korgalzhynskii zapovednik 12

Атырауда Тасшағыл, Балбұлақ табиғи қорықтары құрылып, «жасыл белдеу» жасақталады

Жаңалықтар Экология

Атырауда экологиялық проблемаларды кешенді шешуге арналған «Жол картасы» жасақталды.

​ «Жол картасы» Атырау өңірінің экологиялық ахуалын оңалтуға, қаладағы атмосфералық ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. «Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен онлайн форматта өткен Атырау облыстық мәслихатының кезекті сессиясында айтылды» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің айтуынша, «Жол картасына» сәйкес, ауаға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін облыс аумағында 300 мың тоннадан 264,3 мың тоннаға дейін азайту көзделіп отыр.

«Жайық өзені бассейінің экологиялық сауықтыру және гидрологиялық режимін зерделеу жөнінде бағдарлама әзірленуде. ​ Және ағаш егу арқылы орман қорын молайту, елді мекендерді көгалдандыру, Атырау қаласы аймағында «жасыл белдеу» құру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылуда» деп атап өтті Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов.

«Жасыл белдеу» құру жобасына бірінші кезекте мұнай-газ саласындағы ірі табиғат пайдаланушы компаниялар тартылады.

«Сонымен бірге, Атырау қаласының сол жақ бөлігінде салынып жатқан кәріздік тазарту ғимаратынан шыққан техникалық суларды жасыл екпелерді суаруға пайдалану мәселесі де қарастырылып отыр. Және Желтау мемлекеттік табиғи паркін құру, Тасшағыл (Арал – Бәйтік) мемлекеттік табиғи қорығын құру, Балбұлақ мемлекеттік табиғи қорығын құру бойынша техникалық ғылыми негіздемелер жасақталуда. Табиғи қорықтардың құрылуы – облыс аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді» деді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан.

Мәслихат сессиясына арнайы қатысқан Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ауаға тасталатын өндіріс және түрлі қалдықтардың азаю динамикасы байқалып отырғанын атап өтті. «Дегенмен, мәселе бар. Жайықтың сол жағалауында кәріздік тазарту ғимараты іске қосылады, нәтижесінде «Сасық сай» буландыру алаңы қалпына келтіріледі.​ Жайықтың оң жағалауында да осындай ғимарат салу жоспарлануда. Және Атырау қаласының оң, сол жағалауларында, облыстың алты ауданында, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешендері салынады. Бұл шаралар облыс экологиясын жақсартуға жағдай туғызады» деп атап өтті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

img 20201031 wa0041

Еске сала кетелік, Атырау облысы бойынша экология департаменті ағымдағы жылдың тоғыз айында 46 мәрте тексеру жүргізді. Тексеру барысында еліміздің экологиялық заңнамасын бұзған 130 жағдай анықталып отыр.

«Анықталған деректер бойынша 54 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 88 миллион 422 мың 239 теңге айыппұл салынды. Айыппұл өндірілген компаниялар қатарында «Ембімұнайгаз» АҚ, «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ, «Атырау су арнасы» мекемелері бар» деді Атырау облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов.

img 20201031 wa0042
img 20201031 wa0040

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған