Жарнама
ЭкологияҚоғам

Жем – Жылыойдың жауһары

Ежелден Жылыойдың іргелес Шоқпартоғай мен Тұрғызба тұрғындары тату-тәтті тірлік кешіп жатқан еді. Бүгінде адамы аралас, малы қоралас қос ауылдың арасына сызат түсті. Мұның себебі неде?

Бәріне бөгет кінәлі ме?

Орталығы Шоқпартоғай елді мекені болып табылатын Қараарна селолық округінде төрт түлік көбірек бағылады. Кеңестік кезде-ақ осындағы «Қазақстан» кеңшары өңірдегі озық шаруашылық саналатын. Талай тың бастамалар осында өріс алған-ды. Қазір де мұндағы фермерлер мыңғыртып мал ұстап отыр. Алайда, бүгінде Ботайкөл, Сайманкөл, Сырымкөл, Қоскөл каналдарындағы аз ғана су күзге жетпей қалып жүрген сыңайлы. Ал, топырлаған тұяқтының шөлін қандыратын Ащысай, Қарасу, Майкөл, Борпылдақты, Құлжан көлшіктері мүлдем құрғапты. Ылғал Бимырза, Қарашағыл, Бақшакөл, Құспан, Қарашакөл тәрізді орындарда да мардымсыз көрінеді. Әсіресе, соңғы үш жылда Жемнің тасымауы салдарынан дабыл қағарлық жағдай қалыптасқан. Атап айтарлығы – жоғарыдағы су көздерінің бәрі өзен бойында емес, одан біраз жырақтау орналасқан. Бірі тас лақтырым, екіншісі атшаптырым қашықта.

Міне, осындай ахуал шоқ-партоғайлықтарды көктемде Жемді жолдан бөгеп, осы өзекшелер мен көлшіктерге аз-кем су шығарып алуға мәжбүр етеді. Бұл – бүгін ғана қалыптасқан көрініс емес, бұрыннан бар дағды. Кеңестік кезден бері жоғарыдан жететін мол ылғалды аудан басшылығы осылай шаруашылықтарға тең бөліп беретін. Сонда да өзеннің төменгі жағындағылар реніш білдіріп жататын. Өздерін үлестен құр қалғандай көретін. Бірақ, түбінде бәріне де жететін. Берісі он шақты күнге, әрісі бірер аптаға салынатын бөгетке ешкім де ештеңе демейтін.

Енді Жем жұтаң тартып, суы сарқылғанда тұрғызбалықтар мұндай құрылыстың заңсыздығын айтады. Бұлар көршілеріне қарағанда өзенге жақынырақ қоныстанған. Сонау уақытта сараңдық танытпай, сабырлылық көрсететін. Қазіргі жағдай басқаша. Бұрынғыдай толқыны жағаны ұрып, жоғарыдан келетін мол су жоқ. Жылымшылап қана аққан ылғал төменге жетпей жатады. Кеңестік кезде мұнда «Ембі» кеңшары құрылған-ды. Бұлар да мал баққан. Мемлекет марапатын алған майталмандары да жеткілікті. Атакәсіпті тастамай, төрт түлікпен тіршілігін жалғастырғандар әлі бар. Демек, Жем селолық округінің малбегілері де көктемгі тасқынға үкілі үмітін артып отыр.

Әйтсе де, бәріне тек осы бөгет қана кінәлі ме? Рас, оның стихиялы түрде, бұрынғы әдетпен салынғанын жоққа шығаруға болмас. Бірақ, шөліркеген шоқпартоғайлықтар қайтеді? Төрт түліктің қажетін қалай өтейді? Сондықтан, мәселе – бірер аптаға ғана тұрғызылған бөгетте емес, жоғарыдан жететін суда. Дәлірек айтқанда, соны тиімді тұтынуда. Алдыңғы жылы ауданға келген ақтөбеліктер Жылыойдың жайқалған жайлауын көріп, «оу, сіздерде шөп көп қой» деп таң қалысыпты. Әрине, болғаны жақсы. Бірақ, ен далаға жөнсіз жайылған судың дені құр жерге ғана сіңеді. Ал, жоғарыда ол арнасымен ағады. Тек тасыған жылдары ғана одан асады. Ендеше, бізде де реттеуге болмас па? Өз территориямыздағы өзен бойы шұрқ тесік екенін мамандар айтып жүр. Содан жылымшылап жол салған су жан-жағына жайылып жатыр. Бұл ұқыптылық па? Әлде даңғайыр даланы суарып, осылай болғаны жөн бе?

