Түтінге тұншыққан, ауасы лас қала
Атырау өңірі бұл күнде өгейдің күйін кешіп тұр. Будақтаған түтін мен қолқаны қабатын иіс тұрғындардың тынысын тарылтқан. Жайық өзенінің де жайы мәз емес. Ал, осыдан екі жыл бұрын облыс әлеуетін дамытуға арналған кешенді жоспарда шешілуі қажет өткір проблемалардың қатарында өңірдегі экологиялық мәселелер тайға таңба басқандай көрсетілген еді. Қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған «мінберде» осы салада өткір пікірлерін білдіріп, ғылыммен шұғылданып жүрген мамандар сөз алады.
Өңірдің кезек күттірмес экологиялық проблемалары қандай? Оны шешу үшін не істелуі керек?
«Атырауды экологиялық апат аймағы деп танып, тұрғындарға өтемақы төлеу қажет» деген пікірлер айтылып жүр. осыған байланысты сіздің ойыңыз қандай?
Техника түгел емес
Жанар МҰСТАХИМҚЫЗЫ, №3 «Білім-Инновация» лицейінің география пәнінің мұғалімі:
Өңірдің кезек күттірмес экологиялық проблемалары – Жайық өзені мен қарт Каспийдің тартылуы. Теңізге құятын Еділ мен Жайықтың көлемі азайған сайын теңіз суының да тартылғанын байқауға болады. Соның салдарынан бұрынғы теңіздің асты болған жер құрғап, бұрқылдақ топыраққа айналған. Одан желді күндері шаңды дауыл көтеріледі. Көптеген кəсіп орындармен зауыттардың қызметі экономикамыз үшін, халықты жұмыспен қамту бағытында тиімді болғанымен, қоршаған ортаға кері əсер етіп отырғандығын айту қажет. Экологиялық проблемалардың туындауына əсер ететін жағдайдың бірі – электр энергиясымен жабдықтау. Əсіресе, біздің өңірде энергия желілерінде жиі апаттар орын алатындықтан, зауыттарда құрылғылар тоқтап қалады. Сондай кездерде факелден ауаға газ жіберіледі. Осы əрекет бір емес, бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқандықтан халықтың денсаулығына əсерін тигізе бастады. Атырау мұнайлы өлке болғанымен кəріз суын тазарту стансасы (КОС) жоқ. Яғни, күнделікті пайдаланып отырған қалдық суы оң жақ жағалаудағы «Квадрат» булану алаңы мен сол жақ жағалаудағы «Тухлая балка» булану алаңына құйылады. Ол жер қазіргі таңда ашық аспан астындағы көл болып жатыр. Күн ыссыда лас су буланып, ауаға жағымсыз иіс тарайды. Ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып отырған мұнайлы өлкеде кəріз суларын тазалау станциясының жоқтығы өкінішті. Тағы бір мəселе – Каспий теңізінің маңайындағы қамыстың өртенуі. Ол жерде балықшы да, аңшы да жүретіндіктен қамыстың өртенуі азаймай тұр. Соның салдарынан желдің осы бағытқа қарай соғуынан қаланы ауықауық көк түтін басып тұрады. Қамыстың маңы батпақты болғандықтан ол жерге жететін техниканың да жоқтығы бұл мəселенің оң шешілуіне қолбайлау болып тұр. Соңғы рет өрт шыққан кезде де көрші өңірден өрт сөндіретін тікұшақ алдыруға тура келген. Соның салдарынан, өрт уақытында өшірілген жоқ.
Қамыс , зауыттар , тұрмыстық қалдықтар полигоны, «Квадрат», «Тухлая балка» секілді булану алаңдары ашық жатыр. Жел қай бағыттан соқса да тұрғындар үшін еркін тыныстау қиын. Өтемақы төлеу мəселесі бұрыннан айтылып келеді. Алайда, ол жергілікті деңгейде шешілетін мəселе емес. Негізі, өтемақыны белгілеу үшін халықтың денсаулығына экологиялық жағдайлардың қаншалықты əсер ететіндігін кешенді түрде тексеру керек. Егер сондай зерттеу жүргізілсе өтемақы төленуі мүмкін. Мұндай төлемдер еліміз бойынша Қызылорда облысында жүзеге асты. Қорыта айтқанда, тұрғындарға өтемақы төленсе халық денсаулығының жақсаруына бірден-бір септігі тиер еді деп ойлаймын.
Атырау экологиялық апат аймағына айнала ма?
