Табиғатты сақтау – басты мақсат
Әр компанияның құрылған кезде алға қойған мақсаты, жауапкешілігі, өзіне тән бір ерекшелігі болады. Сондай алпауыт ұжымның бірі – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (бұдан әрі – NCOC) компаниясы. Мұнай өндіру жұмыстарымен қоса табиғатқа деген жауапкершілікті алғы шепке қойып, компания осыдан екі жыл бұрын өздерінің бесжылдық бағдарламасын қолға алды. Басты мақсаттың бірі Каспийдің итбалығын сақтап қалу, екіншісі қала мен өндіріс аумағында ауаның тазалығын сақтау, жанама әсерлерді азайту болып отыр.
Бесжылдық жетістік – 500 миллион баррел
Жуырда Атырауда NCOC компаниясы Жайық-Орхус орталығымен бірлесіп жұртшылыққа Каспий итбалығының популяциясын және атмосфералық ауа сапасын зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы хабарлау мақсатында жергілікті билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, ғалымдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Зерттеу жұмыстарын «Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС және «Қазақ қолданбалы экология агенттігі» ЖШС Қазақстан Республикасы мен Ресейдің ғылыми-зерттеу институттары мен аккредиттелген зертханаларының қатысуымен жүргізген.
Дөңгелек үстелдің ашылу салтанатына орай NCOC компаниясының Денсаулық, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі директоры Нұраш Әжіғалиев сөз алып, компанияның жетістіктері мен халыққа көрсеткен қайырымдылқ шараларын атап өтті.
NCOC компаниясы өзінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кешен орнында өндіру жұмыстары басталғалы құны 200 млн. долларды құрайтын 200-ден астам әлеуметтік-мәдени тұрмыстық жобаларды жүзеге асырды. Ел басына күн туып, әлемді індет жайлаған сәтте Атырау мен Маңғыстау облыстарының медициналық мекемелеріне үлкен қолдау көрсетті. Атырау және Ақтау қалаларында жаңа заманға сай жабдықталған жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына, әрқайсысына құны 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп, ел игілігіне табыстады.
– Мұнай саласындағы негізгі мақсатымыз мұнай мен газды өндіріп, ел экономикасына үлесімізді қосу. Сол жолда NCOC компаниясы көптеген жұмыстар жасап жатыр. Биыл қыркүйек айының аяғында бес жылдық мерзім ішінде шығарған мұнайымыздың көлемі 500 млн. баррелден асты. Сондай үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Бүгінде өндірістің деңгейі, күнделікті көрсеткіш – 410 мың баррелге жетті. Компанияның технология, қауіпсіздік, қондырғылардың сенімділігі бойынша көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр. Мұның бәрі өндірістік жауапкершілігімізді адал, абыройлы атқарғанымыздың нәтижесі.
Тағы бір жауапкершілігіміз өндіріс жұмыстарын жүргізе отырып, қоршаған ортаны сақтап қалу. Әсіресе, солтүстік шығыс нәзік Каспийдің итбалығын сақтау, табиғатқа өндірістен келетін әсерді неғұрлым төмен деңгейде ұстау және оны азайту. Осы орайда бесжылдық бағдарлама аясында жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз. Осыдан 15 жыл бұрын компания өз еркімен Атырау қаласында және Ескене маңында ауаның сапасын қадағалайтын 20 станцияны іске қосқан болатын. Бүгінде 8 станциямыз онлайн режимде нәтижелерін көрсетіп жатыр. Станциялардың бесеуі ауадағы газдың құрамын анықтайды. Қосымша метереологиялық көрсеткіштерді көрсетеді. Бүгін соның жұмыс барысымен сіздермен бөліспекшіміз, — деді Нұраш Сатыбалдыұлы.
Дөңгелек үстелде сөз алған Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов екі тақырып бойынша зерттеу қорытындыларымен танысып, көркеткіштердің толық талқылауға түсіп, нәтижелері қаралатынын айтты.
Каспий итбалығы – табиғат байлығы
Алғашықы зерттеу нәтижесі бойынша «КАПЭ» ЖШС директорының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Федор Климов Каспий итбалығының популяциясына жүргізілген кешенді зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Бұл зерттеулер Солтүстік Каспийде Каспий итбалығын зерттеу жөніндегі қазақстандық-ресейлік бағдарламаның (2019-2023 жж.) бір бөлігі. Бағдарлама болашақтағы ғылыми зерттеулер үшін итбалықтардың шоғырлану орындары туралы мәліметтер базасын жинақтауға арналған. Мамандар NCOC компаниясының қолдауымен Каспий итбалығын сақтау жөніндегі шаралар мен ұсыныстар әзірлеу мақсатында оның қазіргі кездегі санын, репродукциялық әлеуетін және қоректік қорын жақсырақ білу үшін оның популяциясына трансшекаралық мониторинг жүргізген.
