Табиғат жанашырларының талабы орындала ма?

9171b334 40f0 4b18 aeed 2aae7e55a6dd Экология

Биылғы сәуір айында аймақтағы экологиялық жағдайға байланысты рұқсат етілген митинг өткені белгілі. Сол кезде 540-тан астам адамның қолы қойылған талаптар қағазға түсіріліп, 18-ге жуық инстанцияға жолданған болатын. Алайда, тиісті құрылымдардың берген жауаптары қоғам белсенділерін қанағаттандырмай отыр.

– Митингтен соң жер қойнауын пайдаланушы ірі компанияларға, олардың еншілес ұйымдарына өз компанияларының экологиялық проблемаларын тиімді және мақсатты түрде шешу міндеті жүктелді. Сондай-ақ, талапта Атырау қаласындағы атмосфералық ауаны жақсарту, кәсіпорындар мен өндірістердің жұмысын жетілдіру бойынша нақты шаралардың талабы көрсетілген. Дегенмен, бұл міндеттердің орындалуы мардымсыз болып отыр. Біз алдағы қыркүйек айында «дөңгелек үстел» өткізуді жоспарлаудамыз. Соған дейін тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыратын боламыз. Айта кетер жайт, экобелсенділердің жұмыстарына кедергі келтіретін фактілер де кездесуде. Шілде айының 1-нен бастап ауданаралық экономикалық соттың шешімімен «Тухлая балка» және «Квадрат» булану алаңдарын пайдалану мерзімі аяқталды. Ол бойынша булану алаңдары жабылып, булану тоғандарының аумақтары жойылуы керек болатын. Сұйық қалдықтарды қазір жабық түрде сақтау керек. Қауіпті күкіртті сутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясының шкаладан тыс мөлшері облыс орталығындағы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес, деді «Жайық-Каспий Орхус орталығының» басшысы Шынар Ізтілеуова баспасөз мәслихатында.

Жиында «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина Чернова мен облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин сөз алды.

– Булану алаңдарында күкіртсутегі және метан болады. Өндірістерде азот диоксиді, күкірт диоксиді, күкіртсутегі, фенолдың бірнеше түрі бар. Одан соң өндіріс болған соң молекулалық ыдырау процесі болатыны белгілі. Булану алаңдарында күкіртсутегі рекордтық көрсеткіштер көрсетті, – деді А.Хайруллин.

Облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған экологиялық митингіде экобелсенділер Үкіметтің назарына бірнеше талап қойған болатын. Солардың қатарында, ірі мұнай-химия зауыттары халыққа орасан зор зиян тигізіп отырғандықтан, қалаға маңындағы зауыттарды қаладан 100 шақырым қашықтыққа көшіру туралы ұсыныс білдірген еді. Табиғат жанашырлары егер бұл ұсынысты орындау мүмкін болмаған жағдайда, экологиялық айыппұлдарды жергілікті бюджетке қайтаруды талап етіп отыр.

– Осыдан 14-15 жыл бұрын экологиялық айыппұлдар облыс бюджетінде қалып келсе, қазіргі таңда республиканың еншісіне тиеді. Облыс халқының зиянды қалдықтардан зардап шегіп отырғанына ешкімнің дауы жоқ. Облыс тұрғындары тегін медициналық сақтандырудан өтіп, жылына кем дегенде бір рет шипажайларда демалу мүмкіндігіне ие болуы керек. Қызметі жер қойнауын пайдаланумен байланысты кәсіпорындар тексеруге және қоғамдық бақылауға ашық болуын талап етеміз. Кәсіпкерлік кодекстен қоршаған ортаны корғау саласындағы уәкілетті органдардың ірі кәсіпорындарды тексеруін шектейтін нормаларды алып тастап, Экологиялық кодекске жаңартылған нормаларды енгізу кажет. Атыраулықтардың, әсіресе, жастар мен қарттардың денсаулығына орны толмас зиян келтіретін қамыс пен қоқыс өрттеріне жедел шара қолдануды да талап етеміз. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Ақ Жайық» қорығын облыстың қарамағына беруді немесе нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес толық қаржыландыруды қамтамасыз етсін, – деді экобелсенділер.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз