Жарнама
Экология

ЖАЙЫҚ-КАСПИЙ БАССЕЙНІ: БІР МАҚСАТ, ОРТАҚ МҮДДЕ

Қазақстан  бойынша  суға  деген  сұраныстың  жылдам  өсуі  және судың  орнықты  қорларының  азаюы  нәтижесінде  2030 жылға  қарай  14 млрд. м3,  ал, 2050 жылға  қарай 20 млрд. м3   су тапшылығы күтілуде.Ұлттық  қауіпсіздікті  қамтамасыз  ету  және  болашақтағы  су  тапшылығын болдырмау мақсатында  трансшекаралық суларды  бірлесіп  пайдалану  мен  қорғау, жерасты  суларын  кәдеге асыру,  инфрақұрылым салу  мен   жөндеу  бойынша  кешенді  іс-шараларды  іске  асыруды  қамтамасыз  етуіміз  қажет.

Біздегі су  қорының  80 пайызы  көрші  Ресей  Федерациясы  аумағында  жинақталған. Сол себепті де Жайық-Каспий  бассейні  бойынша  су ресурстарымен  қамтамасыз ету  көп  жағдайда  осы көрші елмен  трансшекаралық  су объектілерін  пайдалану  мен  қорғауда   бірлескен   іс-қимылды   талап   етеді. Жалпы, Жайық-Каспий  бассейні  бойынша  Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан  және  Маңғыстау  облыстары аумағында  барлығы 172 өзен-көлдер, топтық  су құбырлары бар. Каспий теңізінің суын есептемегенде, Жайық-Каспий бассейнінің орташа көп жылдық  су қоры  17,37 км3-ге тең. Алайда, бүгінгі күні аталған су қорының  24 пайызын пайдалануға мүмкіндігіміз бар. Қалғаны санитарлық, экологиялық қажеттіліктерді өтеуге, судың булану, жерге сіңу және реттеуге келмейтін ағымдарға жұмсалады.

Жайық-Каспий бассейнінде орналасқан елді мекендер мен экономика салаларын сумен қамтудың өз ерекшелігі бар. Мысалы, жан басына шаққандағы орташа жылдық су пайдалану көрсеткіші дамыған елдерде 7100 м3 болса, бұл көрсеткіш  Жайық-Каспий бассейнінде тұратын  2,5 млн. халықтың жан басына шаққанда 1680 текше метрден келеді. Демек, 4,2 есеге кем. Бұл ең алдымен көптеген елді мекендердің табиғи су көздерінен едәуір қашық жерлерде орналасуымен, су тазарту қондырғылары мен су жеткізу жүйелерінің техникалық жағдайларының нашарлығы және ауыл-село тұрғындарының төлем қабілетінің төмен болуымен түсіндіріледі.

Атырау облысының Махамбет, Исатай, Индер аудандарының көптеген елді мекендеріне су суару-суландыру каналдарымен жеткізілсе, Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарының алыс елді мекендеріне «Қоянды», «Индер-Миялы», «Атырау-Мақат», «Астрахан-Маңғыстау» сияқты топтық су құбырлары арқылы қамтамасыз етілуде.

Жайық-Каспий бассейніндегі сумен ең аз қамтылып отырған – Маңғыстау облысы болып саналады. Себебі, бұл облыс аумағында бірде-бір өзен жоқ. Каспий теңізінің суы ащы, тікелей пайдалануға жарамсыз. Сондықтан, облыс орталығы Ақтау қаласы мен облыс орталығына жақын орналасқан Маңғыстау станциясы, Өмірзақ және Құрық елді мекендері Маңғыстау атом-энергокомбинатының су тұшыту қондырғысының күшімен тұшытылған теңіз суын пайдалануда.

Батыс Қазақстан облысының Жанқала, Жәнібек және Казталов аудандарының 25 селолық елді мекенінде тұратын 59 мың адамның тағдыры Ресей Федерациясы жерінен бастау алатын Қара және Сары өзендер мен Жәнібек суару-суландыру каналдарының сумен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Бұл өзендердің суының соңғы жылдардағы тапшылығына байланысты Ресейдің Саратов және Паласов каналдары арқылы республикалық бюджеттен 1 млрд.теңгеден астам қаржы бөліну арқылы 110 млн.текше метр көлемінде Еділ өзенінің суы жеткізілуде.

Жайық-Каспий бассейнінің Ойыл, Сағыз, Жем сияқты өзендерінің суы ауыз су үшін жарамсыз, әрі жаз ортасында үзіліп қалады. Жер беті және жерасты су көздерінің Жайық-Каспий бассейнінің төменгі ағысында орналасуына байланысты су сапасының нашар екені жасырын емес.