Каспий итбалығы популяциясының қазіргі күйі 2019-2020 жылдары итбалықтарға ен салу және оларды Солтүстік Каспийдің қазақстандық секторынан радиомаяктардың көмегімен бақылау арқылы зерделенген. Сонымен қатар токсикологиялық, физиологиялық (серологиялық және гормондық), вирусологиялық және микроскопиялық зерттеулер жүргізу үшін итбалықтардан биологиялық материал үлгілері алыныпты. Итбалықтарға ен салу және оларды бақылау – жылдың түрлі маусымдарында олардың қоныс аудару жолдары мен негізгі мекендерін анықтауға үлкен мүмкіндік берген.
Зерттеу нәтижесі 2021 жылы итбалықтардың популяциясы 302 000-нан астам екенін көрсеткен. 2012 жылмен салыстырғанда итбалықтар 2021 жылы 19,7%-ға, өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға өскен. Яғни,10 жыл ішінде Каспий итбалығы популяциясының жыл сайынғы өсімі шамамен 1%-ды құрап отыр.
– Солтүстік Каспийде Каспий итбалығын зерттеу (2019-2023 жылдары) бағдарламасы Каспий теңізінің биологиялық алуандығын сақтау, биологиялық ресурстарын қорғау, қалпына келтіру, тұрақты және оңтайлы пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажет шаралардың барлығын орындауға бағытталған. Осы маңызды бағдарлама таяу жылдары Каспий итбалықтары қаншалықты жақсы көбеюде екенін және олар табиғи ортада өз популяциясын сақтауға қаншалықты қабілетті екенін білу үшін жеткілікті деректер алуымызға мүмкіндік береді, — дейді NCOC компаниясының биоалуандық және экологиялық мониторинг жөніндегі топтың жетекшісі, биологиялық ғылымдар кандидаты Сағиден Ербөлеков.
Мамандардың айтуынша Каспий итбалықтары өндіріске қарамастан өсу қарқынын жоғалтпауда. Тақырып аясында қатысушылар өз сауалдарына жауап алып, пікірлерімен бөлісті.
Таза ауа – жанға дауа
Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде Атырау мен Батыс Ескенедегі атмосфералық ауа сапасын зерттеу нәтижелері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жұмысты NCOC компаниясының 2018 жылы атмосфералық ауа сапасының өзгеру динамикасына бағалау жүргізу сұранысына сай «Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС (ААҚ РҒЗО) жүргізді. Қорытындысымен аталмыш орталықтың бас менеджері Тимур Құттығұл таныстырды.
2019 жылдан бері компанияның қаржыландыруымен «Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Gidromet Ltd» ақпараттық-өндірістік орталығы ЖШС Атырау қаласында және Батыс Ескенедегі «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы (МГКДҚ) орналасқан ауданда атмосфералық ауа сапасына кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай ауқымды зерттеулер Қазақстан бойынша алғаш рет жүргізіл отыр. Зерттеу жұмыстары деректерді тексеру мен талдау, мониторинг жүргізу, соның ішінде далалық өлшеу жұмыстары мен зертханалық сынақтар жүргізу сынды үш кезеңді қамтиды.
Осы зерттеулердің І-ші кезеңінде 2009-2021 жылдар аралығында атмосфералық ауа сапасы мен рұқсат беру құжаттары бойынша көп жылдар бойы жүргізілген бақылау деректері, сонымен қатар «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының мәліметтері тексеріліп, талданған. Зерделенетін параметрлер Атырау қаласы мен Батыс Ескенеде күкіртсутегі мен ұшпа органикалық қосылыстарды, сонымен қатар Атырауда азот оксидін, күкірт диоксидін және көміртегі оксидін қамтыды.
І-ші кезеңдегі зерттеу нәтижесі ауа сапасын бақылау стансаларында (АСБС) тіркелген күкіртсутегі бойынша атмосфералық ауа сапасы нормативтерінен арту жағдайларын көрсетті. Мұндай жағдайлар әдетте жылы күндерде аз ғана уақытқа созылады. Зерттеу деректері бойынша Атырау мен Батыс Ескенеде тіркелген нормативтен асу жағдайларының 92%-ы Атырау қаласына тиесілі. Атырау қаласына қатысты іс жүзіндегі асу жағдайлары Батыс Ескенедегі өнеркәсіптік аймаққа қатысты асу жағдайларынан 2-3 есе жоғары болды. Сонымен зерттеу қорытындысына сай Батыс Ескенедегі өнеркәсіптік аймақ Атырау қаласына жағымсыз әсер етпейді.
