Туристік маусым ашылды
25 шілде күні “Ақ Жайық” мемлекеттік табиғи резерватының кезекті туристік маусымы ашылды. 15 жылға жуық жұмыс жасап келе жатқан резерваттың аумағы 111 500 га.
Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына жақын орналасқан мемлекеттік табиғи резерваттың негізгі мақсаты: осы мекендегі жануарлар, өсімдіктер мен құстардың алуан түрлерін сақтап қалу. Резерватқа туристер көрікті табиғат пен ұшқан құстардың тобын қызықтауға келеді. Сол себептен қызметкерлер туристер үшін құрлық пен суда саяхаттау бағытын дайындады.
«Бүгінде жаяу жүргінші маршруты мен Жайық өзенінің теңізге құятын сағасында қайықпен серуендеу саяхатын ұйымдастырып отырмыз. Қайықпен серуендеу барысында туристер өзен жағасынан құстың сан алуан түрін көре алады. Каспий теңізінің жағалауы мен Жайық өзенінің сулы-батпақты атырабында құстың 292 түрі, өсімдіктің 227 түрі тіркелген. Сондай-ақ тағы бір бағыт, өзен сағасының арнасымен ашық теңізге саяхаттау» дейді “Ақ Жайық” мемлекеттік табиғи резерватының “Экологиялық ағарту және туризм” бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Таиров.
Спикердің айтуынша, “Ақ Жайық” мемлекеттік табиғи резерватының туристік маусымы күз айларына дейін жұмысын жалғастырмақ.