ҚОРШАҒАН ОРТАҒА – СЕНІМДІ ҚОРҒАН

баршаға  қойылар  ортақ  талап

Турасын айту керек, қоршаған ортаны қорғау жайы, оның тазалығы туралы тек соңғы жылдары ғана айта бастадық. Әйтпесе, сонау кеңестік кезде мұнай өндіретін немесе бұрғылау жүргізетін кеніштердің төңірегі май басқан топырақ пен қажетсіз қалдықтарға толып жататын. Соны кейін ешкім тазаламайтын да. Бүгінде талап басқа, талғам өзгеше. Қандай істі болсын қолға аларда алдымен оның табиғатқа тигізер әсері сарапқа салынады. Компанияның бұл бағытта атқарар шаруасы таразыға тартылады.

Міне, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2016-2018 жылдарға арналған табиғат қорғау шараларының көпшілік талқысына шығарылуы да сондықтан.

 

ЖАРТЫ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ – ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУҒА

Жалпы, ТШО компаниясының өндірісті оңтайландыру, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау бөлімі бас менеджерінің орынбасары Арман Сәдірбаевтың айтуынша, бірлескен кәсіпорын 2000 жылдан бері табиғат қорғау шараларына 423 млрд. теңге жұмсапты. Жарты триллионға жуық қаражат! Қыруар қаржы емес пе? Қоршаған ортаға қатысты жұмыстарға осыншама ақша аударған өзге кәсіпорынды өз басым естімеппін.

Осы орайда, «әр компания тапқан табысының белгілі бір пайызын табиғат қорғау шараларына міндетті түрде бөлу керек» деген түсінік те қалыптасқан. Мұның ар жағында инвестордың бұл бағытта жұмсап жатқан қаражатының әлі де аздығын меңзеу бар. Әйтсе де, ТШО компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұндай ұғым жоқ. Расында да, компания табар табыс тұрақты ма? Мәселен, қазір әлемдік нарықта «қара алтын» құны құлдырап еді, мұнай өндіруші кәсіпорындар пайда мен шығынын сараптай бастады. Әйтсе де, түсімнің аздығы табиғат қорғау шараларына бөлінер қаражатқа әсер етпеуі тиіс. Жасалар жұмыс жоспарланды ма, ендеше, ол орындалуы шарт. Міне, бірлескен кәсіпорынның ұстанымы осы.

Жалпы, өнім қаншалықты көп өндірілсе, қоршаған ортаға да соншалықты салмақ салынатындығы айтылады. Расында да, солай ма? Егер табиғат қорғау шараларын жүйелі жүзеге асырып, тиімді технологияны қолдана білсе, оң нәтижеге қол жеткізілмей ме? Мәселен, Теңізде мұнай өндіру көлемі 2000 жылғы 10,5 млн. тоннадан былтыр 26,7 миллионға көбейді. Яғни, өсім 154 пайызды құрады. Ал, ауаға шығарылатын шығындылар ше? Олар осы уақыт аралығында 87140 тоннадан 60129 тоннаға дейін кеміпті. Демек, 31 пайызға азайған. Яғни, 2000-2014 жылдар аралығында өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққанда 73 пайызға қысқарған. Сенбес едік, егер алдымызға нақты дәйектер мен деректерді көлденең тартпаса.

Ауаға алау жағу – біраздан бері айтылып келе жатқан проблема. Кәсіпорын мұндай қадамға  текке бармайды. Мұнай құрамында күкірті бар кен орындарының бәрінде де апатты жағдайда қышқыл газды ауада жағып жіберетін қондырғылар қарастырылған. Экологтар оған қаншама тыйым салғанымен, технологиялық қажеттілік ара-тұра солай істеуге мәжбүр етеді. ТШО да бұл бағытта біраз іс тындырды. Мәселен, 2000 жылдан бері алауда газ жағу  91 пайызға қысқартылыпты. Соның нәтижесінде бірлескен кәсіпорын ілеспе газды кәдеге жаратуды 99 пайызға жеткізген. Жақсы көрсеткіш. Таяу келешекте жаңа жоба жүзеге асып, ілеспе газ қабат қойнауына қайта айдалғанда, мұндай қажеттілік те болмайды. Айтпақшы, осындай шаралары нәтижесінде ТШО 2012 жылы Әлем банкінің Алауда газ жағуды қысқарту бойынша жаһандық серіктестігінің жүлдесін алды.