Атмосфералық ауа сапасын зерттеудің ІІ-ші кезеңі мониторинг бағдарламасын әзірлеуді қамтиды, бұл бағдарламаны кейін табиғат қорғау органдары бекіткен.
Ауа сапасын зерттеудің ІІІ-ші кезеңінде далалық өлшеу жұмыстары және атмосфералық ауа сапасын зертханалық зерттеу жұмыстары жүзеге асқан. Атмосфералық ауа сапасын бақылау жөніндегі далалық жұмыстар 2020 жылы күзде басталып, 2021 жылы қарашада аяқталған. Далалық өлшеу жұмыстары жыл бойы күніне төрт рет жүргізіледі. Деректерді тіркеудің дәлдігін қамтамасыз ету үшін репрезентативтік алаңдарда мониторинг бекеттері анықталған. Ол үшін Атырау аумағында он алты және Батыс Ескенеде қосымша мониторинг бекеттері, сонымен қатар жақын маңдағы Қарабатан, Ескене және Таскескен елді мекендерінде мониторинг стансалары іске жұмылдырылған.
Осы кезеңде жүргізілген далалық өлшеулер кезінде азот оксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді мөлшерінің қандай да бір асу жағдайлары анықталмаған. Осы өзгерістер де І-ші кезеңдегі күкіртсутегі мөлшерінің нормативтерден асу жағдайлары Батыс Ескенедегі өнеркәсіптік аймаққа қатысы жоқ екенін көрсетті. Зерттеулер барысында І-ші кезеңде анықталғаннан басқа қосымша ұшпа органикалық қосылыстар тіркелді. Алайда жаңадан тіркелген қосылыстардың себептерін немесе көздерін түсіндіре алатын қандай да бір параметрлер бойынша басым таралу (мысалы, басым жел бағыты) анықталған жоқ.
Консорциумның алау асты мониторингіні қамтыған өндірістік экологиялық бақылауы барысында Батыс Ескенедегі жерүсті өндірістік нысандардың көздерінде ластаушы заттектер шығарындыларының қандай да бір асу жағдайлары анықталмағанын атап өткен жөн. Бұл Батыс Ескенеде орналасқан өндірістік нысандардың жобалық көрсеткіштерге және қолданылатын стандарттарға сәйкестігін растайды.
NCOC өзінің өндірістік операцияларын рұқсат етілген шығарындылар нормативтері шеңберінде жүзеге асыруда және үнемі шығарындыларын одан әрі азайту мүмкіндіктерін іздейді және іске асырады.
Зерттеу жұмыстарын жүргізген орталықтың бас директоры, танымал ғалым Рысты Құттығұлова да мәселені осылай түйіндеді. NCOC компаниясының қоршаған ортаны қорғау менеджері Тимур Жантаев күкіртсутегінің ауаға әсерінтөмендетуге арналған іс-шаралармен таныстырып өтті. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен тиісті орган мамандары спикерлерге сауал жолдап, тартысты пікірталас болды.
– 12 жылдық кезең ішінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі Атырау қаласында тіркелген ластаушы заттектер концентрациясы нормативтерден асқан оқиғалар саны «Болашақ» зауыты іске қосылғаннан кейін көбеймегенін көрсетіп отыр. Зерттеулер сонымен бірге Батыс Ескене аумағындағы шекті рауалы концентрациядан (ШРК) асу оқиғаларының саны Атырау қаласындағыға қарағанда біршама аз екенін көрсетті. Ғалымдардың қорытындылары мен ұсыныстары мемлекеттік органдарға және өнеркәсіптік кәсіпорындарға жолданады. Атырау облысындағы табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыруда бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, — деді NCOC компаниясының ДЕҚҚОҚ жөніндегі директоры Нұраш Әжіғалиев.
Жүргізілген зерттеу жұмыстары осы нәтижемен тоқталып қалмайды. Жоғарыда айтылғандай бесжылдық бағдарлама аясында табиғат қорғау шаралары жалғасын табатын болады. Зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар мен мамандар бірауыздан өндірістің қоршаған ортаға келтірген зияны жоқ деп есептейді. Өндіріс жұмыстарымен қоса табиғат қорғау жауапкершілігн назардан тыс қалдырмаған компанияның кешенді жұмыстары туралы хабардар болып отыратын боламыз.
Салтанат Ақтәжиева