Жарнама
Экология

Түтінге тұншыққан қала: себеп пен болжам

Апта бойы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында өртенген қамыс экожүйеге елеулі зиян келтіріп, бұқараның назарын аударып отыр. Бірнеше күн бойы жалындаған тілсіз жау табиғи ортаны ғана емес, өрт қауіпсіздігіне қатысты қолданылып жатқан шаралардың тиімділігіне де күмән туғызды. Тіпті төтенше жағдайлар қызметінің қам-қаракеті мен мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысына қатысты бірқатар сұрақтарды да күн тәртібіне шығарды.

Жалпы аумағы 111 500 гектарды құрайтын резерват шегінде төрт жерден қамыс өртеніп, жалын шамамен 600 гектар жерді шарпыған. Табиғаттың тылсым тыныштығын бұзған бұл жағдай қоршаған ортаны қорғау ісінің мән-маңызын тағы бір мәрте айқын көрсетіп берді.

Бізге белгілісі, мәселеге араласқан облыс әкімі Серік Шәпкенов тиісті органдарға өрттің шығу себептерін мұқият тексеріп, тергеуді шұғыл әрі жан-жақты жүргізуді тапсырды. Қазір бұған тұрақты қадағалауды өз қолына алған.

25 рет өрт болған…

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Рәтбек Демеубергеннің айтуынша, өрт басталған бойда департаменттің күш-құралы шұғыл жұмылдырылған. Өрт ошағына бірінші жеткен жеке құрам бірден сөндіруге кірісіпті. Алғашқы әрекет ретінде әуеден «Ми-8» тікұшағымен 27 тонна су шашылды. Жерүсті техникасымен өртті сөндіруге 54 адам мен 12 арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының да 26 қызметкері мен 11 техникасы да бар.

Алайда жексенбі күні кенеттен күшейген желдің салдарынан өрттің аумағы ұлғайып, 805 гектарға дейін жеткен. Соған сай тағы да әуеден сөндіру шаралары қолға алынып, «Ми-8» арқылы қосымша 100 тонна су төгіліпті. Соның нәтижесінде 6 шақырымдық аумақта қызыл жалын өшіріліп, 16 маусым күні 04 сағат 55 минутта өрт ошағы толықтай сөнді. Дегенмен, 7 гектар жерде жалынмен күрес әлі жалғасып жатыр.

Департаменттің мәліметіне қарағанда, өрт басталғаннан бері барлығы 800 гектардан астам аумақта өрт сөндірілді. Оның 600 гектары өздігінен өшкен.

Қамыстың жануы Атырау облысы үшін қалыпты құбылысқа айналып бара жатқаны рас. Тек жыл басынан бері облыстағы қамысты алқаптарда өрт оқиғасы 25 рет тіркелген, жалпы көлемі – 2811 гектар. Тек «Ақжайық» резерватының өзінде екі рет ірі өртену дәйегі тіркеліп, 1855 гектар жер жанып кеткен. Салыстырар болсақ, былтыр 10750 гектар аумақта 6 оқиға орын алыпты. Бұл – өрт саны азайғанымен, көлемі әлі де ауқымды екенін көрсетеді.

Сала мамандары өрт сөндіру жұмыстарының созылып кетуін резерват аумағының батпақты болуынан техниканың өрт ошағына тікелей жете алмауымен, оған қоса жаз кезінде желдің бағыты мен жылдамдығы күрт өзгеріп, өрттің тез өршуімен түсіндіреді.

Бірақ қалай жалтарса да бұл жай ғана табиғи апат емес, табиғатты қорғаудағы жауапкершіліктің, техникалық мүмкіндіктер мен алдын алу жүйелерінің қаншалықты дайын екендігінің айнасы. Осыған орай тұрғындар тарапынан заңды сұрақ та туындайды. Мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінетін қаражат, алынған техника мен құрал-жабдық, орнатылған бақылау жүйелері апаттың алдын алуға неге қауқарсыз?