Жайық-Каспий бассейнінде орналасқан елді мекендер мен ауыл шаруашылығы саласын сенімді де жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз ету көп жағдайда Ресей Федерациясы жеріндегі өзендердің жоғарғы ағысында орналасқан ірі су қоймалары мен гидротехникалық  құрылғылардың жұмысына тәуелді. Себебі, Жайық, Қиғаш, Қара және Сары өзендер, Шаған сияқты бассейннің негізгі өзендері трансшекаралық өзендер болып табылады. Осы өзендердің су қорларының көп мөлшері Ресей Федерациясының аумағында жинақталады да, бізге жылына орташа 12,58 км3 көлемінде ағып келеді. Бұл Жайық-Каспий бассейнінің жылдық су қорының 80 пайызына тең.  Осыған байланысты трансшекаралық су объектілерін тиімді пайдалану мен оны қорғау бағытындағы көршілес екі елдің бірлескен жұмысын қажет етеді.

Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясымен Жайық, Қара және Сары өзендер бойынша жұмысшы топтары жұмыс жасайды. Аталған комиссия 1992 жылы құрылған болатын. Бұл –  біріккен комиссияның ХХІ кезекті отырысы. Ең алғаш рет Ресейдің Орынбор өлкесінде бас қосқан сала мамандары осы уақытқа дейін мемлекетаралық деңгейде жылына бір рет ұдайы кездесіп келеді. Атырау жерінде жиын осымен екінші рет өтті. Осыдан тура жиырма жыл бұрын комиссия отырысының Қазақстан тарапындағы алғашқы басқосуы біздің өлкемізде ұйымдастырылған болатын. Басқосуда комиссияның өткен жылғы бекітілген жоспарына сай, Жайық өзені бассейні, Қара және Сары өзендер бассейндері және Қиғаш өзені бассейні  бойынша  құрылған Қазақстан-Ресей жұмыс топтары көктемгі өр суының келуі жайында мағлұматтармен алмасылып, атқарылған жұмыстардың есебі талқыланды. Сонымен қатар, жұмыс топтарында трансшекаралық су объектілерінің, соның ішінде, әсіресе Елек өзенінің сапасын алты валентті хромнан, бордан және Ақтөбе қаласының пайдаланылған коммуналды-тұрмыстық ағынды суларын жақсартуға көп көңіл бөлінгенін айтуымыз керек.

Биыл Жайық өзені бойынша  көктемгі өр суы 6,37 млрд.текше метр  көлемінде болды. Бұл көп жылғы нормадан 10 пайызға жоғары. Сондай-ақ, биылғы өр суының келу мерзімі де жылдағыға қарағанда ұзағырақ, бұл да өз кезегінде су көзінің аз уақытта толығып, кейін ортайып қалмауына септігін тигізгені сөзсіз. Жайық өзенінің суы ауыз су, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жеткенімен, экономиканың басқа салаларына, әсіресе ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы және өнеркәсіп мақсаттары үшін аздық етеді.

Ең үлкен өзеніміз Жайық суының 80 пайызы Ресей жерінен келеді. Соңғы жылдары өзен суының азаюына алаңдаушылық бар екені рас. Бұл – мемлекеттік тұрғыда назар аударылып тұрған өткір тақырыптардың бірі. Жайық өзенінің көп жылдық суының көлемі 9,46 млрд. текше метр болып есептеледі. Соңғы алты-жеті жылда бұл көрсеткіштің көп жылғы нормадан 60-70 пайызға төмендегеніне куә болып отырмыз.

Өзеннің суын көбейту жөнінде Ресей жағы да дәрменсіз. Себебі, Орынбор облысындағы ең үлкен Ирикла су қоймасы Жайық өзенінің жалпы су көлемінің 33 пайызын ғана реттей алуға қабілетті. Оның жобалық сыйымдылығы – 3,2 млрд. текше метр. Бұл үлкен көрсеткіш болғанымен, су қоймасында көктемгі өр суы кезінде жиналған суды бір мезетте төмен қарай ағызып жіберсе, жаз мезгілінде біз су тапшылығын сезінетін боламыз. Ресей жағы біздің өтінішімізге сәйкес Ирикла су қоймасынан нормадағы секундына 15 текше метрдің орнына 60 текше метрге дейін көбейткенін айтуымыз керек.

