Жарнама
Экология

Теңіздің тартылуы: Каспий және әлемдегі ахуал

Дүниежүзіндегі ең алып су айдыны болып табылатын Каспий теңізінің тартылуы – шыны керек, бір Қазақстанның ғана емес, әлем елдерін алаңдатқан проблема болып отыр.  Себебі, Каспий теңізінде туындаған экологиялық мәселелер Қашаған кен орны сияқты ірі өндірістік жобалардың тиімділігіне тікелей ықпал етеді. Бүгінгі мақаламызда біз  Каспий теңізінің тартылуының себептері мен салдары, Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ сол аумаққа жақын маңда жүргізілген су түбін тереңдету жұмыстары алаңын шөгінділерден тазарту жобасының мәні мен маңызы және әлемдік тәжірибелерді сараптауды жөн көрдік.

Теңіз неге тартылып жатыр?

Халықаралық тәжірибелі маман, эколог Қарлығаш Ищанованың айтуынша, Каспий теңізінің тартылуының бірнеше себептері бар.  Біріншіден, климаттың өзгеруі. Яғни, жаһандық жылыну — теңіз деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. «Ауа температурасының көтерілуі теңіз суының булануын күшейтеді, бұл өз кезегінде теңіз деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Жыл сайын су деңгейінің төмендеуінің 5-15 см аралығында өзгеріп тұруы байқалуда.

Екіншіден,  су көздерінің азаюы. Каспийге құятын өзендерден жыл сайын су ағынының көлемі азайып отыр. Бұл су көздерінің азаюы теңіз деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етуде. Үшіншіден, табиғи өзгерістер. Каспий теңізінің су деңгейі табиғи циклдерге сәйкес көтерілуі немесе төмендеуі мүмкін. Бұл кезеңдер мыңдаған жылдарға созылуы мүмкін, бірақ соңғы онжылдықтардағы жылдам өзгерістер климаттың өзгеруімен қатар жүріп жатыр» дейді эколог.

Сол себепті, Қашаған кен орнына жақын, 2021-2022 жылдары су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген алаңда шөгінділерді жоюды іске асыру – бүгінгі таңда өте өзекті мәселе болып отыр.

Қашаған кен орны және оның маңызы

Қашаған кен орны — Қазақстанның ең ірі мұнай-газ алаңы. Бұл кен орнының орналасқан аумағы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде болғандықтан, теңіз деңгейінің өзгеруі бұл жобаның тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Қашаған кен орнының басты ерекшелігі — оның терең суларда орналасуы және мұнайды өндіру үшін аса күрделі технологиялық шешімдер қолдануды талап етуі. Қашағанның игерілуі Қазақстанның мұнай саласы үшін маңызды экономикалық фактор болып табылады, себебі ол елдің жалпы мұнай өндірісінің айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісі бірқатар логистикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Оның ішінде теңіз суының деңгейінің төмендеуі, арналардың лаймен бітелуі және шөгінділердің жинақталуы жұмыстың тұрақтылығына әсер етуде.

Сол себептен, экологиялық, технологиялық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қазіргі уақытта теңіз түбін шөгінділерден тазарту жұмыстарын атқару маңызды болып отыр. Жоба операторы NCOC компаниясының мәліметінше, Каспий түбін шөгінділерден тазарту жұмыстары — теңіз кемелерінің кедергісіз өтетін арналарын қамтамасыз етуді көздейді. Кемелердің қауіпсіз қозғалысы үшін су тереңдігін 2,90 метрге дейін жеткізу үшін топырақтың аз көлемін қазып алу  жоспарлануда. Бұл жұмыс көлемі 2025 жылы ең төменгі деңгейде жүзеге асырылып, 2026 жылы негізгі тереңдету жұмыстары орындалады.

Және жобада шөгінділердің жиналуын бақылау үшін озық ғылыми әдістер қолданылады. Атап айтқанда, голландиялық Delft 3D үлгісі және көп сәулелі батиметриялық түсірілімдер арқылы теңіз түбінің өзгерісі жүйелі түрде қадағаланады. Бұл компанияға болашақта да арна тереңдігін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибе нені көрсетті?

Теңіз түбін тереңдету жұмыстары әлемде әртүрлі мұнай-газ жобалары, сауда жолдарын кеңейту және қауіпсіз кеме қатынасы үшін маңызды. Дегенмен, мұндай жұмыстар табиғи экожүйеге әсер етпеу мақсатында жоғары деңгейдегі техникалық және экологиялық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Әлемде теңіз түбін тереңдету саласында бірнеше оң тәжірибелер бар, олар экологияны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды үлгі бола алады.

