
Жайық суының түсі неге өзгерді?
Апта басында Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдық округінің тұсында Жайық өзені суының жасыл түске боялған бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып, жұртшылықтың назарын аударды. Кадрларда өзен суы кәдімгі бояуға ұқсап, таяққа, киімге жұғып, сумен араласпайтын ерекше затқа айналғанын бейнежазба авторы айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, өзеннің негізгі ағысы қалыпты болғанымен, кей тұстарында кері ағыс пайда болып, жасыл түсті зат сол жерлерде жиналып қалған. Шамамен 100 метрдей жердегі өзен суы біртекті түске боялыпты.

«Балық аулауға болмайды, балықтың да түрі өзгеріп кеткендей. Жасыл түстен кейін қызғылт-жасылға айналып кеткенін көрдім. Бұл не екенін білмейміз, бірақ кәдімгі бояуға ұқсайды. Сумен араласпайды, жуып көрсең де оңайлықпен кетпейді», — деді бейнежазба авторы.
Аталған жағдайға байланысты облыстық экология департаментінің мамандарымен хабарласқанымызда, олар оқиға орнына барып, ауыл тұрғындарымен және Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірге тексеру жүргізгенін айтты. Алдын ала болжам бойынша, судың түсінің өзгеруіне кәдімгі балдырдың гүлдеуі себеп болуы мүмкін.
Департамент өкілдері өзен суынан сынама алып, зертханаға жолдаған. Қорытындысы шыққан соң ресми түрде жарияланатын болды. Айта кету керек, 2023 жылы да дәл осындай жағдай тіркелген. Ол кезде жүргізілген зерттеулер судың құрамында шекті рұқсат етілген нормадан асқан зиянды заттардың анықталмағанын көрсеткен.
Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашев та әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты жағдайды өз көзімен тексергенін айтты.

– Аудан әкімдігінен хабарласып, бейнежазбаны жіберді. Онда өзеннің жап-жасыл болып кеткені көрсетілген екен. Мен дереу Жайықтың жағасын толық аралап шықтым. Ондай жап-жасыл су байқалған жоқ. Түстен кейін де, кешкі уақытта да барып бақыладым. Ауыл тұрғындары да ондай суды көрмегенін айтты, — дейді округ әкімі.
Әкімнің сөзінше, мұндай құбылыстар күннің ыстығы мен салқыны алмасқан маусымда жыл сайын кездесіп тұрады. Ол – балдырдың табиғи жолмен пайда болуына байланысты.
Жайық өзені суының өзгеруіне қатысты алдын ала болжамды пікірлер оның табиғи балдыр гүлдеуінен болғанын меңзейді. Дегенмен, тұрғындар үшін ең бастысы – өзендегі тіршілік иелері мен оның жағалауындағы халыққа зиян келмеуі. Сондықтан көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға нақты жауап зертханалық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Өзеннің бүгінгі жағдайы – қоғамның экологияға деген алаңдаушылығының айқын көрінісі. Өзен суы – өңірдің басты байлығы. Сондықтан табиғи құбылыс па, әлде техногендік фактор ма – қайткен күнде де жауапты органдардың қадағалауы, ашық әрі нақты түсіндіруі аса маңызды.
Алмас ҚАБДОЛ