Жарнама
Экология

Жем бойы. Сабыр. «Қара алтын»

(тарихи байымдама)

Назарбек ҚОСШИЕВ,

жазушы, деректанушы

2. САБЫР.

Біз бұл байымдаманың тақырыбын әдейі осылай деп қойдық. Ол бекер емес. «Жем бойы» деуіміздің себеп-салдарын қал-қадірінше түсіндірдік. Задында, әрненің өзіндік мән-ұғымынан атам қазақ алыс кетпеген, өзінің әлінше астарлай сөйлеп мәністеп отырған. Әлі де солай. Сөз түсінгенге салиқалы сөз арнайтын ділмәрлардың тұяғы қазір де түбегейлі жоғалған жоқ, қылаң беріп қалады. Сондайда «қан тартады-ау» деп сүйсіне қаласыз!..

Жә, тақырыптағы Сабыр дегенге түсінік!

Бұл – кәдімгі Сабыр Шариповқа қатысты.

Ол – кім өзі? Білеміз бе?..

Әрине, бұрынғы дәуірден қалған көзіқарақты жандар білетін шығар. Ал, соңғы 30 жылдың бедерінде туып, білім құтарғандар Сабыр Шарипов түгілі, Салық Зиманов пен Сафи Өтебаевты шатастырып алмай айтса сүйсінуге болар. Әйтпесе соңғы кезде Абайды ақын ретінде емес, жазушы деп алып қарайтындарды да кездестіріп қалып жүрміз.

Жә, Сабыр деген кім еді, емексітпей, айтайық!..

Ол қазақ емес және туған жерінің де бұл өлкеге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. 1882 жылдың 7 шілдесінде Ресейдің Вятск губерниясындағы Елабуга (Алабұға) оязының (қазір – Татарстанның Агрыз ауданы) Варзи деп аталатын деревнясында кіндігі кесілген оның азан шақырып қойған ныспысы – Мұхаммедсабыр Шарифович Даулетшин (1-сурет). Тағдыр оны он алты жасында өзі туған Алабұғадан қазақ жерінің терістігіндегі Керекуге әкеліпті. Сондағы ауыл шаруашылығы жатақ-мектебін бес жыл оқып тауысқан соң Атбасарға жақын жердегі Баянауыл мектептеріне оқытушы болып жұмысқа тұрады. Не себеп болғанын кім білсін, сосын Ақмола мен Көкшетау ояздарында ағаш шебері, қоймашы, тілмаш, хатшы (писарь) болып жұмыс істеген. Бұл  1904-1916 жылдардың арасы.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде Көкшетауда болып, Ресей жұмысшыларының социал-демократиялық партиясының (РСДРП-РСДЖП) мүшелігіне қабылданыпты. Одан әрі С.Шариповке Көкшетау социал-демократиялық тобының хатшысы ретінде сол өңірдегі жаңа өкіметті құру жауапкершілігі жүктеліп, Сібір мен Түркістан, Көкшетау мен Керекудегі көп жұмысқа білек сыбана кіріскен. 1919 жылы Атбасар ояздық төңкеріс комитетін басқарып, екі жылдан соң Ақмола губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, сосын төраға болып сайланған. Ал, 1924 жылы батыс өлкедегі мұнай өндірісінің жұмысын жүргізуге Орталық Комитеттің өкілі ретінде едел-жедел жөнелтіпті.

Сабыр Шариповтың (Мұхаммедсабыр Шарифұлы Даулетшин) сақталған жалғыз суреті.