Себеп – сан түрлі

Былтыр ғана облыстық бюджеттен бөлінген жарты миллиард теңгеден астам қаржы түрлі жабдық алуға бағытталған. Резерваттың директоры Дәурен Есқабыловтың айтуынша, бұл қаржыға үш бекетке ерте анықтау жүйесі орнатылған. Өрт мұнаралары толығымен жүйеге қосылып, екі автоцистерна, жол талғамайтын «Трэкол» арнайы көлігі сатып алынған. Сондай-ақ өрттің алдын алу мақсатында 24 шақырым минералды және 85 шақырымға жуық жай жолақ салынып, күтіп-баптау жұмыстарына жұмсалған.

Резерват аумағында рейд те өткізіліп тұрады екен. Алайда, биылғы өрт мекеменің техникалық мүмкіндіктерінің тиімділігіне күмән туғызып отыр. Себебі, ерте анықтау жүйелері өрт ошақтарын тіркемепті. Өйткені, құрылғылардың өз радиусы бар, ал өрт ошақтары сол радиустан тысқары. Сондықтан өрт тұтанған сәтте камераға түспей қалады.

Біздің білуімізше, республика Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп резерват аумағын бақылау үшін ғарыштық мониторинг жүйесін де іске қосқан. Ол әрбір төрт сағат сайын аумақты бақылап, термиялық нүктелерді уақытында көрсетеді. Дегенмен, бұл жүйе де ландшафтық және ауа райы жағдайларына тәуелді көрінеді. Өйткені, қамыстың тек басы жанбайды, от біртіндеп тамырына қарай төмендеп, толық сөнбеген шала ұйытқыған желдің күшімен тұтана береді. Сондықтан оны сөндіру ұзақ әрі күрделі процесс. Әйтсе де, Дәурен Қайыржанұлы өрттің табиғи себептерден емес, қасақана жасалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

– Өрт үш жерден, арасы он-он бес шақырым қашықтықта тұтанған. Демек бұл кездейсоқтық емес. Әрине, түрлі болжамдар айтылып жатыр. Бір анығы, ол жерлерге қарапайым балықшы немесе турист оңай жете алмайды. Жол жоқ. Оны тиісті органның өкілдері анықтайды, — деді ол.

Биыл резерват аумағында 35 адам заң жүзінде жауапкершілікке тартылыпты. Алайда қылмыстық сипаттағы әрекет үшін бұл жеткіліксіз, әрине.

Резерват басшысы мекемеде негізгі техника жеткілікті болғандықтан, өзге аймақтан қосымша техника алдыруға еш негіз жоқтығын айтты. Алайда бұл жұрт көңілін жұбата алмайды. Себебі жыл сайын қайталанатын өрттің себебі мен орындалмайтын уәде қорғалуға тиіс табиғатты құрғақ есеппен ғана шектеп тұр. «Ақжайықтағы» өрт бір резерваттың емес, ұлттық экология мен басқару жүйесінің жауапкершілік айнасын айқындайтындай.

Атырау қаласының тұрғындары арасында соңғы уақытта тұншықтырған өткір иіске қатысты түрлі пікірлер туындап отыр.

– Өткен жұма күні жұмыстан шықсам, қаланы көк түтін тұмшалап алған екен. Әдеттегідей үйге дейін жаяу бармақ ойымнан айнып қалдым, өйткені қолқаны қапқан иіс тынысты тарылтып, басты айналдырып жіберді. Ақыры көлік тоқтатып мінуге тура келді. Үйге кірсем, көп қабатты үйдің кіреберісінен пәтерге дейін түтін иісі жайылыпты. Ертеңіне иіс сейілгенімен, дүйсенбіге қараған түні жағдай тағы да қайталанды. Ашық терезеден кірген түтінмен ояндық. Тағы да бас ауырып, ұйқы қанбай маза кетті. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып отыр ғой. Өртенген қамыстың түтіні тек табиғатқа емес, адам саулығы мен өмір сапасына зиян екенін ескеретін кез әлдеқашан жетті. Шынында да мұны біржолата шешудің жолын тиісті органдар іздеуі керек қой. Бұл тек мені емес, бүкіл атыраулықтарды мазалайды. Оған дәлел – қаланы тұншықтырған түтінді таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салған бейнежазбам бір күннің ішінде 11 мыңнан аса қаралым жинап, пікірлер де көбейді. Бұл көрсеткіш те мәселенің аса өзекті екенін көрсетеді емес пе?! — деп қынжылыс білдірді қала тұрғыны Алтын Шоқанқызы.