Мәселен, Голландия. Голландия — теңіз түбін тереңдету бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Бұл елдің жағалауының көп бөлігі су астында орналасқандықтан, теңіз деңгейін басқару мен тереңдету жұмыстарын жүзеге асыруда үлкен тәжірибе жинақтаған. Голландияның теңіз түбін тереңдету жұмыстарының ерекшелігі ең алдымен, тиімді экологиялық мониторингте дер едік. Голландияда экологиялық әсерді бақылау үшін көп жылдық мониторинг жүйелері құрылды. Бұл жүйелер су түбіндегі тірі ағзалардың жағдайын, су сапасын және теңіз флорасы мен фаунасын тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай ақ, қалпына келтіру жұмыстарын тиімді жүргізу. Теңіз түбін тереңдету кезінде қазылып алынған шөгінділерді тиімді қайта өңдеу және жағалаудағы экожүйелерді қалпына келтіру жұмыстары үлкен назарға алынады. Осындай, ғылыми негізге сүйенген кешенді жұмыстардың нәтижесінде экожүйелердің қалпына келуі жылдар бойы қадағаланып, ғылыми зерттеулермен расталады.

Сингапурдың теңіз түбін тереңдету тәжірибесі —  әлемдік деңгейде үлгі ретінде қабылданады. Сингапур — әлемдегі ең ірі теңіз порттарының бірі, сондықтан теңіз түбін тереңдету жұмыстары елдің сауда және логистика саласы үшін өте маңызды.

Сингапурда теңіз түбін тереңдету жұмыстарында әлемдік деңгейдегі заманауи гидравликалық және механикалық құралдар қолданылады.  Яғни, заманауи технологиялар — жұмыстың тиімділігін арттырып, экологиялық әсерді минимизациялауға мүмкіндік береді.

Сондай ақ, Сингапурда табиғи қорғаныс шаралары жолға қойылған. Теңіз түбін тереңдету кезінде теңіз флорасы мен фаунасына әсерді азайту үшін арнайы қорғаныс шаралары жүзеге асырылады. Мұндай шараларға теңіз жағалауларын қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау және шөгінділердің жинақталуын бақылау жатады.

Австралияда теңіз түбін тереңдету жұмыстары негізінен мұнай-газ өндірісіне қатысты. Мұнда теңіз түбін тереңдету жұмыстары тиімді әрі экологиялық қауіпсіз түрде жүзеге асырылады. Бұл саладағы оң тәжірибелер, біріншіден, үздіксіз экологиялық мониторинг. Теңіз түбін тереңдету жұмыстарынан кейін, экологиялық мониторинг жүргізіледі. Бұл жүйе шөгінділердің жинақталу деңгейін, су сапасын және теңіз тіршілігінің жағдайын бақылайды.

Екіншіден, тиімді экожүйені қалпына келтіру. Теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталған соң, жергілікті экожүйелердің қалпына келуіне көмектесу үшін жасанды рифтер немесе қорғалатын аумақтар құрылады. Бұл шаралар теңіз флорасы мен фаунасына қауіп төндірудің алдын алады.

Түйіндеп айтқанда

Теңіз түбін тереңдету әлемде кеңінен қолданылатын және көптеген экологиялық, экономикалық мәселелерді шешуге көмектесетін процесс болып табылады. Әлемнің әртүрлі елдері теңіз түбін тереңдету кезінде экологияға зиян келтірмей, техникалық және ғылыми жетістіктерді қолдануға бағытталған оң тәжірибелер жинақтаған. Бұл тәжірибелерге негізделген қадамдар Қазақстандағы Қашаған кен орнында да қолданылуда.

Экологиялық қауіпсіздік дегеннен шығады, қазіргі уақытта тереңдетілген теңіз алаңында жиналып, қазып алынған шөгінділер жаңа үйінді болып тасталмай, бұрыннан бар суасты құрылымдарына қайта орналастырылуда. Сонымен қатар, жұмыстар заманауи гидравликалық жабдықтармен атқарылады, бұл теңіз түбіндегі тірі ағзаларға әсерді барынша азайтады.

2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша теңіз суы, планктон, бентостар, құстар және итбалықтар сияқты тіршілік иелеріне келтірілген зиян байқалмаған. 2024 жылдың соңына қарай экожүйе толығымен қалпына келгені анықталды. Демек, теңіз түбін тереңдетуде  толыққанды оң тәжірибені жүзеге асыру маңызды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button