Қайткенде де, қайталап айтқанда, көрші ауылдарды араздастырып отырған жәй — бірер апталық бөгет емес, аз суды барынша тиімді тұтыну. Бірде жетер, бірде жетпес – бірақ, елді мекендер еншісіз қалмайды. Әрине, тұрғызбалықтар да.  

Қаздар қайта қонар ма Қарашаға?

Осы округке қарасты Қараша көлі кезінде көлемі әжептәуір айдын болатын. Ағын сумен бірге жете ме екен, балығы да мол еді. Біреулер ертеректе жайын ұстағанын да айтады. Ал, оның бер жағында сазаны арылмайтын. Соңғы уақытқа дейін ұсақ шабақтарды тормен ұстап, сол маңдағы үлкенді-кіші мәз.

Ең бастысы – қанатын кең жайып, қалқып келіп қаздар қонатын. Арғы жылдары бірер мәрте аққулар да қонақтаған көрінеді. Дегенмен, тобымен қаздар жүзіп жүргенде шағын ауылдың да сәні кіріп қалатын. Әумесер біреу болмаса, жағадағы жұрт мылтық та кеземейтін. Осы көлде шөлін қандырып, әбден демалған соң көк құстары сапарын әрі қарай жалғастыратын. Қонақжайлық танытқан елді мекен тұрғындарына айтқан алғысы ма екен, біразға дейін қиқулаған дауысы естіліп тұратын.

Жем округінің жұрты негізінен өзен бойын жағалай қоныстанған. Әріректегі ауылдардың тұсында да шағын көлшіктер мен өзекшелер бар. Демек, Шоқпартоғай тұрғындарына қарағанда мүлдем сусыз емес. Салыстырмалы түрде таразылағанда, ахуалдары аз-кем тәуір. Әйтсе де, тұрғызбалықтардың реніші – көршілерінің Жемнің жоғары жағына бөгет тұрғызуы. Рас, ол – заңсыз құрылыс. Әкімдікпен ақылдаспаған, құзырлы орындардан рұқсат алынбаған, өз еріктерімен атқарылған шаруа. Сонау жылдардағыдай мол су болса, оны 10-15 күнге басқа бағытқа бұруға қарсы да емес еді. Енді бір ұрттам ылғал ат басындай алтынға баланып тұрғанда соның жолына телмірген жұрт бұрынғыдай мырзалық танытпай тұр. Естуімізше, іс насырға шауып, құқық қорғау органдарына шағым да түсіп үлгерген тәрізді.

Расында да, Қараарна селолық округіне қарасты шаруашылықтардың қажеті өтелгенше Тұрғызба, Жаңа Қаратон, Қосшағыл, Қараша мен Қойсары  күте тұрады. Бұлардың бәрі – Жемнің төменгі бойында орналасқан елді мекендер. Мұнда да біраз қожалық бар. Кейбірі мемлекеттен субсидия алып, іргелі істерді тындырып жүр. Демек, қарыздың қайтарымы да болуы шарт. Ал, табиғат сараңдық танытса, жоспарланған жұмыс жүре ме? 

Сонау 1954 жылы осы атауға ие болған Қараарна селолық округі шығысында Жеммен шектеседі. Яғни, табиғи тұрғыда су көзінен бірінші болып нәр алуға мүмкіндігі бар. Бірақ, барлық шаруашылығы соны жағалай қоныстанбаған. Көбі өзенмен жіңішке өзекшелер арқылы байланысады. Олар көктемде азды-көпті толғанымен, жаз ортасында құрғап қалады. Жұрттың жылдамырақ қимылдып, уақытша бөгет тұрғызуға ұмтылуы содан. 

Табиғатқа телмірген тіршілік

Қолға алынған «Ойыл-Жем-Қиыл-Сағыз» жобасы бойынша жазылған ілгергі материалдарда ахуалды айықтырудың бір жолы табиғаттың мырзалық танытуы екендігін жазғанбыз. Қоңырау шалғанымызда Жылыой ауданының әкімі Халел Жамауов биыл өзен өзекті талдырмауы ықтималдығын айтты. Мұғалжар басында біраз қар бар көрінеді. Алды еріп, көрші облыстың кейбір жерін су басыпты. Бұл, әрине, қуанарлық хабар емес қой, бірақ төменге де жеткілікті ылғал ауысады. Жерлестеріміз судың алды 15-16 сәуірде жетуін күтуде. Іске сәт. Осы молшылықты өзара таласпай, байыппен бөліп алса, жылыойлықтардың жағдайы да жақсарып қалмақ. Шабындық пен жайылымға да су шығар еді. Төрт түлік те мейірі қанып ішеді. Қысқасы, шаруаны шалқытуға ыңғайлы сәт тумақ.

