
Табиғатты аялау – ұрпақ алдындағы парызымыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласындағы «Жастар» саябағында ағаш егу акциясына қатысуы – елімізде экологиялық мәдениетті дамытудың нақты үлгісі болды. Президенттің экобелсенділермен бірге ағаш егуі – бұл сөзден іске көшудің айқын көрінісі әрі барша қазақстандыққа жасыл келешек жолындағы нақты үндеу деп білемін.
«Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» аясында 4,5 миллионнан астам көшеттің егілгені – бұл бір реттік шара емес, ұлттың табиғатпен үндестікте дамуына бағытталған тұрақты экологиялық саясаттың бір бөлігі. Ағаш егу – жай ғана экологиялық акция емес, бұл – болашаққа қалдырылған өмір тынысы, таза ауа мен сұлулықтың бастауы.
Депутат ретінде мен өз ұсыныстарымды білдіргім келеді. Аймақтық деңгейде тұрақты түрде көктем-күз мезгілдерінде «Жасыл апта» өткізіп отыруды дәстүрге айналдыру керек. Сонымен қатар тал-теректің күтіміне ұдайы мән беру — бірінші кезектегі мәселе болуға тиіс.
Оқушылар мен студенттерді экологиялық жобаларға тарту арқылы экобілім беруді тереңдету де маңызды.
Мекемелер мен кәсіпорындарға тиесілі аумақтарда ағаш отырғызу және күтіп-баптау бойынша жауапкершілік жүктелуі қажет.
Әрбір аудан, ауыл, ауылдық округ деңгейінде «Жасыл белдеу» жобасы қолға алынғаны жөн.
Экологиялық еріктілер қозғалысын жүйелі түрде қолдау және ынталандыру тетіктерін әзірлеудің де өзіндік мәні бар.
Табиғатты қорғау – жалғыз бір адамның немесе бір мекеменің ғана емес, күллі қоғамның ортақ ісі. Біз табиғатқа қаншалықты қамқорлық танытсақ, табиғат та бізге соншалықты кең құшағын ашады.
Атырау облысының тұрғындарын да аталған бастамаларға үн қосып, туған жерімізді көгалдандыруға белсене атсалысуға шақырамын.
Руслан КҮМІСҚАЛИЕВ,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты, “Байтақ” жасылдар партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы
Сурет: baq.kz