Түтін тұмшалап, ұсыныс қолдау таппай тұр…
Атырау облысында тағы да қамыс өртеніп, 850 гектарға жуық аумақ отқа оранды. каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің қарқыны қатты болғаны соншалық, соңғы үш-төрт күнде бірнеше гектар аумақты шарпып үлгерді. Бұл жағдайға байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникалары қамыс өртін сөндіру үшін жұмылдырылғанымен, тілсіз жауды ауыздықтау оңайға соққан жоқ. Сондықтан, өрт ошақтарын сөндіру үшін қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы бар ми-8 тікұшағы көмекке келді.
БЕЛСЕНДІНІҢ СӨЗІН ҚОЛДАДЫ
Жыл сайын қайталанатын қамыс өртіне, өзге де түйткілді мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлер қоғам белсенділері тарапынан «мұнайлы астана» төрінде өткен конференцияда айтылғанына көп өткен жоқ еді. Қамыс тағы да өртеніп, қаланың үстін түтін тұмшалап, тұрғындардың еркін тыныстауына кедергі келтірді.
Конференцияда көтерілген күрмеулі мәселелердің бірі — Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығатын зиянды қалдықтар жайында болды. Ал, жақында электр энергиясының толықтай өшірілуі зауыттың жұмысын апатты түрде тоқтатты. Бұған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі Атырауға арнайы келіп, стратегиялық маңызы бар нысанның сырттан жеткізілетін электр энергиясына тәуелді болмауы жөнінде нақты тапсырма берген еді. Ал, жергілікті тұрғындардың бұл тақырыпты көтеріп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды.
– Жарық сөнсе, зауыт істен шығады. Өндіріс ошағы жекеменшік тұрғын үй емес. Тиісті органдардан қаражат сұрап, дербес жылу электр орталығын салуды ұсынамын. Атырауда бұл үшін толық мүмкіндік бар деп есептеймін. Әлеуметтік желіде үнемі мұнай өңдеу зауытының түнгі 3-тен 4-ке дейінгі уақытта түрлі жағымсыз қалдықтарды, соның ішінде күкіртті сутегін шығаратыны айтылып келеді. Бірақ, оған тоқтау болмай тұр, — деді қоғам белсендісі Таңат Нұрымов.
Тіпті, қоғам белсендісі конференцияға қатысқан бұрынғы облыс әкімі, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовке осы мәселелерге қатысты сұрақ қойып, шешілуіне ықпал етуін сұрады.
– Сіз облыс әкімі болып тұрған кездегі Атыраудағы экологиялық проблемалардің шешімі әлі табылған жоқ. Тіпті, теңіз жағалауындағы қамыс та тоқтаусыз жана беретінге ұқсайды, оның ізін ғарыштан да көруге болады. Жыл сайын кемінде екі рет қайталанып отыр. Оны өшіру үшін тікұшақтан басқа техникалық құрал жоқ. Сізден осы проблемаға ықпал етіп, республикалық бюджеттен облыстың мұқтаждығы үшін бірнеше тікұшақ алып, жасақ құруға ұсыныс жасауыңызды сұраймыз, — деді белсенді.
Бұл ұсынысты орынды санаған Мәжіліс депутаты өз тарапынан көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар, Бақтықожа Салахатдинұлы жасыл желек өсірумен шұғылданатын компанияларға тамшылатып суару әдісін қолдануға кеңес беріп, әйтпесе еңбектің еш болатынын айтты.
ҰСЫНЫС ҚОЛДАУ ТАБА МА?
Салынғанына 80 жылға жуықтаған Атырау мұнай өңдеу зауытында кезінде жылу электр орталығы болған екен. Электр қуатын өзі өндіріп, өндіріс ошағын қамтамасыз етіп отырған. Ал, қазір қуат көзін жан-жақтан алатындықтан, жүйе тежеліп қалады да, зауыт жиі тоқтауға мәжбүр.
Конференцияда сөз алған облыс әкімі Серік Шапкенов болашақта электр орталығын салуды қолға алу керектігін айтты.
– Зауыттың энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі электр қуатын өз ішінен өндірсе, кәсіпорын жұмысы тоқтамас еді деп ойлаймын. Ал, басқа ғимараттарға орталық желіден алса, технологиялық кедергі келтірмес еді, — деді Серік Жамбылұлы.
Сондай-ақ, қамыс өртіне қатысты да өз пікірін білдірген облыс әкімінің айтуынша, Каспий теңізі табиғи деңгейінен 23 шақырымға тартылып, бұрынғы судың орны батпаққа айналып, қамыс өсіп жатыр. Сол себепті өрт болса ол аумаққа адам да, техника да бара алмайды.
