Теңіз проблемасын зерттейтін институт құрылды
Алдыңғы жылдың қараша айында Маңғыстау облысының жұртшылығымен жүздесуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің өткір тұрған экологиялық проблемаларына баса баса көңіл бөлгені белгілі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Каспий теңізінде экологиялық тепе-теңдік пен биологиялық әртүрлілікті сақтау ерекше міндет саналатынын, сондықтан да оған айрықша мән беру керектігін айтты. Осы мақсатта ол салалық министрлік пен жауапты ведомоствоға Каспий теңізін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған еді. Қазіргі таңда Президент тапсырмасы орындалысын тауып, елімізде теңіз проблемаларын зерттеумен айналысатын арнайы құрылым құрылды.
Бұл туралы Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жайық-КАспий бассейнінің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі ғылым және инновация департаментінің басшысы Мүсілім Жиенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Үкімет қаулысымен құрылып отырған ғылыми-зерттеу институтының алдында тұрған маңызды міндет – Каспий теңізінің жай-күйін кешенді игеру және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Айта кету керек, институттың бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасатын болып белгіленді. Атырауда оның филиалы – ғылыми зертханасы жұмыс жасайды. «Мемлекет басшысының бақылауында тұрған мәселе болғандықтан, институтты қажетті маман-кадрлармен, ыңғайлы жұмыс орнымен қамту, басқа да мәселелер рет-ретімен шешімін табуда.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселе төңірегінде Ресей ғылым академиясының мүшесі, география ғылымдарының докторы, профессор Петр Завьялов, эконометрика профессоры, сарапшы Нұрлан Мыңбаев, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің профессоры Әуелбек Зәуірбек, ресейлік ғалым Николай Аладин, Парламент Мәжілісінің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейтжан және басқалары тақырыптық баяндама жасап, ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті.
Дөңгелек үстел отырысын Қазақстан халық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова қорытындылады.
Дәулетқали АРУЕВ