Бұл кезде «Эмбанефть» тресінің бас кеңсесі Мәскеуге көшіп кеткен еді. 1920 жылы Мұнайлы соры мен Мақат кәсіпшіліктерінің негізінде құрылған Ембі мұнай кәсіпшіліктері Басқармасы (Управление Эмбинскими нефтяными промыслами) әуелі Гурьев қаласында болғанмен, Жайық-Жем аймағын барлап, игеру үшін орталыққа бір табан жақын болу керек еді. Сөйтіп, 1922 жылы Мәскеуге көшкен Ембі мұнай кәсіпшіліктері «Эмбанефть» мемлекеттік бірлестігі, кейін «Эмбанефть» тресі болып құрылымдық өзгерістерге ұшыраған өндіріс ошағының бас кеңсесінде отырғандар жергілікті жерде де шаруаға бас-көз болып, екі тізгін, бір шылбырды ұстап отыратын шебер ұйымдастырушы қажеттігін түсінеді. Ол кезде трест қарамағында 12 өндіріс орны, 2 дербес кәсіпорын (2-сурет) болса, 21 кеніш жылына 1400 тонна «қара алтын» өндіріп тұрды. Кеніштердегі 3641 ұңғының 1610-ы ғана жұмыс істеуші еді. Алынған май өте сапалы, құрамындағы парафин мен күкірт аз да, майлылығы жоғары. Қорының үштен бірінің тұтқырлығы мол және өндірілуі қиын болғандықтан, мұнай жер қабатына су айдау тәсілі арқылы қысыммен өндірілді.

Азамат соғысының кесірінен 1918 жылғы елдегі мұнай өндіру көлемі бұдан төрт жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда азайып кетті, небәрі 9,7 пайыз. Бұл кезде Жем бойындағы жермай өндіру ісі Колчак пен Денинкин әскері тәрізді әбден титықтап біткен болатын. Жабдықтар тоналып, су толған ұңғыларды мұнайшылар тастап кеткен. Зауыттар жұмысын тоқтатқандықтан, қоймалар мұнайға толып тұрды. Құбырлар да жарамсыз. Өндіріс жұмысына жегілген 600-дей түйе, өгіз және жылқы малы болса, соның 50 шақтысынан басқасы өлген немесе барымташылардың талапайына түскен. Қысқасы, осындай келеңсіздіктердің салдарынан 1920 жылдың соңында Жем бойының жұмысшылары бар болғаны 37400 тонна мұнай алды, бұл – 1914 жылғы алынған май көлемінің 13,7 пайызы ғана. Оның үстіне Баку мен Грозныйдың мұнайынан үміт жоқ, елде отын тапшы, жас мемлекеттің басшылығының жаны мұрнының ұшына келген шақ.

1919 жылғы сәуірде Астраханға жолдаған жеделхатында коммунистер көсемі Владимир Ульянов-Ленин: «…Жайықтың сағасы мен Гурьевті қолымызда ұстауымыз керек, бізге мұнай ауадай қажет» деп көрсетеді. Жаны қысылған Владимир Ильичтің бұлай деуі де бекер емес, өйткені сол кезде бас кеңсесі Қызылқоға кентіндегі Кермеқас Қызыл үйінде отырған Күнбатыс Алашордасының көсемі Жанша Досмұхамедов Үкіметті (земство) Ойылға орналастырып, шаруашылық ісін Халел Досмұхамедовке жүктеп қойды. 1918 жылдың қыркүйегінен 1919 жылдың желтоқсанына дейін небәрі 19 ай – 578 күн өмір сүрген Батыс Алашорда өкіметінің жазбаша рұқсаты болмаса, Мұнайлы соры мен Мақаттан өндірілген мұнайдың бір кеспегін де ағылшындар сыртқа шығара алмай діңкесі құритын. Жайық-Жем аралығындағы кәсіпшіліктердің біртіндеп құлдырап бара жатуының бір себебі де сол болатын.