– Қамысты кімнің өртейтіні тұрғындарды толғандыратыны рас. Бүгінде облыста талапқа сай жабдықталған тікұшақ бар. Алайда, теңіздің жағалауын қадағалайтын «Ақжайық» резерватында нормативке сәйкес құрал-жабдық жоқ. Ол жерге төтенше жағдайлар департаментінің техникасын тартқанымызбен, батпақтан жүре алмайды. Ең алдымен біз жауапкершілікке де көңіл бөлгеніміз жөн. Өрт өздігінен тұтанбайды. Ол үшін тиісті бейнебақылау, өртті тез анықтайтын құрылғыларды орнату мәселесін республика Экология және табиғи ресурстар министрлігі назарға алуы тиіс. Резерватқа қаржы бөлінбеген соң, қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, коммуналдық меншікке беру туралы ұсыныс енгіздік. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да назар аударып, министрлікке резерваттын материалдық-техникалық базасын жаңғырту жөнінде ұсыныстарын беріп жатыр, — деді С.Шәпкенов.
ТАБИҒАТҚА ТАҒЫЛЫҚ ЖАРАСПАЙДЫ
Кұрылғанына отыз жыл өтсе де, негізгі өндіріс ошағы тұрған Жылыой ауданында «жасыл белдеу» жасай алмаған «Теңізшевройл» компаниясын сынға алған Атырау қалалық мәслихатының депутаты Руслан Күмісқалиев Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаевка бұған айрықша назар аударуды ұсынды.
– Атырау облысында оқу сапасының төмендігі жиі айтылып жүр. Айталық, экологиялық жағдайы жақсы Индер, Құрманғазы аудандарында оқу сапасы да жоғары болатынын статистикалық көрсеткіштер көрсетіп отыр. Ең төменгі көрсеткіш Атырау қаласы мен Жылыой ауданында. Бұған экологиялық ахуалдың да қатысы бар деп ойлаймын. Сондықтан, мәселені күн тәртібіне қойып, назарға алуыңызды сұраймын. Сонымен қатар, қаладағы ең үлкен проблема — Каспий теңізінің тартылған жағалауынан келетін тұзды шаңның да зиянды әсері орасан зор, — деді Р.Күміскалиев.
Бүгінде елдегі ең ірі инвестициялық өңірдің экологиялық жағдайы жергілікті халықты қатты аландатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, экономикалық әлеуетпен қатар, экологиялық ахуалдың да жақсаруы бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі.
Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Күмісқалиев осы мәселеге баса назар аударуды сұрап, нақты шешілу жолдарын да ұсынды.
– Бұдан сегіз жыл бұрын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бюджетінің 82 пайызы Атырау облысынан түскен табыстан тұрды. Соңғы екі-үш жылда ғана жағдай сәл жақсарғанға ұқсайды. Онда да корпоративтік қордың басшылығына атыраулық азамат барған соң ілгерілеушілік байқалады. Өйткені, ол біздегі жағдайды нақты біледі. Біз бұған дейін «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы экологиялық мәселемізді шешуге болатынын білген де жоқпыз. Өз басым ерекше балалармен жұмыс істеген соң бұл бағытты білемін. Ал, біздің өңірге тиесілі корпоративтік кор бюджетінің тең жартысын әлеуметтік қажеттілікке жұмсауға болар еді. Атырауда түтінге тұншығып, халық саулығына қауіп төніп жатқанда, барлық ақша республикаға кетіп жатыр. Атырау «мұнайлы астана» мәртебесіне сай болуы керек кой, — деп Ерлан Асылбайұлы жергілікті халықтың орынды наразылығын ашына жеткізді.
Сондай-ак, Ерлан Күмісқалиев өңірде экологиялық қалдықтардың көбейуіне біржақты көзқарас танытпауды да ұсынды. Қала сыртына серуенге шыққан жергілікті тұрғындардың барлығы бірдей қоқыс калдығын шашпайтынын, керісінше өзен жағалауына үнемі сенбіліктер өткізіп жүргенін тілге тиек етті.
Шынында, өңірдің экологиясы облыс тұрғындары үшін ең маңызды проблемаға айналды. Мемлекеттің басты байлығы — адам десек, оның саулығы жергілікті экологиялық ахуалға тығыз байланысты екені даусыз. Ендеше, күрмеуі көп мәселелердің оң шешімі тезірек табылса қай тарапқа да тиімді болар еді.
Алмас ҚАБДОЛОВ