Жұпар ауа –– дертке дауа
бұл экологияны сауықтырғанда ғана мүмкін болады
Бүгінде қоршаған ортаны қорғауға ерекше маңыз беріліп отыр. Соның негізінде жылдар бойы қалыптасқан проблемалар қозғалып, шешу жолдары қарастырылуда.
Осы тұрғыда Атырау облысы бойынша экология департаменті тарапынан бірқатар жұмыс қолға алынып, іске асуда. Табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны күтіп, баптауына, зиянды қалдықтармен ластанбауына басымдық берілуде. Бұл ретте экологиялық рұқсатнама беру, қоғамдық тыңдау тәртіптеріне өзгерістер енді.
Мәселен, бұрын қоғамдық тыңдау тек үлкен жобаларға ғана қатысты өткізілетін. Ал, бүгінде қандай ма болмасын әрбір жобаның жұмысы білікті сарапшылардың қатысуымен алқалы жиындарда қаралады. Кейбір табиғат пайдаланушылардың жобалары белгіленген заңдылыққа сай келмей, оларға рұқсатнама берілмеуде.
Өндіріс орындарына зерттеу, бақылау жүргізу жұмыстары жиі қолға алынды. Нәтижесінде ауаға тарайтын улы газдың көрсеткіштері анықталып, шамадан асырған өндіріс орындарына айыппұл салынды. Бірқатар мәселе өз кезегінде шешімін тапты. Ал, талапты орындамаған серіктестіктер соттың шешімімен жұмысын тоқтатты.
Десек те, Атыраудың атмосфералық бассейнінің жағдайы әлі де мәз еместігін жасыру қиын. Бұған облыс көлеміндегі ірі өндіріс ошақтарының көптігі себепші болып отыр. Ауаны ластаушылардың 80-85 пайызын мұнай тасымалымен және мұнай өңдеумен айналысатын кәсіпорындар құрайды. Жұртшылықты жұмыспен қамтып, елдің экономикалық өсуінде қыруар пайда келтіріп отырғанымен, олардың ауаға шығаратын зиянды қалдықтары жетерлік.
Тексеру нәтижелері көрсеткеніндей, бүгінде Атырау қаласындағы өндіріс орындарының ауаға лас қалдықтарды тарату көрсеткіштері артып, ол жылына бір мың тоннадан асып тұр. Ал, оның 0,2 пайызы ғана залалсыздандырылады. Бұл өндірістік құрылымдардың еліміздің экологиялық заң талаптарын сақтамай отырғандықтарын көрсетеді.
Дәлірек айтқанда, ірі кәсіпорындар әлі күнге тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған. Сөйтіп, зиянды шығарындылар сүзгіден өтпестен ауаға таралуда.
Өндіріс орындарынан бөлек ауаны ластайтын бірнеше факторлар бар. Соның бірі – қоқыс қалдықтарын өртеу кезінде бөлінетін улы газ. Соңғы төрт жылда ауаға жіберілген зиянды қалдықтар 584 мың тоннаны құраған. Оның көлемі жылдан-жылға өсіп отырғаны байқалады. 2007-2011 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу нәтижелері Атырау қаласының атмосфералық ауа қабатында күкіртсутегі, күкірт және азот диоксидінің мөлшері жоғары екенін көрсетті. Соның ішінде күкіртті сутегінің мөлшері түнгі уақытта 140 есеге дейін жеткен. Айта кету керек, бұл жағдай бүгінге дейін байқалып келеді.
Қазір ауада аса қауіпті түссіз газ – формальдегидтің көлемі де ұлғайды. Ол адам денсаулығына – тыныс алу жолдарына, көзге және теріге аса зиян. Сондай-ақ, жүйке жүйесін зақымдайды. Ал, сынап шектік коэффициенттен он бір есеге артып отыр.
Бұл жағдайлардың алдын алу үшін болашақта бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонын жауып, қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін жаңа зауыт салу жоспарлануда. Ол солтүстік-батыс бағытқа қарай қаладан 15 шақырым жерде орналаспақшы.