В.И.Лениннің өзі айрықша мән берген соң бұл өңірге өкіметтің де көзқарасы оңғарылып, «Эмбанефть» тресі құрылды. Гурьевте құрылса да негізгі ошағы Мұнайлы сорында орын тепкен бірлестіктен елдің қазынасына қарқ қыларлық қайыр болмағандықтан кеңсесін Мәскеуге көшіруге мәжбүр болды. 1921 жылдың 1 қазанында Мұнайлыда жұмысын бастаған 17 ұңғыда өндіріс қайтадан жанданады. Үш айдың ішінде алынған жермайдың көлемі 29 мың тоннаға жуықтаған. Бұл қазіргі Доссор болатын. Ол кезде мұнда көз жетер жердің бәрі шылқыған май, ауаның өзінен жермайдың иісі шығып тұратын. Осыдан бастап жұмысшыларға үй салынып, мұнай айдау зауыты іске қосылғанмен іс аса мандымай-ақ қойды.

Мұнайды майлы көлдерден ожаумен қотарып жатқан сол шақта жұмысшылардың қаперінде жермайдан басқа ештеңе жоқ-тұғын. Өйткені ақшаның жоқ кезі, болса да құны кеткен аумалы-төкпелі шақ қой. Тресте жұмыс істейтіндерге ақшаның орнына есептесу үшін несиелік чек (3-сурет) берілген. Сол кездің тілімен айтсақ, оны қарапайым түсінікте «червонец» деп атаған екен. Еңбеккүнге берген осы червонецтің құны да әртүрлі, 1 сомнан – 100 сомға дейінгі аралықта. Бірақ сонда да дүкенде сатып алатын азық-түлік, анда-санда берілетін көйлектік мата, айна-тарақтан басқа өнжеулі дүниенің көзі болмаған.

Сабыр Шариповтың Мұнайлыға келуінің себебі де осы еді. Ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында ол кең ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын қолға алады. Ол үшін орталықтың қолдауымен Каспий маңы ойпатын терең зерттеу үшін 20-жылдардың орта тұсында белгілі геолог Иван Михайлович Губкиннің өзін алдыртады. Геолкомның тапсырмасымен Майкоп пен Кубан, Анапа мен Таман, Апшерон мен Америкадағы мұнай өндірісінен мол тәжірибесі бар ғалымның еңбегі еш кетпей, 20-жылдардың соңына таман Каспий ойпатынан 300-ден астам, ал 1935 жылы 1500-ден астам кен күмбезі анықталды. КСРО Ғылым академиясының 1935 жылы Гурьевте өткен көшпелі сессиясында академик И.Губкиннің өзі сөз сөйлеп, Каспийдің шығыс жағалауындағы мол қазына жатқанын айтады.

Үлкен Ракушадағы мұнай айдау зауыты.

– Егер сол 1500 тұз күмбезінің бестен бірінен ғана мұнай табылса, онда осы өңірден жылына 25 миллион тонна мұнай алуға болады, — дегенде жиынға қатысып отырғандар дуылдата қол соққанымен, көпшілігі мұның ақиқатына күмән келтіргені де рас.

Ал, осының барлығын іске асыруға Сабыр Шарипов ауылдан келген жергілікті қазақтарды жұмылдыра білді. Бүгінде Өтебаевтар, Досмұхамбетовтер, Балғымбаевтар, Шырдабаевтар, Дүтбаевтар тәрізді мұнайшылар әулеттерінің қалыптасуы сол қиын күндердің жемісі болатын.

Әрине, қазір түрлі пікірлер айтылғанымен, еуропалық шонжарлар Леман мен ағайынды Нобельдердің Мақат, Доссор алабындағы еңбегін жоққа шығарған жараспас сірә. Себебі, олар қазақ даласындағы өндіріс ісін жолға қойды, өздері қолына күрек ұстап жүрмесе де, қазақтың жұмысшылар табын қалыптастырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, 1907 жылдан бері сол маңда түртінектеп көп жүрген топографтардың маңдай терінің арқасында Мақатта 1915 жылы алғаш жермай алынғанда, экспедиция мүшелеріне жол көрсетіп жүрген Меңдібай Қожамбетов, Басарбай Сексенбаев, Игілік Байдалиев ныспылы үш қазақты мұнай саласына үлес қоспады деу де жаңсақтық болар еді. Бір қызығы, сол кезде экспедиция оларға әрбір мұнай көзіне 5 сомнан сыйлық берген көрінеді. Төрт мұнай көзін көрсеткен Игілік қарияға 20 сом сыйлық бұйырыпты. Бұл сол кездің бәсімен алғанда 4 тоқтының құны екен.