Қамыс кәдеге жарай ма?

Көпшілік өртенген қамыстың түтінімен қатар, өндіріс ошақтары шығарындыларының да үлесі барына болжам айтып жүр. Бұған пікір білдіре бастаған ресми құрылымдардың ішінен облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов те мұның негізсіз емес екенін айтты. Оның айтуынша, қазір бірнеше мекемеден құралған мониторингтік топ қала аумағындағы атмосфералық ауадан түрлі сынама алып, күкіртті сутегімен ластану деректерін анықтап жатыр екен.

– Күкіртті сутегі концентрациясы белгіленген шекті мөлшерден 10 микрограмм/текшеметрден асып кетсе, бұл адамның саулығына кері әсер етуі мүмкін. Қазір қаланың әр ауданынан алынған сынамалар зерттеліп жатыр. Қорытынды дайын болғанда ғана ластану көзін нақты атап айтуға болады, — деді Асқар Болатұлы.

Атап өтер жайт, зертхана жабдықтарын жаңарту және ғимараттағы жөндеу жұмыстарына байланысты экология департаментінің зертханасы уақытша жұмысын тоқтатқан. Соған қарамастан мониторингтік топ өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Топ құрамында «Қазгидромет», мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, экология департаменті, табиғат пайдалану басқармасының мамандары, қоғам белсенділері мен мәслихат депутаттары бар.

Атырау маңындағы қамыс алқабы жыл сайын өртеніп, түтін мен ерекше иіс шығарып келеді. Жылдар бойы жиналған шіріген қамыс қабаты өртенгенде, ол күкіртті сутегі тәрізді газдың бөлінуіне ықпал етуі мүмкін.

– Қамыс өртінің артында қоршаған ортаға зиян келтіретін элементтер тұруы мүмкін. Ал қамысты тиімді пайдалану – болашақтағы басты бағыттың бірі. Осыған дейін инвесторлар қамыстан қағаз өндіріп немесе құрылыс материалы ретінде қолдану туралы ұсыныстар білдірген. Еуропада қамысты үй шатырын жабуға қолданса, біз де осы секілді тиімді мүмкіндіктерді қарастырып отырмыз, — деді облыстың бас экологы.

Қыруар қаржы шығындап отырған резерват аумағында өрттің жиі орын алуы қоғамда резерваттың қажеттігіне қатысты заңды сауалдар туындатып отыр. Себебі бұл аймақта дала тағыларының сирек кездесетін түрлері мекендейді. Жиі қайталанатын өрт оқиғасы олардың тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Қазір қолданылып жүрген күкіртті сутегіні анықтайтын құрылғылардың пайдалану мерзіміне де жарты ғасырға жуықтапты. Облыста әзірге Ұлттық стандарттау орталығынан аккредиттеуден өткен үздіксіз бақылауға арналған «ГАНК» маркалы автоматты газ талдағыш құралы қолданыста екен.

Қазір «Ақжайық» резерваты аумағындағы өрт қаупі толық бақылауда. Батпақты, шымтезекті жерлерде оттың қайта тұтану қаупі жоғары болғандықтан, жедел штабтың тапсырмасына сай тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар қызметі, полиция, орман шаруашылығы және резерват инспекторлары жұмылып, жағдайға жерден де, әуеден де тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Жаңа өрт ошақтары анықталса жедел әрекет етуге басымдық берілген.

Алмас ҚАБДОЛ

* Сіз не дейсіз?

Орынгүл МАХМУД, қала тұрғыны:

– Атырау тағы да түтінге тұншығып жатыр. Тағы да у. «Қамыс өртеніп жатыр» деген әңгіменің өзі біз секілді халықтың үрейін ұшырады. Терезем жабық болса да, ауада күйік иісі бар. Тамағым удай ашып, тыныс алу қиындап барады. Балалар сыртқа шығуға қорқады, ал үлкендер үнсіз шыдайды. Бұл жай ғана түтін емес, бұл – бізді тұншықтырып, өмірімізді қысқартып жатқан көзге көрінбейтін қасірет. Ең қорқыныштысы, осы жағдайға бейімделіп, үйреніп бара жатқанымыз. Бұл қалыпты құбылысқа айналғандай, тіпті осылай болуға тиіс сияқты көрінеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button