ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ – ТАБИҒАТТЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ
Буландыру алаңының бүгінгі ахуалы
Сауал: Жасыратыны жоқ, Атырау мұнай өңдеу зауытының ар жағындағы буландыру алаңының мәселесі көп жылдан бері жыр болып келеді. Жұртшылық көбіне кәсіпорынды кінәлайды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы: Бұл – орынды көтеріліп отырған мәселе. «Жел болмаса, шөптің басы қозғалмайды» дегендей, зауыт қызметінің қала ауасына кері әсер етіп отырғандығы даусыз. Оның маңынан жағымсыз иіс шығатынын да жоққа шығаруға болмас. Тұрғындар тарапынан шағымданушылар көп.
Расында да, зауыт маңындағы буландыру алаңының мәселесі қашан шешіледі? Кәсіпорын оған әбден тазаланбаған мұнай қалдықтарын тастап жатқан жоқ па?
Өтесін УАНДЫҚОВ, Атырау мұнай өңдеу зауыты табиғат қорғау бөлімінің басшысы: «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, сол маңнан жағымсыз иіс білінсе, біздің кәсіпорынды кінәлап жатады. Жақында қоғамдық тыңдау өткіздік. Оған ғалымдар мен мамандар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Ешкімнен еш нәрсені жасырып жатқанымыз жоқ.
Баршаға мәлім, 2003-2006 жылдары зауытты жаңғыртудың бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Жапондықтармен бірлесіп атқарылған шара өнім сапасын жақсартумен қатар, қоршаған ортаны сауықтыруға да бағытталды. Соның нәтижесінде мұнай өнімінің қалдығы 59 есе азайды. Бұл – жалаң цифр емес, нақты дәйек. Өзге көрсеткіштер де оңға басты.
Енді буландыру алаңы жөнінде. Ол кеше ғана пайда болған жоқ, әуелден бар. Рас, алаң зауыт маңында орналасқан. Бірақ, соны тек біз пайдаланып отырмыз ба? Атырау қаласының сол жақ бөлігі тұрғындарының, сыпайылап айтқанда, күнделікті шығаратын қалдығы да осында құйылады. Сол сарқынды сулармен қатар он шақты ірілі-ұсақты кәсіпорындар да қалдықтарын осында тастайды. Сайып келгенде, біздің үлесіміз бүгінде 20 пайыз шамасында ғана. Өзгесі басқа көздермен толысады.
Жәукен КӨШЕНОВ, партия ардагері: Маған белгілі мәліметтерге қарағанда, өңірде өмірге келген сәбилердің 60 пайызы аурушаң екен. Себебі неде? Өйткені, бала туу жасындағы әйелдердің өздері дертті. Олар, алдымен, денсаулықтарына зиянды цехтарда еңбек етеді. Жұмыс барысында улы химикаттарды жұтады. Міне, солардың саулығы жеткілікті қорғалған ба? Зауыт маңындағы лас суға шыққан шөпті сол жердегі тұрғындардың малы жейді. Ал, біз сол төрт түліктің өнімін пайдаланып отырмыз. Еті мен сүтін тұтынамыз. Кәсіпорын төңірегі түгел уланған.
Ө.УАНДЫҚОВ: Зауыт маңында Аджип ҚКО компаниясы қондырған бірнеше ауа тазалығын бақылайтын станса бар. Солар 21 рет тексеру өткізді. Сонда белгілі болғаны – жағымсыз иіс негізінен қаладан келетін сарқынды сулардан шығатыны. Жасыратыны жоқ, күкіртті сутегі қосындысы да байқалады. Ол құбырға қайдан қосылған? Міне, осы жайды анықтау қажет. Сол жерде зерттеу жұмыстарын жүргізген зертхана қызметкерлері тұншығып та қала жаздаған. Қазір бізде мазут жағылмайды. Әлдеқашан табиғи газға көшкенбіз. Ендеше, ауаға да залалды қалдықтарды көп тастамаймыз.
Орақ БИСЕМБИЕВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары: Өте орынды мәселе көтеріліп отыр. Экологиялық ахуал туралы ашық айту қажет. Бүгінде республика бойынша өндірілетін «қара алтынның» жартысына жуығы бізде. Өзге де ірі кәсіпорындар бар. Солардың бәрі қоршаған ортаға әсер етіп отыр.
Атырау мұнай өңдеу зауыты қала ортасында қалды. Сол себепті, тигізіп отырған әсері де көп. Оны ешкім де жоққа шығармайды. Қазір қалада 14 ауа тазалығын қадағалайтын станса орнатылған. Солардың көрсеткіші бойынша күкіртті сутегі көлемі рұқсат етілген мөлшерден тым артық.