Галина ЧЕРНОВА, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы ҚБ директоры:
Атырау қаласы мен Атырау облысының негізгі экологиялық проблемаларына атмосфераға зиянды заттардың жоғары шығарындылары жəне осыған байланысты ауа ортасының ластануы жатады. Сондай-ақ, Жайық, Ойыл, Жем жəне т.б. өзендердің тартылуы мəселесі бар. Бұл, əсіресе жаз айларында жəне кіші өзендердің көптеген арналары құрғап, елді мекендерде су тапшылығы болған кезде байқалады. Осыған байланысты өнеркəсіпті қоса алғанда халықтың ауыз суға қол жеткізуі жəне өңірді одан əрі дамыту мəселесі өзекті болып отыр. Тағы бір проблема – Атырау облысы аумағының шөлейттенуі. Бүгінде аймақтың 60 пайыздан астамы шөлейттенген. Бұл жағдай жайылымдар мен шабындық алқаптарының алаңдарынан анық байқалады
Қандай аумақтарды экологиялық апат аймағы деп тану керектігін Үкімет шеше алады. Атырау облысын апат аймағы деп тану туралы талап ете аламыз. Өйткені, қаланың атмосферасында үнемі күкіртсутек шамадан тыс артып тұратыны белгілі. Күкіртті сутегімен уланған ортада өмір сүру қауіпті. Бірақ, аймағымыз экологиялық апат аймағы деп таныла қоймайды-ау. Өйткені, біздің облыс республикалық бюджеттің доноры саналады. Сондықтан іс жүзінде бүкіл ел біздің мұнай өндіруіміз жəне одан алынатын кірістер, салықтар мен төлемдер есебінен өмір сүреді.
Қаланы көшіру біртіндеп жүзеге асуы қажет
Арман ЖҰМАҒАЗИЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы:
Халықтың денсаулығын қорғау – мемлекет қауіпсіздігінің бір кепілі. Сондықтанда халықтың денсаулығын экологиялық қолайсыз жағдайлардан қорғау, елді мекендерде қоршаған орта нормативтерін сақтау, өнеркəсіп нысандарын елді мекеннен тысқары жерге шығару, экологиялық себептерден болған ауруларды емдеу үшін клиникалық орталықтар құру, халықтың денсаулығына экологиялық тұрғыдан келген зиянды өтеу бүкіл мемлекеттік органдар мен сот органдарының қатаң бақылауында болғаны абзал. Ірі өндіріс орындары шоғырланған Атырау өңірі үшін экология – маңызды мəселе. Атырау облысының экологиясы туралы айтатын болсақ, бірінші мұнай-газ өндіріс орындарының лас қалдықтарының ауаға, топыраққа түсіп, таралуы. Бұл зиянды қалдықтардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зияны орасан зор. Бүгінде тексеру нəтижелері көрсетіп отырғандай, ауаға лас қалдықтарды тарату көрсеткіші өсіп отыр.
Қала ауасын негізінен ластаушылар – мұнай-газ өндіріс орындары, стационарлы көздер (ЖЭО, қазандықтар) – 91 пайыз, автокөліктер – 8,8 пайыз жəне ұйымдастырылмаған ластау көздері (құрылыс алаңдары) – 0,2 пайыз. Осы экологиялық мəселелердің себебі мен салдарына үңілетін болсақ, елді мекендер мен кəсіпорындарды географиялық орналастыру кезінде жіберілген өрескел қателіктер көзге көрініп тұр. Əсіресе, кəсіпорындарды (зауыт, фабрика, т.б.) орналастыру кезінде географиялық ерекшеліктер (метеорологиялық, климаттық, т.б.) ескерілмеген. Қаланың ішіне зауыттар салу немесе кен орнының қасына елді мекен салу сияқты жағдайлар кеңес үкіметі кезіндегі экономикалық саясаттың «жемісі» болып табылады. Сол сияқты жер бедері (рельеф), жылдық желдің бағыты, экологиялық сыйымдылық та ескерілмеген. Оның үстіне Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ), «ҚазМұнайГаз» кəсіпорындары заманауи талапқа сай технологиялармен жабдықталмаған жəне кейбір заң талаптарын орындамайды. Оны күнделікті экологтардың тексерісі дəлелдеп отыр.
