ТЕҢІЗДІҢ ТАМАҒЫ БІТЕЛІП ТҰР…

fb img 1651057649241 Экология

Атырау облысында Жайық және Қиғаш өзендерінің сағасында каналдар мен ағындар жылдан-жылға таязданып барады, деп хабарлайды Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.

Соған байланысты, өткен жылдың жазғы-күзгі кезеңінде және биылғы көктемде кәсіптік балық аулаумен айналысатын субъектілердің үлкен кемелері Каспий теңізіне шыға алмай жатыр. Шыққан жағдайда да, қайтып келуде қиындықтар​ туындап тұр…

Бұл жағдай аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға да кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені, бұл 2 мыңнан астам балықшыны біріктірген 500-ге жуық балық аулау бригадасына зор әсер етті. Олар теңізге шығып, балық аулау мүмкіндігінен қағылса, жалғыз табыс көзінен де айырылып қалуы мүмкін.

Қазір көктемгі су тасқыны мен теңізден суық жел соғуына орай су деңгейі біраз көтеріліп отыр. Әрине, бұл балықшылар үшін өте қолайлы жағдай тудырып тұр. Алайда, мұның тек табиғи және маусымдық, яғни, уақытша құбылыстар екенін ескеру қажет-ақ. Сондықтан туындаған проблеманы жою үшін Жайық пен Қиғаш өзендері бойынша (кеме жолдарында) су түбін тереңдету және тазарту жұмыстарын жүргізу қажет.

«Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, бұрын-соңды су шықпаған Махамбет ауданы, Алға ауылы, Алмағамбет көліне де су келді. Бұл, сөз жоқ, жағымды жаңалық. Сонымен қатар, былтырға қарағанда биыл балық көлемі де артып отыр. Алайда, аталған су айдынында жыңғыл қалың өсіп кеткен. Бұл ретте, ауылдық округ, Жайық бассейіндік балық шаруашылық инспекция қызметкерлері мен еріктілердің күшімен балық құтқару  жұмыстары жүргізілуде» дейді басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз