Жарнама
Экология

Таласқа түскен Тайсойған…

Алдағы уақытта шөбі шүйгін, жерасты суы мол киелі Қызылқоға ауданында мұнай іздеу-барлау жұмыстары басталуы мүмкін. Дегенмен, жергілікті халық өңірді азық-түлікпен, қысқы мал азығымен қамтып отырған құтты мекенде өндіріс орнының ашылуына қарсы. «Бұл жағдай табиғаты ерекше, ауасы таза, жері құнарлы аймақтың экологиясына кері әсерін тигізеді» дейді табиғат жанашырлары.

Тайсойғанның мәселесі, осыған байланысты «Ембімұнайгаз» АҚ ұйымдастырған қоғамдық тыңдау жуырда «Дастан» қонақ үйінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен талқыланды. «Aqiqat» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллиннің пікірінше, ауылда өткен жиналыста біржақты пікір айтылған. 

– «Қара алтын» өндірісі ел экономикасына оңынан әсер еткенімен, керісінше, экологияға айтарлықтай зиянын тигізбек. Өйткені, мұнай игерілген жердің ауасының бүлінгенін айтпағанның өзінде, сол аумақтың суы да ластанып жарамсыз болып қалатынын естен шығармауымыз керек. Ендігі 10-15 жылдан кейін Тайсойған мен Мұқыр ауылдары Байшонас пен Сарықамыстың күйін кешуі ықтимал. Сондықтан, осы мәселеге ешкім бей-жай қарамауы қажет, — деді ол. 

Баспасөз мәслихаты барысында су шаруашылығының ардагері Бисен Қуанов орамды ой, тұшымды пікірін ортаға салды. 

– Ең алдымен, халықтың жайлы өмір сүруі үшін жер мен су керек. Мұнай болмаса да сол жерде күн көре аламыз. Әрине, біз қазір «қара алтынымызды» өндіріп, сату арқылы қазынамызды толтырып, экономикамызды дамытып отырғанымызды ескеруіміз қажет. Бірақ, шикізат өндіру үшін кез-келген жерді қаза бергенді құптамас едім. Негізі, «Ембімұнайгаз» басшылығының Қызылқоға ауданының жерінің астында «қара алтын» қоры бар екенін растайтын нақты ғылыми зерттеулері мен болжамдарын естімедік. Олар тектен-тек бұрғылап жатпаған шығар. Жер астында қанша тонна мұнай бар екенінен де бейхабармыз. Десек те, бізде жерасты суы көп емес. Бүгінде 87 млн. тонна су көлемін пайдаланып отырмыз. Соның көп бөлігі Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарынан келеді. Кеңестік кезеңде бізде 1 млрд. 900 млн.-нан астам жерасты су қоры бар деген болжам айтылды. Біз әлі күнге дейін жерасты, жерүсті суының нақты көлемін білмейміз. Оған мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Тиісті министрлікке де айтқанмен, оның нәтижесі болмай тұр. Оның үстіне Қызылқоға ауданы суға тапшы екені белгілі. Ойыл өзенінің суы ішуге жарамсыз. Тайсойғанның жерасты суын қолданып отырғанымызбен, ол да жеткіліксіз. Демек, Қызылқоға ауданында ауыз су мәселесі күрделі күйінде қалуда. Ол жерде мұнай іздеу, бұрғылау жұмыстары жүргізілсе, суға әсер ететіні анық,-деді Бисен Қуанов. 

«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, акционерлік қоғам 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №5134, №5135 келісім-шарттар бойынша Қызылқоға ауданында орналасқан Тайсойған-1 және Тайсойған-2 учаскелерін барлауға жер қойнауын пайдаланушы болып табылады. Компания Тайсойған-1 және Тайсойған-2 учаскелерінде әзірленген барлау жобалары шеңберінде Тайсойған ауылдық округінде геологиялық барлау жүргізуді жоспарламаған. 

«Бүгінде аудандық әкімдік пен «Ембімұнайгаздың» арасында  геологиялық жобаларды бастауға келісімдерге қол қойылмаған. Десек те, компания 19-24 маусым аралығында өткізілген қоғамдық тыңдауларда айтылған жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Жалпы, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қызылқоғалықтарға бірқатар ұсыныс енгізген болатын. Айталық, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға байланысты Меморандум жасақтау, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін сатып алу, дуалды білім беру бағдарламасы бойынша Қызылқоға ауданының жастарын оқыту, ауданда орналасқан оңалту орталығына қолдау көрсету, су ұңғымаларын бұрғылау және тағы басқа қос тарапқа да тиімді бастамалар ортаға салынды. Қазір «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қызметкерлерінің 26 пайыздан астамы қызылқоғалықтар екенін атап өткен жөн» деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button