 

«ЖАҢАСУДЫҢ» СУ ҚОРЫН НЕГЕ ЖАРАТПАЙМЫЗ?

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары сонау Қиғаштан бері тартылған су желісі, турасын айтқанда, Теңіз кенішінің қажеттілігіне арналған-ды. Оны Ақтау айналдырып әкелгендегі мақсат – іргелес Маңғыстауды да қамту. Бүгінде «КазТрансОйл» мекемесінің қорындағы бұл нысанға айтарлықтай салмақ түсіп отыр. Оны тек мұнайшылар ғана емес, көршілес облыстың, Жылыой мен Исатай аудандарының тұрғындары да тұтынады. Батыс Ескенедегі «Болашақ» зауыты да соған жалғанған. Ертеңгі күні мұнай-химия кешені де, арнайы экономикалық аймақта бой көтерер нысандар да соған иек артпақшы. Мұны жергілікті экологтар да жиі айтады. Осы саланың байырғы қызметкерлері инвесторларға балама су көздерін табуды әлдеқашан ұсынған. Әзірге тек «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана құлақ асып отыр.

Бірлескен кәсіпорынның алдағы жоспарында Атырау облысындағы Жаңасу мен Маңғыстаудағы Төңірекші (Төңірекшың болуы тиіс) төңірегінен ауыз су алу көзделген. Жалпы, Жаңасуда су барлығы әуелде-ақ анықталған. Кеңестік кезде осы жерде арнайы су қоймасын жасақтау жөнінде бастама да көтерілген. Сірә, шығынынан қашса керек, аяқсыз қалды.

Қателеспесек, бұдан біраз жыл бұрын ТШО да осы жерасты суын пайдалануға ұмтылған. Мамандар Жаңасудың өнімі тек кен орындарының ғана емес, тұтас ауданның сұранысын қанағаттандыратынын айтқан. Бірақ, бұған кезінде жергілікті атқарушы билік келісім бермеді. «Егер шетелдіктер осы суды иеленсе, онда тариф бағасын тым көтеріп жібереді» деген қауесет те тарады. Ал, қазір «КазТрансОйл» компаниясы жылыойлықтар үшін талап етіп отырған ауыз су құны маңғыстаулықтармен салыстырғанда бірнеше есе көп емес пе? Оның үстіне, ТШО өнім бағасын өсіруге құштар болса, онда тұрғындар тұтынып отырған ілеспе газ құны әлемдік нарықтағыдай әлдеқашан шарықтап кетпес пе? Әттең сол кезде мәселе оңынан шешілгенде, құлсарылықтар қазіргідей ауыз судың зарын тартпас еді-ау.

Төңірекшың да Құлсарыдан қашық емес. Аудан орталығының солтүстік-шығыс бетіндегі Биікжал мен Мұнайлы елді мекендерінің қасында. Кезінде бұрғышылар мен мұнайшылар тұрған бұл ауылдар қазір қаңырап қалған. Адамдары әлдеқашан көшіп кеткен. Бірақ, Төңірекшыңды ұмытпаған. Кеңестік кезде мұнда бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Ендеше, оның да суы тұтынуға жарамды.

Рас, бірлескен кәсіпорын әзірге жерасты суларын немесе Каспий суын тұзсыздандыру мәселесін көтеріп отырған жоқ. Мұның бәрі шығыны көп кешенді шараларды жүзеге асыруға соқтырады. Ал, Жаңасу мен Төңірекшыңның өнімін тиімді пайдалану жөнінде «КазТрансОйл» мекемесімен келіссөз жүруде. Қанша дегенмен, соңғысының ауыз суды тасымалдау жөнінде тәжірибесі де, қалыптасқан жүйесі де бар.

Осы орайда елең етерлік жағымды жаңалық – 2016-2018 жылдарға есептелген табиғат қорғау шаралары нәтижесінде техникалық суды тұтыну көлемі шамамен 15 пайызға кемуі. Бұл сол суды қайта пайдалану нысанын қатарға қосу нәтижесінде мүмкін болмақ.

ТШО 2014 жылы кәріздік-тазарту нысандарын пайдалануға берді. Қазір мұнда тәулігіне 3700 текше метр сарқын су тазалануда. Бірлескен кәсіпорын бұл бағыттағы жұмысын алда да жалғастырады. Сонда қайта айдалатын су сапасы да әжептәуір жақсармақ. Рас, келешек кеңею жобасын жүзеге асыру кезінде суды тұтыну көлемі 50 пайызға өсуі ықтималдығы жоспарланған. Бұл, негізінен, құрылыс жұмыстарына қатысты болмақ. Ар жағында бірлескен кәсіпорын суды үнемдеу шарасын алмақ. Ал, біз үшін қызықты жоба – Жаңасу мен Төңірекшың суларын тұтыну. Бұл – шөлейтті аймақ болғанымен, ішкі мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану үлгісі. 

