
Жайылым тапшы. Киік көп.
Қазақстанда табиғат пен ондағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау мәселесі аса өзекті мәселелердің қатарына жататыны белгілі. Осы мақсатта талай проблема көтерілгенімен, тиісті шешімнің дер кезінде қабылданбауы көңілді көншітпей тұр. Елдің батыс өңірінде бұл тақырыпта тағы бір проблема пайда болды, ол – киікке қатысты. Себебі қазір жағдай ушығып тұр.
Бір кездері киіктің саны азайып кеткеніне алаңдаған қыр қазағы енді оның көбейгенінен қауіптеніп отыр. Тірлігі төрт түлікке қараған ел жайылымды киік жайпап кеткесін малын жаппай сатып, кіндік кесіп, кір жуған ауылын тастап көшуге мәжбүр. Нақты дерек – 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 921,7 мың гектар жерді киік таптап тастаған. Оның ішінде егістік алқап та, шабындық пен жайылым да бар. Соның кесірінен былтыр облыстың Бөкей Ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Аталған төрт ауданнан бөлек БҚО-дағы Ақжайық, Тасқала және Бәйтерек аудандары да бүгінде киіктің тұрағына айналған. Ғалымдардың биологиялық негіздемесі бойынша, бұл облыстың аумағына 500 мың бас киік сыйымды екен. Ал 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қосқанда 2,3 миллионнан асқан. Биыл киіктің саны 3 миллионнан асады деген болжам бар.
Әйтсе де киіктің киесін бала кезден білетін халқымыз қару алып, оны қанжоса қылмайтыны анық. Бірақ тірлігі төрт түлікке қараған ағайынның «алдағы жылдары тігерге тұяқ қалмай ма?» деген қаупі бар. Мәселе жалпы болғанмен себеп жалқы, ол – ақбөкеннің саны.
Бір ғажабы, батыстағы киіктің санын реттеуге келгенде жауапты органдар мойынға жауапкершілік алудан жалтарып отырған түрі бар. Тіпті олар қоршау жасап қорғауға да құлықсыз. Киіктің киесі ұрмасын десек, биыл нақты шешім қабылдау қажет, себебі ақбөкен мен адамды жайылымға таластырып тастап кетудің салдары ауыр болуы бек мүмкін.
Осының салдарынан халықтың алдындағы малы қырылып қалмасын деп облыстық бюджетке қол салуға тура келіпті. Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін Батыс Қазақстан облысында жергілікті бюджет есебінен 4,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл – бір реттік шара.
Ал биыл киіктің саны артып, былтыр тұяқкесті болған жердің тақырға айналатынын ескерсек, қожалықтардың шаруасы шатқаяқтап қалмау үшін аталған қаржыны екі еселеуге тура келеді. Бірақ оны облыстың бюджеті көтере алмайтыны анықталған. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші проблема тағы бар – киіктің өлімі көбейген. Былтыр көрші облыста 5598 киік өлексесі табылыпты. Оның 1146-сы аталық, 4452-сі аналық екен. Оған дейінгі жылдардың ақпарын жіліктеп шақсақ, 2022 жылы анықталған 390 төшкенің аталығы – 191, аналығы – 64, төлі – 135 болыпты. Ал 2023 жылы өлген киіктің саны алдыңғы жылғыдан үш жарым есе көп – 1336 төшке (аталық – 663, аналық – 341, төлі – 332). Демек былтыр БҚО-да киіктің өлексесі 2022 жылғыдан 14 еседен астам көбейіпті.
Мұның себебін әркім өзінше түсіндіреді. Алайда көңілге бір қорқыныш кіріп тұр, ветеринариялық қауіпсіздік тұрғысында киіктің саны шектен тыс көбейгендіктен 2010-2011 жылдардағы пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупін мамандар жоққа шығармайды. Одан бөлек, түз тағысы – киіктің үй жануарларымен бірге жайылуынан листериоз, аусыл, бруцеллез секілді аурулар пайда болуы мүмкін дейді мамандар.
Мыңдаған киіктің өлексесі далада түрлі ауруға себеп болмауы үшін мамандар оларды ауылдардағы мал молаларына әкеліп тастаған. Соның кесірінен қазір БҚО-дағы ауыл маңындағы мал молалары толып қалған, киік тұрмақ ауылда өлген малдың өлексесін тастайтын жер жоқ. Амалсыздан өлген киікті де, малды да тұрғындар өртеп жіберетін болған. Сол кезде ауыл маңынан үйітілген еттің иісі біраз уақытқа дейін шығып тұрады екен.