* * *

Жем бойындағы «қара алтын» қорын молайтуға үлес қосқан Сабыр Шарипов Каспий ойпатындағы жермайды алатын «Эмбанефть» тресі басқармасының орынбасары болған 1928-1932 жылдары трест басшылығын Мәскеуден Гурьев қаласына қайта көшіруге де көп тер төкті. Себебі, «алыстан арбалағанша жақыннан дорбала» дегеннің қадірін жақсы түсінген ол бүкіл жұмыстың тетігін меңгеру үшін басшылықтың да жергілікті жерде болуын қолай көріпті. Бұл жерде ол В.Лениннің «Вся власть Советам!» және И.Сталиннің «Барлық істің тетігін кадр шешеді» деген ұранды сөздерін басшылыққа ала отырып, өз жұмысында шебер пайдалана білген. Соның арқасында 1929 жылы Гурьевке көшірілген трест кеңсесіне жергілікті мамандарды тарту арқылы біраз істі еңсеріп тастағанға ұқсайды.

Бұған қатысты ғаламтор желісінен мұнай кәсіпшіліктерінің басқарушысы Р.Новосильцев, оның орынбасары С.Шарипов және іс басқарушысы М.Меликов қол қойған баянат-деректі де көзіміз шалды.

Атыраулық журналист Лаура Сүлейменованың орыс тілінде жазған көлемді мақаласын оқи отырып, Жем бойы алқабы, Мұнайлы мен Мақатта алғашқы өндіріс басталғанда қазақтар қара жұмыс істеп, күзетшілік пен жүк тасудан әрі аспаса, 20-30-жылдары олар да басшылық лауазымдарға араласа бастағанын аңғарасыз. Мысалы, 1928-1929 жылдары Жем-Жайық басқармасындағы 371 қызметкердің 112-сі (30,1%), 2277 жұмысшының 1041-і (45,8%) жергілікті ұлт өкілі болған. Ал, 1940 жылдары кәсіпшіліктегі қазақтардың кәсіби біліктілігі де артып, саны да көбейе бастапты. Сол кезде «Казахстаннефть» комбинаты деп аталған осы құрылымға қарасты Доссор басқармасындағы 182 стахановшының 152-сі (83,5%), Мақатта 242-сі (91%), Ескенеде 108-і (97%), Қосшағылда 127-сі (88%), Байшонаста 213-і (97%) қазақ екен.

Ал, екінші мүшелге шыққанда қазақтан қатын алып, Қадиша Жүсіпқызы Ғұбайдуллина апамыздың арқасында қыр қазағына бүйрегі бұрған Сабыр Шарифұлы (Мұхаммедсабыр Даулетшин) сол жылдары еңсесін енді көтере бастаған кеңес өкіметіне қазақ ұлтынан мұнай инженерлерін дайындау жөнінде табанды түрде ұсыныс бермегенде, қазіргі ахуалдың қалай болары да беймәлім еді. Әйтпесе сол Мұнайлы соры (Дос-Сор) маңының тектоникасы мен стратиграфиясын зерттеген геологтар Ганс, Келлер, Геминг, бұрғылап қазған инженерлер Ненонен, Линдстрем, Эклунд, Білеулі жерінен тұщы су көзін барлап, ұңғы қазбақ болған геологтар Богданович, Карк, Тихонович, Замятиндердің жеткіншектеріне телміріп отыруымыз да әбден кәдік.