Жайық өзені суының 47 пайызын Башқұртстан Республикасынан ағатын Сакмара өзені  де береді. Алайда, Сакмараның бойында көктемгі өр суын сақтап қалатындай ірі су қоймасы жоқ, сондықтан көктемгі өр суы Жайық өзенімен сәуір-мамыр айларында кідіріссіз төмен қарай Каспий теңізіне ағып кетеді. Көктемгі өр суын өз жерімізде су қоймаларын тұрғызу арқылы жинақтап алу туралы біраз уақыттан бері айтылып келеді. Бірақ, әзірге ондай мүмкіндік бізде жоқ. Оның басты себебі, жер рельефіміз лайықты емес, жеріміз тегіс, жазық дала. Осыдан бірнеше жыл бұрын су шаруашылығы саласын зерттейтін арнайы институттың мамандары Жайықтың Қазақстандағы бөлігін зерттеп, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында лайықты орын бар екенін анықтаған. Ол жерде бір млрд. текше метр суды сақтауға қабілетті қойманы тұрғызуға болады. Алайда, ол үшін көптеген елді мекендерді көшіріп, біраз жұмыстар атқаруға тура келеді. Сондықтан, Атырау аумағындағы шағын каналдар арқылы суды сақтау шараларын ұйымдастыру туралы ұсыныстар қаралуда. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктің бастамасымен Жайық өзенінің ескі арналарын тереңдетіп қазып, оларды су қоймасы ретінде пайдалану бағытындағы жұмыстар жүргізілу үстінде.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Қиғаш өзенінің суын тең дәрежеде бөлісу бойынша мәселе қарастырудамыз. Күні бүгін біз Жайық өзені суының 12 пайызын, ал, Қиғаш өзенінің екі пайызын пайдаланып отырмыз. Қалған су толығымен Каспий теңізіне ағып жатқанын айтуымыз керек. Бұл дұрыс та, себебі бассейннің экологиялық жағдайын сақтау да – басты мәселелердің бірі.

Бір кездері Еділ өзенін Жайыққа қосу туралы әңгіме болған. Сөйтіп, елуінші жылдары Еділдің бір тармағын канал қазу арқылы Жайыққа қосу мәселесі қолға алынғанымен соңы аяқсыз қалды. Қазір бұл әңгіме қайтадан қозғалып жүр. Бірақ, қолдау тапты деп айтуға ертерек. Оның басты себебі, Еділдің суы Жайыққа өз еркімен ақпайды, оны арнайы насос қондырғысы арқылы айдауға тура келеді. Күні бүгін осындай әдіспен Ресейдің Саратов облысы жерінен Еділдің суын Батыс Қазақстан облысының Сары, Қара өзендеріне алып отырмыз. 100 млн. текше метр су жеткізу қызметінің өзі 1,5 млрд. теңгеге шығып отыр.

Атырау облысы бойынша су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы проблемалар да жеткілікті. Атап өтетін болсақ, су  тапшылығын  төмендету үшін суды үнемдеуге көшу қажет. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға  суарудың заманауи  әдістері  мен   басқа да  су үнемдеуші  заманауи  технологияларды  енгізсек  және суды аз  қажетсінетін ауыл шаруашылығы дақылдарына көшірсек, бұдан ұтарымыз мол болмақ.

Облыстағы тағы да бір көңіл аударатын мәселелердің бірі – ол көктемгі өр суы келген кездері өзендердің арнасын кез келген жерден рұқсатсыз бөгеп, су ресурстарын тиімсіз пайдалану. Айталық, Жылыой ауданы әкімшілігінің жауапты қызметкерлері Жем өзенін жылда әр жерінен бөгеп, бірде Құрсай арқылы Қамыскөлге су жіберсе, бірде Шоқпартоғай мен Тұрғызба селолық округтерінің жеріндегі шабындық жерлерге су шығарады.

Әрине, су халықтың мұқтаждарына жұмсалуы керек. Бірақ,  оны  пайдаланудың барлық түрлері ҚР Су кодексінде қаралған ережелерге сәйкес ұйымдастырылуы талап етіледі. Осындай рұқсатсыз топырақ бөгеттерін салу арқылы су пайдаланудың нәтижесінде Жем өзенінің көптеген жерлері топырақпен көміліп, өзен суының жай-күйіне кері әсер етуде. Пайдаланған судың мемлекеттік есебі жүргізілмейді.

Жалпы, су көздеріне қатысты қай мәселені болмасын оңтайлы шешу үшін халықтың қоршаған ортаға, су объектілерінің тазалығын сақтауға, оны үнемдеп пайдалануға дұрыс көзқарастарын қалыптастырған жөн деп ойлаймыз.

Бисен ҚУАНОВ,

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button