Мен буландыру алаңын тексерген зертхана қызметкерлерімен бірге болдым. Күні-түні жүрдік. Сол маңда тынысыңды кең алып, демалу мүмкін емес. Өзге кәсіпорындардың да үлесін жоққа шығармалық, бірақ зауыттан шығып жатқан зиянды қалдықтар басым. Мәселен, осында жылына бес миллион тонна шикі мұнай әкелінеді екен. Соның 56 пайызы ғана өңделетін көрінеді. Сонда қал-ғаны қайда? Кәдеге аспай жатыр ма? Әлде қалдық ретінде далаға тастала ма?
Е.ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ: Қала ауасына кері әсер ететін ластаушы көздерге автокөліктерден шығатын улы газдарды да қосуға болады. Мәселен, облыста 2009 жылмен салыстырғанда көліктер саны 70 пайызға артыпты. Тек Атырау қаласында ғана екі есеге көбейген. Мұның бәрі – сапасыз бензиннің салдарынан. Сонда өзіміздің зауытта қашан жақсы жанармай шығарылады?
Ө.УАНДЫҚОВ: Қазір зауытта қайта жарақтандыру бойынша екі іргелі жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі бензин сапасын жақсартуға тура қатысты. Мәселен, хош иісті көмірсутегін алу жобасы жанармай құрамындағы бензолды бөлуге бағытталған. Бүгінде ол алты пайыз шамасында. Ал, озық талаптарға сәйкес бір пайыздан аспауы тиіс. Міне, сол межеге қол жеткізсек, жанармай сапасы да жақсарады. Көліктерден қоршаған ортаға келер зиян айтарлықтай кемиді.
Екінші жоба – шикі мұнайды барынша тереңдетіп өңдеу. Бұл да – бүгінгі күннің қажеттілігі. Бағана зауытқа әкелінген «қара алтынның» түгел өңделмейтіндігі туралы айтылды. Көне кәсіпорынның қазіргі мүмкіндігі оған жетпейді. Сондықтан, осы қос жоба толық жүзеге асырылғанда зауыттан шығарылатын бензин де тазарады, өзге салаға қажетті бензол да бөлінеді, шикізат та барынша тиімді пайдаланылады. Оған да бірер жыл ғана уақыт қалды. Байырғы өндіріс ошағының екінші тынысы ашылатын кез жақын.
Ал, буландыру алаңына қатысты әңгімені түйіндесек, кезінде қаладан келетін сарқынды суды биологиялық тәсілмен тазалайтын қондырғы құрылысы басталып еді. Сол аяқсыз қалды. Осы мәселені шұғыл шешкен жөн. Сонда кімнің қандай қалдық тастап жатқандығы белгілі болады.
О.БИСЕМБИЕВ: Қаланың оң жағындағы сарқынды суларды айдайтын кәріздік-сорғы имараты бар. Рас, тазалау қондырғысы орнатылмаған. Сол жағалаудағы осындай жабдық үшін о баста 8 млрд. теңге бөлінген-ді. Қазір тағы бес миллиард теңге қажеттігі туындады. Облыстағы біраз құрылыстарға қатысты нендей ахуал қалыптасқанын білесіздер. Демек, әрбір жоба жеткілікті қаражатты қажет етеді. Бірақ, тазалау қондырғысы қайткенде де орнатылады. Әйтсе де, сол буландыру алаңында қатып қалған мұнай қалдықтары жатыр. Әбден сіңіп кеткен. Сол жылдар бойы осында тасталған зауыт қалдығы емес пе? Ендеше, соны кім тазалайды?
Жайық жұқарып, Қиғаш қақсып…
Сауал:Елбасы алдымыздан кездесер ықтимал қатердің қатарына ауыз су тапшылығын да қосқан-ды. Келешекте бір жұтым судың құны «қара алтыннан» да қымбат болар түрі бар. Осы төңіректе сөз қоз-ғасақ қайтеді?
Е.ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ: Жайық пен Қиғаш – жағрапиялық тұрғыдан құрғақ саналатын өлкеге табиғаттың берген сыйы. Ауыз суға да, егіншілікке де сұранысымызды солармен өтеп отырмыз. Балығымыз да сонда.
Алайда, соңғы кезде Жайықтың басына қауіп шындап төнді. Ахуал дабыл қағарлық жағдайға жетті. Өзеннің облыстағы деңгейі жыл санап тартылып келеді. Оған себеп – жоғары сағада су қоймаларының көптеп салынуы. Әсіресе, ресейліктер мол суды алдымен өздері алып, артығын ғана төменге жібереді. Жалпы, трансшекаралық су көздерін пайдалану туралы халықаралық келісім де бар. Бірақ, соның орындалысы көңіл көншітпейді. Үкіметаралық комиссия да құрылды. Бірнеше мәрте кездесулер де ұйымдастырылды. Сондай басқосулардың бірі Атырауда да өтті. Әзірге нәтиже мардымсыз.
