мен шағын бақ салынатыны айтылды. Оны жобалауға «Redline pro» ЖШС анықталған.

Алайда қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жобалаушы компания өзіне жүктелген міндетті уақытында іске асыра алмағандықтан әкімдік тарапынан келісім-шартты бұзу туралы сотқа арыз берілген. Қазір алғашқы сот отырысы өтіп жатыр. Енді барлық жұмыс сот қорытындысынан соң қайта басталатынға ұқсайды.

Ал жергілікті басшылардың уәдесіне сеніп, тиімді шешім шығатынынан үміттенген мамандар мен тұрғындар үнемі өз пікірін айтып келеді. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

5

Айгүл ДОСҚАЛИЕВА, «Жұлдыз-1» шағынауданының тұрғыны:

«Тапсырма орындала ма?..»

– Пәлен жылдан бері жерасты суының азабын тартып келеміз. Шағынаудан тұрғындарына уақытша көмек болатын әдіс керек емес. Мейлінше ұзақ мерзімге жерасты суының деңгейін төмендететін қондырғы, яғни тік дренаж жүйесі қажет. Ол жүйені облыс әкімі де қолдап, қала әкімдігіне дренаждың осы түрін тездетіп шешуге тапсырма берген болатын. Содан бері жарты жылдай уақыт өтті.

Енді төтенше жағдайда отырған «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындарына осы қыста тағы да инесүзгі әдісін қолдану арқылы көмектеседі деген де әңгімелерді естіп отырмыз. Бағасы қымбат, әрі уақытша көмек болатын инесүзгі әдісінен гөрі құны арзанға шығатын, ұзақ мерзімге көмектесетін тік дренаж жүйесін іске асырса тиімді болады деп есептеймін.

Фархад ҚАБДРАХМАНОВ,

сумен қамтамасыз ету және суды бұру бойынша жобалаушы:

Инесүзгі – уақытша әрекет

– Қаланың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізіп, тал-теректің өліп қалуына душар етіп отырған бірден-бір жайт – жерасты суы деңгейінің көтерілуі. Статистикаға сүйенсек, Атырау қаласында 390 мың адам тұрады. Құрылыс нормаларына сәйкес 390 мың адам орташа есеппен күніне 150-200 литр су пайдаланады екен. Қалада шамамен күніне 60-70 мың тонна су пайдаланылса, сол судың көп бөлігі жер астына кетіп жатыр. Оны «Мирас», Геолог, «Жұлдыз» шағынаудандарында жерасты суының көтерілуінен көріп отырмыз.

Менің ойымша, инесүзгілер арқылы су деңгейін түсіру мүмкін емес. Себебі оның жұмыс жасау принципі белгілі бір жердің су деңгейін уақытша түсіруге арналған, сондықтан аз ғана мөлшерде сора алады. Мына жағдайда өздігінен ағатын кәріз жүйесі ғана жерасты суының деңгейін төмендете алады. Ол пайдалы әрі тиімді жүйе, бағасы да арзан. Мұны су маманы ретінде толықтай айта аламын.

Ал «Атырау облысы Су арнасы» кәсіпорны кәріз жүйесі үшін халықтан ақша алады. Осылайша тұрғындар кәріз жүйесі үшін бір төлем жасаса, вакуум көлігін тағы жалдайды. «Атырау облысы Су арнасы» кәсіпорны тұрғындардан кәріз жүйесі үшін ақша ала тұра, вакуум көліктерінен де белгілі бір мөлшерде ақша алып отыр. Вакуум көліктерінің бағасына бұл да өзіндік әсерін тигізеді. Сөйте тұра кәсіпорын кәріз жүйесін дамытып жатқанын көріп отырмыз ба? Әрине жоқ.

Сонымен қатар өңірде су мамандары жетіспейді немесе мүлдем жоқтың қасы дегенді естиміз. Өйткені оларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Әйтпесе қаланың су мәселесі мен кәріз жүйесін дамытып, реттелуіне атсалысуға дайын мамандар бар.

Тағы бір толғандыратын нәрсе – су тазалау станцияларының жайы. Қателеспесем, біздегі станциялар польшалық технология бойынша жасалған. Оған 40 миллиард теңге шамасында қаражат бөледі. Негізі елде кәріздік лас суды тазалау технологиясы кеңес заманынан бері жасап келеді. Мысал ретінде Астана қаласындағы суды тазалау станциясын айтуға болады. Студент кезімде іс-тәжірибеден өтіп жүргенімізде сол станциялармен танысып, жұмыс жасау принциптерін көрдім. Өте қарапайым әрі қолжетімді.