Облыста автокөліктердің саны өсіп келеді. Бұл халыққа қолайлы болғанымен, оның келеңсіз тұсы да бар болып тұр. Мәселен, көшелердегі кептеліс кезінде көліктерден бөлінетін улы газдың мөлшері көп және ол күн санап еселеніп барады. Сол себепті, Атырау қаласы шеңберінде көлік кептелісі ең жиі орын алатын көшелерге көпір өткелдерін салу жоспарлануда. Ол шаһардың жаңа бас жоспарына енгізіліп, бекітілді. Сондай-ақ, қала сыртындағы Астрахан, Оралға шығатын жол бағыттарында бұл жұмыс жалғасын таппақшы. Жобаның бірінші кезеңі 2020 жылға дейін жасалып, одан әрі екінші, үшінші кезеңдерге ұласады.
Бүгінде Атыраудың ауасындағы жағымсыз иістен тұншыққан тұрғындардан департаментке түсіп жататын арыз-шағым аз емес. Көбіне олар қала ішінде шығатын сасыған иіске наразылық білдіреді. Айта кетейік, соның негізінде жоспардан тыс жұмыс жүргізіледі. Өткен жылы Атырау қаласында атмосфералық ауаның сапасын анықтайтын сегіз стансадан автоматты түрде тәулік бойына ауа құрамын анықтайтын сынама алынды. Соның ішінде «ВестОйл» ЖШС-нің базасы аумағында орналасқан стансадан күкіртті сутегінің шектеулі рауалды концентрациясынан асып кететіні анықталды. Бұл, әсіресе, түнгі 22-23 сағаттан таңертеңгі 6-7 сағатқа дейін байқалады.
Атыраудың сол жақ жағалауында орналасқан кәріз құбырларынан қалдық сулар келеді. Оның ішінде Балықшы, тұрғындар қалашығы мөлтекаудандарындағы кәріз жүйелеріне қарағанда, Алмагүл ықшамауданы мен Геолог поселкесі жағынан келетін кәріз жүйесінде күкіртті сутегінің иісі шығады.
Ал, тұрғын үйлердің қалдық суларында күкіртті сутегінің болуы мүмкін емес. Олай болса, бұл бағытта ағатын кәріз жүйелеріне зауыттан шыққан көп мөлшерлі күкіртті сутегінің қоспасы құйылып отырғанға ұқсайды. Кәріз жүйелеріндегі су жерасты суларына сіңіп, ол Жайыққа құйылатынын ескерсек, ерекше алаңдайтын жағдай бар. Құрамында мұндай зиянды элементі бар су қалдықтары өзенге сіңсе, аса қауіпті.
Шет мемлекеттерде қалдық суларды қайта тазарту қондырғыларынан өткізіп, кәдеге жарататын құрылғылар жұмыс жасайды. Бұл тәжірибені бізге де енгізіп, Жайық өзенінің екі жақ жағалауын озық технологиясы бар тазалау құрылғыларымен қамтамасыз ету керек. Оған дейін жоғарыда айтылған күкіртті сутегісі бар қоспаны байқатпай төгіп отырған өндіріс орнын анықтап, мұны тоқтату қажет. Бұл жұмыс бізге қиынға соғып отыр. Сондықтан, аймақ ауасының тазалығын сақтауда мұндай іске жанашырлар болып жұмыла кірісудің уақыты жетті.
Айта кету керек, жұтар ауамыздың жұпарлығын қамтамасыз етуде көгалдандыру жұмыстарына ерекше басымдық беру маңызды. Бұл – Атырау өңірі үшін ең басты қажеттілік. Аймағымыз – шөл және шөлейтті. Соған сай шетелден әкелінген көшеттердің тамыр жая алмайтыны белгілі болды. Олай болса, ақжұпар, қарағаш, сексеуіл, үйеңкі сияқты теңіз жағалауында өсетін теректерді көбірек егу керек. Кейінгі жылдары қаланың Бейбарыс даңғылы бойында өзімізде өсетін қарағаштар отырғызылды. Олар жаз мезгілінде шаһарға ерекше сән беріп тұр.
Ербол ҚУАНОВ,
Атырау облысы бойынша
экология департаментінің басшысы.