
«Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы басталды
Атырау облысында экологияны жақсарту және жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХХІ маусымы өз жұмысын бастады.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы — жастарды маусымдық жұмыспен қамти отырып, өңірде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізуді, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат ететін жоба.
Биылғы еңбек маусымында 16-35 жас аралығындағы 1000 жас тартылмақ. Жоба облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асырылып отыр.
— Қазір сарбаздарды онлайн тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Квоталар аудан орталықтары берген сандарға сәйкес бөлінетін болады. Бірінші кезекте жұмыссыз жастар мен шалғай ауылдық округтердегі жастарды қамту жоспарланып отыр. Сарбаздардың жалақысы ең төменгі жалақы мөлшері — 85 мың теңгені құрайды. Жұмыс уақытында түрлі экологиялық, мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жеңімпаз жастарға мотивация ретінде түрлі онлайн курстарға сертификаттар мен сыйлықтар табысталатын болады. Жоба аясында өңірде экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында әр ауданда үш ай бойы түрлі шаралар өткізілмек, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының жастарды қолдау және әлеуметтік бастамалар бөлімінің бас маманы Самал Сәтханқызы.
Сонымен қатар жобаның маңызды бөлігі ретінде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылады. Белсенділік танытқан сарбаздар арнайы сыйлықтар мен онлайн курстарға тегін қатысу сертификаттарына ие болады. Бұл — жастардың тек дене еңбегімен ғана емес, ой-өрісін және экологиялық санасын дамытуға арналған бірегей мүмкіндік.
— Қазір жұмысқа орналасқысы келетіндер үшін онлайн тіркеу жүргізілуде. Ол үшін арнайы Google форма әзірленген. Форманың сілтемесі біздің Instagram парақшамызда — @jasylel_atyrau жарияланған. Қажетті ақпаратты толтырған соң, қатысушылар алдын ала тіркеуден өтеді, кейін жауапты үйлестірушілер оларға кезек бойынша хабарласады, — деді «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заманбек Құрақбай.
Айта кетейік, 2023 жылы жобаға 1 756 жас қатысса, 2024 жылы олардың саны 1000-ды құрады. Сол жылы алғаш рет «Жасыл ел» жасақшылары Жылыой ауданындағы құрылыс жұмыстарына тартылған болатын. Ағымдағы маусымда бұл тәжірибе жалғасын табады.
Тоғжан ЕРМЕК