
«World Clean Up Day»: Атырауда дүниежүзілік тазалық күніне орай экологиялық акция өтіп жатыр (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
«World Clean Up Day» дүниежүзілік тазалық күніне орай кең ауқымды экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл игі шара Атырау облысы әкімдігі мен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен қолға алынды.

Экологиялық акцияға өңірдің атқарушы органдары, мекемелер мен кәсіпорындар, еріктілер, жастар ұйымдары, экобелсенділер және жергілікті тұрғындар белсене атсалысып жатыр.

Атырау қаласындағы тазалық жұмыстары “Самал” шағынуданынан “Сарыөзек” шағынауданына дейінгі аралықты және “Атырау” шағынауданы жанындағы айналма көпір маңындағы Жайық өзенінің жағалауын, сондай-ақ Атырау-Ақтөбе тасжолының 20 шақырымы мен химзовод маңы қамтиды. Тұрғындар қоқыс жинап, табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Аталған қоғамдық шараға 10000-ға жуық адам қатысып, 30000 тоннадан астам қоқыс шығарылады деп күтілуде.

— «World Clean Up Day» – жыл сайын әлемнің 180-нен астам елінде өткізілетін халықаралық экологиялық қозғалыс. Бұл күнге орай 18 миллионнан астам ерікті бір мезгілде табиғатты тазалауға жұмылады. Қазақстанда бұл акция дәстүрлі түрде қыркүйек айының үшінші сенбісінде өтеді, — дейді Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз хатшысы Эльнара Оралқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамның экологиялық мәдениетін арттырып, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулиды. Олар барша азаматтарды туған өлкеміздің тазалығын сақтауға және осындай игі бастамаларға белсенді атсалысуға шақырды.

*Сіз не дейсіз?
Үміт ЖҰМАЕВА,
облыстық цифрландыру және архивтеу басқармасының бас маманы:

-Тазалық — әр азаматтың жауапкершілігі. Бүгінгі “World Clean Up Day” аясындағы акция тек бір күндік шара емес, қоғамды экологиялық мәдениетке тәрбиелеудің нақты қадамы деуге болады. Біз әрдайым осындай игі бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Өзімізден бастасақ, болашағымыз да таза болады.
Қуанышбек САЛЫҚОВ,
олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебі, қоян — қолтық ұрыс бөлімінің жаттықтырушысы:

– Қоршаған ортаның тазалығы — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Біз бұл сенбілікке тек қызметтік міндет деп емес, азаматтық парыз ретінде қарап, ұжым болып қатысып жатырмыз. Қоян-қолтық ұрыс бөлімі мен басқа да әріптестеріміз бірігіп, тазалық жұмыстарына белсене араласудамыз. Жастарға үлгі болу – біздің міндетіміз. Себебі, тек спорт алаңында ғана емес, қоғамда да тәртіп пен мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуымыз керек. Табиғатты аялау – нағыз патриотизмнің көрінісі. Мұндай экологиялық шаралар жастардың бойына жанашырлықты, жауапкершілікті, бірлік пен еңбекке деген құрметті сіңіреді. Осындай бастамалар жиі өткізіліп тұрса, экологиялық мәдениетіміз де арта түседі деп сенемін.





Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