Атырау облысындағы ішкі сулардың су деңгейінің жылдан жылға азаюы да үлкен проблема. Əсіресе, трансшекаралық Жайық, Еділ өзендерінің жағдайы алаңдатар негізгі мəселелердің біріне айналды. Бұған Каспий теңізінің соңғы жылдардағы деңгейінің төмендеуін жəне Сағыз, Ойыл, Жем өзендерінің проблемасын қосыңыз. Келесі мəселе – құм басу, яғни шөлейттену проблемасы. Бұл соңғы кезде жауын-шашын мөлшерінің төмендеп, климаттың өзгеруінен болуда. Осы мəселелерді шешу үшін заң бойынша барлығын талап ету қажет. Əсіресе, мұнай-газ саласындағы кəсіпорындардың экологиялық заңдылықты сақтауына баса назар аудару керек. Сондай-ақ, қазір қаланың аумағында орналасқан АМӨЗ-ын қаланың сыртына көшіру туралы пікірлер айтылып жүр. Менің ойымша, бұл шешім жүзеге аспайтын секілді. Менің ұсынысым – Атырау қаласын көшіру. Болашақта Махамбет, Индер аудандарының бағытына қарай көшіретін болса, орналасқан жері теңіз деңгейінен биіктейтін болады. Осылайша ойпаттан шығамыз. Сонымен қатар, зауыттардан алыстаймыз. Бізді халықтың саулығы, жас ұрпақтың болашағы алаңдататын болса, мұны қолға алу керек деп ойлаймын. Əлбетте, қаланы көшіру біртіндеп жүзеге асуы қажет. Бұл басқа елдердің де тəжірибесінде бар.
«Атырауды экологиялық апат аймағы деп танып, тұрғындарға өтемақы төлеу қажет» деген пікірге толық қосыламын. Атырау облысы республикалық бюджеттің қазынасын толтырып отырған аймақ ретінде өтемақы алуға тиіс. Мұнайлы өңірдің экологиясы басқа аймақтармен салыстырғанда нашар екендігі белгілі. Менің пікірімше, қазір Атырау халқы жұмыс үшін ғана тұрып жатқан секілді. Алдағы уақытта халықтың көбі көшіп кетуі мүмкін. Бұл өтемақы кейбір адамдардың əл-ауқатын сəл болса да көтергенімен, түбегейлі мəселені шеше қоймайды.
Экология мәселесі шешімін табуы тиіс
Марал КӨШЕНОВ, Атырау қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі:
Атырау өңірінің экологиялық ахуалы өте нашар. Ешкімге жасырын емес, ауадағы күкірттің жағымсыз иісінің болуы, қала ішінде орналасқан АМӨЗ, Махамбет бағытындағы мұнай өнімдерін сақтайтын қазандардың орналасуы, кəріз су жүйелерінің тазартылмай ауаға таралып жатқан зияндылығы, қоқыс қалдықтары полигонының əсері, теңіздегі қамыстың жиі өртенуі, сонымен қатар жазғы ыстық ауамен қатар кеуіп қалған теңіздің тұзды топырағы, осының бəрі өзекті мəселе. Əрине мұның бəрін бір күнде шешіп тастау мүмкін емес болар, сондықтан да сатылы түрде жоспарлап шешкен дұрыс.
Қандай да бір проблема қаржыға келіп тірелетіні анық. Егер де халықтың, өсіп келе жатқан ұрпақтың тағдырын ойлайтын болсақ нақты шешімдер қабылдануы керек. Қаланы жоғары жаққа, яғни Махамбет бағытына көшіру қиын болатын болса, онда АМӨЗ-ді көшіру керек. Сондай-ақ, кəріз суларын тазалайтын құрылғыны тез арада іске қосып, тазартылған суын пайдалану маңызды. Оған қоса қоқыс полигонын қаладан тысқары, қашық жерге көшіріп, қалдықтарды өңдеп, теңіздегі қамыстың өртенуіне жол бермеу қажет.
Бұл сұрақты өзім де он жыл бұрын Үкімет алдына қойғанмын. Менің ойымша, бұл міндетті түрде төленуі қажет. Себебі, жоғарыда айтылғандардың нəтижесінде қаншама адамның денсаулығына зиян келіп жатыр. Ал, халықтың емделуге көбінің қаражаты жеткіліксіз, сондықтан міндетті түрде Атырауды экологиялық апаттық аймақ деп тану керек. Қазіргі уақытта комиссия құрылып, осы бағытта жұмыс жасалып жатыр. Сонымен қатар, əр деңгейдегі депутаттар да осы мəселені көтеріп жүр. Оң шешімі табылса жақсы болар еді.
Дайындаған Алмас ҚАБДОЛОВ