Шынын керек, қазір бұған жергілікті халық ашынып отыр. Ал орталық мемлекеттік органдар проблеманы көрмегендей кейіп танытып, жұртшылықтың жанайқайына құлақ аспай отыр. «Басы ауырмағанның қасында балтырың сыздамасын» деген халық даналығы осындайда айтылса керек.
2023 жылы киік санын реттеуді қолға алған Үкімет жарты жылдан соң ол әрекетін сап тыйған. Қазынаны толтыруға келгенде әр тиынды есептейтін Үкімет тағы да БҚО халқын ақбөкенмен бетпе-бет қалдырып отыр. Керек десеңіз, былтыр мемлекет басшысы қазақ даласының символы саналатын киіктің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салғанына ел куә. Әйтсе де таяқтың екі ұшы болатынын Үкімет пен мемлекеттік ведомство басшылары білсе де білмегендей, көрсе де көрмегендей кейіпте. Расында киіктің киесі барын қазақ жақсы біледі.
Осыған байланысты, республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нартай Сәрсенғалиев, Абзал Құспан, Самат Мусабаев, Айдос Сарым және Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Сауалда депутаттар «қарапайым халықтың шаруасын шашау шығармайтын және ақбөкеннің обалына қалмайтын, ұланғайыр даланы киік үшін оқ пен оттың ортасы қылмайтын ортақ, нақты шешім қабылдау қажет» деп атап көрсетті. Бірнеше ұсынысты да қоса жолдады:
1. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік санын реттеудің тың тәсілін дайындап биыл дереу іске асыруы шарт. Қажет болса қоршау қойып, кісі мен киікті бір алқапқа таластырып тастамаудың амалын жасау қажет;
2. Мемлекеттік органдар БҚО-ындағы киік саны биыл 3 миллионға жетуі мүмкін десе, кей мамандар қазірдің өзінде облыс аумағында 4 миллион киік бар дейді. Санның өзі сан саққа кетіп тұр. Облыстағы киік популяциясын ғылыми зерттеу жұмыстары 2026 жылы басталады деген шешім бар. Бірақ бұл тым кеш, қазір ахуал ушығып тұр. Сондықтан осы ғылыми зерттеу жұмысын биылдан, яғни 2025 жылы бастау керек;
3. CITES (Жабайы фауна мен флораның құрып кету қаупі төнген түрлерімен халықаралық сауда туралы) Конвенциясындағы киік дереваттарының коммерциялық саудасына нөлдік экспорттық квота туралы аннотацияны жою және халықаралық саудаға қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу керек;
4. Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге келтірілген залалды есептеу әдістемесін бекітіп, шаруалардың, мал ұстайтын қарапайым халықтың шығынын дереу өтеудің тәсілін ойлап табуы қажет (мысалы, нормаланған дифференциалды вегетациялық индекс негізінде – Normalized Difference Vegetation Index, NDVI);
5. Киік санын Үкімет реттей алмаса жайылымсыз, шабындықсыз қалған жұртқа жем-шөп тасымалын ұйымдастыруы керек. Себебі мал азығының бағасы өте қымбат;
6. Эпизоотиялық ахуалды ушықтырмау үшін киік өлекселерін жинау және жоюдың ережелерін әзірлеп, стационарлық инсинераторлар орнату қажет. Себебі мал молалары толған. Ал далада киіктің өлексесі көп.
Мәжіліс депутаттарының ұсыныстары орынды, әрине. Алайда оны Үкімет қашан және қаншалықты іске асыратыны белгісіз.
Назарбек ҚОСШИЕВ
Сурет: Ашық дереккөз
БҚО-дағы өлген киік саны
2022 ж. | 2023 ж. | 2024 ж. | |||
Барлығы | 390 өлексе | Барлығы | 1336 өлексе | Барлығы | 5598 өлексе |
оның ішінде | оның ішінде | оның ішінде | |||
Аталық | 191 | Аталық | 663 | аталық | 1146 |
Аналық | 64 | аналық | 341 | аналық | 4452 |
Төлі | 135 | Төлі | 332 | Төлі | — |
2024 жылы төтенше жағдай жарияланған аумақтар: | |
Бөкей Ордасы ауданы | Жәнібек ауданы |
Жаңақала ауданы | Казталов ауданы |
БҚО-дағы киік көп шоғырланған аудандар: | |
Бөкей Ордасы | Жәнібек |
Жаңақала | Казталов |
Ақжайық | Тасқала |
Бәйтерек |