Соған қарамастан бізде шетелдік технологиялар әкеліп, қыруар қаражат жұмсауға бейім. Алайда одан ахуал жақсарып кете қойған жоқ.

Айгүл ҚҰЛМҰХАНОВА, «Жұлдыз-1» шағынауданының тұрғыны:

«Комиссия әлі келген жоқ…»

– Бәріміз де проблеманың тез шешілгенін күтіп жүрміз. Қаладағы көпқабатты пәтерден жекеменшік үйге көшкенде бау-бақша егіп, оңаша жерде немерелерімізді бағамыз деп келген едік. Қазір бақшаның бәрі қурап, есіл еңбегіміз далаға кетті.  Енді дренаж жасалып, кәріз жүйесі жүргізіледі деп күтіп отырмыз. Арманымыз іске асады деген үмітіміз зор.

Бұл үйді енді сата да алмаймыз, мынадай жағдайда өте қоюы да екіталай. Жасымыз болса ұлғайып келеді. Жолдасымның мүгедектігі бар. Жаңадан үй салуға да шамамыз жетпейді. Комиссия келіп қарайды дегенімен әлі күнге ешкім келген жоқ. Алдағы уақытта қалыпты, уайымсыз өмір сүруге жағдай жасалса екен…

Едіге САБУРОВ, гидрогеолог:

«Дренаж елу жыл жұмыс істейді»

– Бүгінде жерасты суының деңгейін түсіретін бірден-бір амал – дренаж. Ол жерасты суын әртүрлі тәсілмен қайта әсері болмайтын қашықтыққа аластату деген сөз. Дренаждың көптеген амал-тәсілі бар. Солардың бірі – тік дренаж. Оған жерасты суын құдықтан, шұңқырдан, ұңғымадан, т.б. жерасты суының қабатынан су өндіру амалдары жатады.

«Жұлдыз» шағынауданының тұрғындарына тік дренаждың инесүзгі қондырғылары жақсы таныс. Инесүзгі қондырғылары жылдам орнатылады және шағын аумақтағы жерасты суының деңгейін тез төмендетеді. Негізінен құрылыс жұмыстары кезінде тиімді.

Ал басты кемшілігі – оның қызметінің қымбаттығы. Соған байланысты ол қысқа мерзімде ғана қолданылады. Әлеуметтік желідегі хабарландыруға қарасақ 50-100 инеден тұратын инесүзгінің бір сағаттық жалдау құны 5 мың теңгеден басталады. Атырауда мұндай қондырғы 100-ден астам инемен жұмыс істеу керек екенін де ескеру керек.

Бірнеше жылдан бері жерасты суының деңгейін түсіру бағытында жұмыстанып жүргендіктен «Жұлдыз» шағынауданына өзіміз жасақтап, тәжірибеден өткізген тік дренаж жүйесін орнату туралы пікірімді ұсынып отырмын. 13 ұңғымадан тұратын аталған жүйе «Мирас» шағынауданындағы Ш.Қаржауов көшесінде былтыр көктемде тиімділігін көрсетті. Бұл жүйе түгелдей пластмасса өнімдерінен тұратындықтан 50 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істейді.

Қай дренаж болса да, ол жерасты суының деңгейі көтерілуінің алдын алғанда ғана жақсы нәтиже береді. Осыған байланысты, биыл қыс пен көктемде жерасты суының бұрынғы жылдағыдай көтерілу мүмкіндігін ескере отырып, жергілікті басшылар дренаж жұмысын қолға алса құба-құп болар еді.

Тобықтай түйін

Мамандар мен тұрғындар өткен жылдардағыдай қолайсыз жағдай қайталанбас үшін оң шешім қабылданып, мәселенің алдын алу жұмыстары жүйелі әрі ыждағатты түрде қолға алынғанын қалайды. Жерасты суының деңгейін төмендетуде инесүзгінің тиімділігі жөніндегі пікірлері де ортақ екенін байқадық. Қала әкімі Шәкір Кейкиннің тік дренаж жүйесін іске қосуға тапсырма бергені, оны қалалық мәслихат депутаттары да қолдайтыны айтылды. Сол себепті бұл тақырыпты үнемі қадағалап отырмақпыз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button