КӨНЕ ҚАҒАЗ ДА КӘДЕГЕ АСАДЫ

Аға ұрпақ мектепте оқып жүргенінде қағаз қалдықтарын жинағанын ұмытпаған шығар. Оны арнайы орынға тапсырып, қайта өңдейтін еді. Соны неге естен шығардық? Сайып келгенде, осы қағаздарды дайындау үшін ағаш пайдаланатындығын ескерсек, онда қаншама тал-теректі отауға тура келеді. Міне, ТШО компаниясы биылдан бастап ескі қағаздар мен картондарды қайта пайдалану жобасын қолға алды. Сөйтіп, Атырауда орналасқан бас кеңсесінен 13 тонна ескі қағаз шығарылып, Алматыдағы «ҚағазРисайклинг» қалдықтарды қайта өңдеу нысанында қажетті өнім етіп шығарылды. Соның нәтижесінде ғана 220 кәрі ағаш пен 170 текше метр ауыз су сақталған. Баршаға үлгі болар тамаша бастама емес пе? Қазір кейбір кеңселерден шығарылған қағаздар далада өртеліп жатыр.

Жалпы, ТШО қалдықтардың түзілуін де, оларды көмуді де, қысқартуды да  көздейді. Стратегиялық жоспар осы. Ал, қайта өңдеу мен пайдалануды арттыру – басты меже. Бүгінде бірлескен кәсіпорын қалдықтарды басқару бағытында қазақстандық тоғыз компаниямен келісім жасаған. Соның бесеуі атыраулық. Демек, біраз адамға тұрақты қызмет табылып отыр. ТШО полигоннан өңдеуге жіберілген қалдықтардың пайыздық көрсеткішін 2011 жылғы 28 пайыздан былтыр 48 пайызға дейін өсірді. 

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАЙҚАЛМАЙ ТҰР

Құлсарының төңірегін құс қанаты талатын биіктен шолып көріңізші. Кезінде бұрғылау қондырғыларын сүйреген, мұнай өндірген жерлер ойылып жатыр. Бұл – бұрынғы жылдардан қалған із. Жергілікті жұрт әзілдеп «таз жер» деп те қояды. Міне, сол маңға ТШО тал отырғызған екен, нәтижесі күткендегідей болмапты. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаевтың айтуынша, Теңіз кенішіндегі газ өңдеу зауытының маңына егілген көшеттердің көбі  өспей қалған. Ендеше, алдағы уақытта елді мекендерге назар аударған абзал.

Мұны Рзабек Артығалиев та жоққа шығармады. Расында да, далаға отырғызылған тал-теректердің 30 пайызы ғана жерсініп кеткен. Өзгелерінен қайтарым жоқ. Бұл – табиғаттың қаталдығы мен топырақтың тұздылығының салдары. Ал, ТШО көмегімен Құлсарыда тұрғызылған «Достық» және «Жансая» саябақтарына егілген ағаштар тегіс көктеген. Оларды –«тшолықтар» екі жыл қатарынан күтімге алып, биыл жергілікті атқарушы билікке тапсырған. Сонымен қатар, былтыр Жаңа Қаратон мен Қосшағылда егілген 2000 көшет те түгелге дерлік тамырларын жайған. Әйтсе де, республикалық санитарлық дәрігерлер кеніште тал отырғызуды талап етеді. Ал, бұл – жоғарыда айтқанымыздай, текке кеткен қаржы. Демек, жұртшылық пікірін жоғарыға жеткізген жөн.

…Қысқасы, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұған дейін жасаған жұмысы да, 2016-2018 жылдарға арналған табиғат қорғау шаралары да қоғамдық тыңдауда көпшілік көңілінен шықты. Сонау жылдары тау болып үйіліп жататын күкірттен түгел арылу, қуат тиімділігін арттыру, экологиялық сауаттылықты қалыптастыру, геодинамикалық мониторинг жүргізу, бүлінген жерлерді қалпына келтіру, т.б. шаралар қанағаттанарлықпен қабылданды. Ендігі тілек – бағалы бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз