Жарнама
Экология

Теңіздің тартылуы: дерек пен дәйек

Жыл санап Каспий теңізі тартылып барады. Оның табанында қалған батпақ мен шаң-тозаңнан, қамыс пен қоғадан  табиғатқа төнер залал мен адам денсаулығына келер қауіп те аз емес. Соның ішінде Атырау жұртшылығын қтты алаңдатып, халықтың  жанайқайына, одан бетер қасіретіне айналып айналып отырған  жайдың бірі – жыл сайын қайталанып, дүйім елді әбігерге салатын қамыс өрті екені ақиқат.

            Ресми дереккөздерінен алынған ақпараттарға сүйенсек,1990-жылдардың ортасынан бастап теңіз деңгейі тұрақтанған. Ал 2005 жылдан бері теңіз деңгейі  тұрақты түрде төмендеп келеді, 2020 жылдан бастап ол  орта есеппен жылына 7-10 см-ге түсіп отыр. Ғалымдардың болжамынша, 2100 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі қазіргісінен  9-18 метрге дейін төмендеуі ықтимал.

            Сарапшы мамандардың пайымдауынша, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі — экожүйе үшін аса маңызды мәселе, себебі бұл құбылыс флора мен фаунаға тікелей және жанама түрде зиян келтіреді. Мұндай өзгерістер тұщы және тұзды сулар аралығындағы теңгерімді бұзып, көптеген жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасын жояды. Осы кезеңде теңіздің аумағы мен ауданы айтарлықтай азаяды, жағалаулары кері шегінеді. Бұрын су басып жатқан сулы-батпақты аймақтар құрғақ жерге айналады. Тұз мөлшері  артып, өзен сағалары мен атырабында су балансы бұзылады.  

         Енді теңіздегі осындай өзгерістердің Фаунаға қалай әсерін тигізетініне келсек, мұндағы балықтардың, әсіресе, бекіре тұқымдас бағалы «су маржандарының» (қорытпа, шоқыр, пілмай) уылдырық шашатын аймақтарға тәуелділігі күшейеді. Ең бір қауіптісі, теңіз су деңгейінің төмендеуімен байланысты суы тартылған аймақтар шамадан тыс құрғап, балықтардың көбею циклдары бұзылады. Оның үстіне, тұздылықтың артуы кейбір тұщы суда тіршілік етуге балық түрлері үшін өлім қатерін тудыруы мүмкін. Оған қоса,  биологиялық әртүрлілік азаяды.

            Каспий теңізі жағалауындағы қамыстың өртенуі — соңғы жылдары жиілеген, қоршаған орта мен тұрғындар қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Бұл құбылыстың бірнеше табиғи және антропогендік (адам әрекетіне байланысты) себептері бар. Атап айтқанда, адам әрекеті (антропогендік факторлар), қасақана өрт қою. Табиғи факторлар:  құрғақшылық пен климаттың өзгеруі,  жаздың ыстық әрі құрғақ болуы.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: atr.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button