Әйтсе де, аудан фермерлерінің кейбірі шаруашылығын көрші облыстарға орналастыра бастапты. Бұл ретте Ақтөбе жағына көшушілер көбірек тәрізді. Әрине, амалсыздан осындай қадамға барып отыр. Сонау жылы аймаққа белгілі бір шаруагер малын түгелімен сатып, қалаға қоныс аударатынын айтқан-ды. Әбден шаршағанына шағымданған. Алдындағы төрт түліктің өнімі оның өзіндік құнын да ақтамайтын көрінеді. Әйтпегенде, ше? Шабындық шөліркеген, жайылым жұтаң. Мал бағатын орын жоқ. Оның азығын алыстан әкеледі. Пішенді басқадан тасиды. Соның бәрі ұрттам судың жоқтығынан.

Жем, қайткенде де, табиғатқа тәуелді. Сонау уақытта аттылыға өткел бермес арналы да терең болыпты. Жылнамадан суыртпақтап сыр тартсақ, Жылыой жері сыртқа сонау XVII ғасырдан-ақ белгілі екен. Балығы тайдай тулаған өзен, әсіресе, қылышын сүйреткен казактардың назарына ілігіпті. Бұрын жергілікті жұрт Қаңбақтыдан күнделікті балығын ғана ауласа, енді келімсектер оны пайда көзіне айналдырған. Алғашқыда аз ғана қайығымен, санаулы жабдығымен жеткен көпестер кейін көл-көсір табысты көріп, кәсібін кеңейте түскен. Қолдағы деректерге қарағанда, 1901 жылы бес мың шамалы тұрғылықты қазақ кәсіпкерлерге жалданып жұмыс жасаған. Оған да, міне, тура 120 жыл толыпты-ау. Шаруашылықтың шалқығаны соншалық, Еуропа елдеріне Жемнің уылдырығы тасылған. Орыс патшасының дастарханында Жылыойдан жеткізілген бекіре тұрған. Соның бәрі жалған ба? Шежіре солай дейді.

Енді сол шақ қайта орала ма? Міндетті түрде. Он-жиырма жыл ма, әлде тұтас ғасыр керек пе — әйтеуір өзен өз арнасын табады. Бұлақтар да көзін ашады. Қалың қар мен нөсер жаңбыр да жауады. Кең Жылыойдың даңғайыр даласы суға толады. Тек сол тылсым табиғатқа тағылық танытпауымыз керек. Мұндағы болып жатқан қарама-қайшылықтарға адам қолы араласпауы шарт.

 Жылыойда балық шаруашылығы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін жалғасты. Одан әрі судың азайғаны сылтау етілді. Аудан территориясын суландыру мәселесі алға тартылды. Ақыры Каспиймен шектесетін тұсына тосқауыл қойылды. Судың бетін бері бұрып, даңғайыр даланы егіншілікке бейімдеді. Мүйізді ірі қара өндірісін өркендету үшін қолдан шөп отырғызылды. Жоңышқа егу кешеге дейін жалғасты. Тек соңғы уақытта ғана су тапшылығынан доғарылды. Әйтпесе, құнарлы мал азығын осында даярлауға мүмкіндік бар еді.

P.S. Сонымен, Жем жөнінде жазылып жатқан сериялы материалдардың бұл жолғы тақырыбына іргелес Шоқпартоғай мен Тұрғызба  тұрғындарының арасындағы кішкене кикілжің себеп болды. Әрине, бас жарылып, қол сынған ештеңесі жоқ. Бір-бірімен құдандалы, ағайын-туыс жандар жарасар-ау. Тек табиғат қашан мырзалық танытады? Биыл судың көп келуі күтілгенімен, келесі жылы сондай молшылық боларына үміт бар ма? Суға талас қайта тумай ма? Төрт түліктің тірлігі тығырыққа тірелгенде тұйықтан шығар жол қайда? Бұл сауалдардың жауабын әзірге ешкім бере алмайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button