Жарнама
Экология

Жасыл желек жайқала ма?

Облыстағы ең өзекті мәселенің бірі – экология. Әсіресе, экология мәселесі көтерілген жиындарда қатысушылар түйткілді проблемалардың шешілу жолдарына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ашық талқылау алаңына айналып жатады.

Облыстық «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы аймақтық экология жөніндегі кеңес мәжілісінде мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған облыстағы ормандарды өсіру мен молайтудың кешенді жоспары аясында орман қоры жерінде 2803 гектарға 7 миллион көшет отырғызу арқылы орман қоры көлемін ұлғайту, 2021-2025 жылдарға облыс бойынша елді мекендерін көгалдандыру мен «жасыл аймақ» құрудың өңірлік жоспарына сәйкес 540 мың ағаш отырғызудың жайы сөз болды. Оған қоса, қаладағы жас өскіннің жай-күйін ақпараттық мониторинг жүйесіне енгізу секілді мәселелердің орындалуы айтылды.

Мәжілісті ашқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы экология жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Кенжеғалиев Президенттің Жолдауда көтерген мәселелеріне тоқталып өтті.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттың қолданыстағы жоспарын қайта қарау қажет болады. Су кодексінің жобасында ауыз сумен жабдықтау, суару мен дренаж туралы, сондай-ақ бөгеттердің қауіпсіздігі туралы бөлімдерін қосу арқылы коммуналдық-тұрмыстық сумен жабдықтауға, суармалы егістікке су пайдалану жөніндегі нормаларды күшейту жоспарлануда. Су саласына жаңа тарифтік саясат енгізу тәсілдерін әзірлеу, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында Ұлттық гидрологиялық қызмет құру ұсынылды. Оның құрамында су саласының жетекші отандық ғылыми мекемелері мен ұйымдары кіреді. Сонымен қатар, кәсіпорындарға экологиялық аудит жүргізуді өңірде бес жылда бір рет жүзеге асыру қажет екені де күн тәртібінен түспейтін мәселелер, – деді кеңес төрағасы.

095ab4ce 0421 4ea0 beb8 9d9b2214006a

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, облыста орман өсіру мен молайтуға арналған кешенді жоспар және орман қоры көлемін ұлғайтуға бағытталған жоспарлар бекітілген.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында республика Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атырау облысында ормандарды өcipy мен молайтуға кешенді, елді мекендерді көгалдандыруға өңірлік жоспарларды бекіткен болатын. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстарды атқару орман шаруашылықтары мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру деңгейіне байланысты екендігі сөзсіз. Бұл үшін әрбір орман шаруашылығы мекемесі үшін алдын-ала межеленген жұмыс көлемі, егілетін учаскелер мен ағаш түрлері нақтыланып бекітілді. Жоспар бойынша орман шаруашылықтарына көктем және күз мезгілдерінде ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде, ал басқа уақытта оларды күтіп баптау, қору, күзету, суару, қоршау, арам шөптен тазарту, тұқымбақтарды өсіру және молықтыру, орманға келушілерді орман өртінен сақтандыру, үгіт-насихат, өзге де қажетті жұмыстармен айналысуда, – деді Нұргүл Сүгірбайқызы.

Басқарма мәліметі бойынша, кешенді жоспар негізінде 2023 жылға орман қоры алқабындағы 573,5 гектар жерге 1439 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған еді. Соған сәйкес көктемде 334,5 гектар жерге 853,9 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Олардың қатарында сексеуіл, үйеңкі, қарағаш, шаған, ырғай (ирга), басқа да тал-терек көшеттері бар.

Өңірлік жоспар бойынша облыста бес жылда 279 гектар аумаққа 540 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген.

Сондай-ақ, облыс орталығында 2019 жылдан бері көгалдандыру жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асып жатқаны белгілі. Оны іске асыру үшін биыл тиісті қаражат бөлінген. 2021-2025 жылдар аралығында қалада жасыл желектің жай-күйін мониторингтеудің ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес «Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен келісім-шарт жасап, Атырау қаласындағы тал-теректерге орман патологиялық зерделеу және түгендеу бойынша далалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта арнайы қағидаға сәйкес жасыл екпелердің тізілімі жасалады.

Жасыл екпелерді паспорттау жұмысын қазан айында толық аяқтап, қалалық әкімдіктің балансына тапсыру жоспарланған. Бұл жұмыстардың қорытындысымен жасыл желектің жай-күйін қадағалайтын мониторингтік-ақпараттық жүйе енгізілмек. Бұл тақырып туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов кеңірек тоқталды.

Мәжілісте сөз алған кеңес мүшелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық ахуалына тікелей байланысты кейбір жұмыстардың көңіл көншітпейтініне тоқталып, мәселенің шешілу жолдары бойынша өз ұсыныстарын айтты. Жауапты мекеме өкілдері ұсыныстар бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілетінін, жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында тұрғанын жеткізді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button