Саналы ғұмырының 20 жылын Жем бойына арнаған Сабыр Шарипов-Даулетшиннің тағдырын терең зерттеп, бұл не істеп жүрген татар екеніне үңілгендер де аз. Ендеше, біле жүріңіз:

– Сабыр Шарипов – 1924 жылы Жем бойындағы мұнай кәсіпшіліктері басқармасының орынбасары-Орталық Комитеттің өкілі болып келіп, Мұнайлы сорында (Дос-Сор) фабрика-зауыт оқуы (училище) мен қазіргі Ақтөбе облысының Темір қаласынан мұнай өнеркәсібі курстарын ашқан, яғни өлкеде орта политехникалық білім берудің негізін қалаған;

– Сабыр Шарипов – 1926 жылы Мұнайлы сорындағы газ бұрқағынан тұтанған өртті сөндіру ісін өзі басқарып, басын қатерге тіккен;

– Сабыр Шарипов – 1929 жылы «Эмбанефть» тресінің Темір ауданындағы терең барлап-бұрғылайтын тұңғыш басқармасына жетекшілік етті;

– Сабыр Шариповтың 1936 жылғы ұсынысының негізінде «Актюбнефть» тресі (қазіргі – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ) құрылды.

Қазақ даласының батыс өлкесіндегі сол кездегі «қара алтын» қорын толыққанды зерттеуге ұйытқы болған, қара жұмыспен арпалыса жүріп «Непті» деген зерттеу кітабын жазған, осы салада Иран мен Алматыны айналып келіп, 1938-1941 жылдар аралығында Құлсары мен Доссордағы терең бұрғылау және «Эмбанефть» тресінің геологиялық барлау мекемелерін басқарған осындай көрнекті қайраткердің «шетелдің тыңшысы» болуы мүмкін бе еді?! Амал не, солай болды, 1941 жылғы 15 мамырда НКВД жендеттері тұтқындап, 15 жылға соттап жіберді.

«Эмбанефть» тресі қызметкерінің есеп айырысу үшін несиелік чегі. 1923 ж.

Бұл – жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстандағы мұнай өндірісінің негізін қалаушылардың біріне тікелей жасалған қастандық, адал пейіліне деген қызғаншақтық болатын!..

Керек десеңіз, сол Шариповтың 1942 жылы түрмеде қайтыс болуы жөніндегі мәлімет те екіұдай жазылған. Бірінде 1942 жылы 25 маусымда жүректің сал болуынан (паралич сердца) Гурьев қаласында дүние салды десе, екіншісінде сол жылдың 17 шілдесінде Мәскеуде қайтыс болды депті. Көңілге медеу болары, КСРО Жоғарғы соты Әскери комитетінің 1958 жылдың 10 сәуіріндегі қаулысымен қылмыстық негізі болмауына байланысты С.Шарипов толықтай ақталып, ісі қысқартылған.

Осындай еңбегін ескеріп, кеңес дәуірінде Гурьев қаласының «Тұрғындар қалашығы» шағынауданындағы бір көшеге Сабыр Шариповтың есімі берілген еді. Өкініштісі, жергілікті атқарушы органдағы шенеуніктердің өлке тарихынан мақұрымдығының кесірінен 2011 жылғы 22 маусымдағы Атырау қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихаттың №4-1-144 шешіміне сәйкес көшені тағы бір қазақтың майдангер-жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әди Шәріпов иеленіп кетті.

Дұрысында, Атырау өлкесін тануда Әди Шәріповтен гөрі, қазақ мұнай-газ өнеркәсібінің жылнамасында қолының таңбасы, табанының ізі қалған аса көрнекті тұлға Сабыр Шариповтың дәргей-дәрежесі де, ролі де басым.

P.S. Қазір мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы қаласында кеуде мүсіні бар және Доссор кентіндегі мектеп-интернат ғана С.Шариповтың есімімен аталады.

Жалғасы бар…

(Сурет ашық дереккөздерден және www.fox-notes.ru сайтынан алынған)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button