Қиғаштан асып жететін Еділ суына біраз салмақ салынған. Оны көршілес Маңғыстау халқы мен Жылыой жұрты, ішінара Исатай ауданы тұтынады. Енді осы құбырдың бойына жаңадан бой көтеріп жатқан ірі өндіріс ошақтарының бәрі жалғануда. Қазір 54 табиғат пайдаланушы қолданады екен. Солардың жартысынан көбі – мұнай-газ саласы кәсіпорындары. Республикадағы бірінші газ-химия кешені де жалғанғалы жатыр. Тым көп емес пе? Неге баламалы су көздері ізделмейді?
Константин КУЛАГИН, еңбек ардагері: Табиғи байлығымызды тағылықпен тұтынып жатырмыз. Мен сонау 1996 жылдан бері Каспий теңізінің, Жайық пен Қиғаш өзендерінің проблемасын қозғап келемін. Осы тақырыпта он шақты кітабым да жарық көрді. Баспасөз бетінде жүздеген мақалам жарияланды. Содан бері оңға өзгерген ахуалды көргенім жоқ.
Жақында білдім, балықшылар күзгі тартымда теңізге шыға алмапты. Өйткені, оның өзенмен сабақтасар сағасы тым тайызданып кетіпті. Кемелер жүрісіне қауіпті, себебі қайырлап қалуы ықтимал. Міне, осындай жағдайға жеттік. Су астын тереңдету жүйелі жүргізілмеді. Осы орайда, өз ойым, Жайық үстінен көпірлерді тұрғыза бергенше, солардың бір-екеуінің ақшасын Каспий мен Жайықтың арасын қазуға жұмсаған жөн еді.
Жалпы, Жайықтың да, Қиғаштың да тағдыры көрші мемлекеттің қолында. Жоғарыдан келетін лас суды біз тұтынып отырмыз. Сол су теңізге құяды. Оны да ластайды. Ең қауіптісі – айдын төсінде бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, одан өнім алу көзделуі. Каспий – тұнық су көзі. Мексика шығанағында орын алған апатты әлем жұртшылығы ұмытқан жоқ. Ал, сондай жағдай бізде болса, онда теңіздегі жануарлар мен өсімдіктер әлемі түгел құртылады. Экологиялық апат дегеніміз, міне, осы.
Е.ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ: Бүгінде Жайықтың төменгі бөлігінде суға батқан бірнеше кеме жатыр. Олар су үстіндегі қозғалысқа кедергі келтіреді. «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы іске қосылғанда айдынға тасталар залалды заттар көлемі рұқсат етілген мөлшерден 800 есе асып түседі екен. Жобада солай көрсетілген. Ал, қазіргі ішіп отырған суымыз таза ма?
Дариға БЕРНИЯЗОВА, Атырау мұнай-газ институтының экология пәнінің мұғалімі: Әрине, су сапасын қадағалайтын уәкілетті органдар бар. Солардың беріп отырған сараптамасына қарағанда, стандартқа сәйкес келеді. Демек, тұтынуға болады. Қазір зерттеу жұмыстары түрлі технологиялық тәсілдермен, соның ішінде компьютер көмегімен жасалады. Негізі, қолмен анықтаған дұрыс. Оның да әдістемесі бар. Соны жас мамандар тұтынбайды.
Өздеріңіз байқап та жүрген шығарсыздар, Жайықтың жағасын қамыс басқан. Су тартыл-ған соң солай болады. Оны да мезгілімен тазалаған жөн еді.
Әбілхан Төлеуішов, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Атырау филиалының саяси жетекшісі: Өзен тек қана жоғарыдан келетін сумен ластанып жатқан жоқ. Оған өзіміз де үлес қосып отырмыз. Мәселен, Ерік-Мостовой каналының о бастағы бағыты дұрыс болатын. Яғни, ол қаланы айналып өтіп, буландыру алаңымен қосылуы қажет еді. Аймақтың басшысы ауысты, каналдың бағыты да басқаша бұрылды. Енді оның суы өзенге қайта құйылады. Ал, канал лас. Оған тұрғындар түрлі тұрмыстық қалдықтарын тастаған. Жалпы, Жайықтың проблемасы туралы ашық айтатын кең басқосу қажет. Сонда көтерілген мәселе Астанаға жетіп, тиісті шешімі алынуы тиіс. Әйтпесе, бүгінгі айтылғандардың дені осы жерде қалып қояды.
Бітпеген құрылыс, өртенген қалдық
Сауал: Атырау қаласының маңында салынып жатқан тұрмыстық қалдықтар полигоны әлі дайын емес. Кешегі кеңестік кезде мұндай нысандарды «сақалды құрылыс» дейтінбіз. Дәл соның өзі болды. Бұл қалай?
Е.ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ: Өкінішке орай,өңірдегі полигондар мен түрлі қоқыс жинайтын орындарда үш миллион тоннадан аса қалдықтар жатыр. Әр жылы 200 мың тонна өндірістік және 40 мың тонна тұрмыстық қалдықтар пайда болады екен. Осы қарқынмен кете берсек, онда қоқысқа көмілетін түріміз бар. Оның үстіне, облыста қауіпті қалдықтардың 86 түрі бар екен. Бүгінде компаниялар басшылары тиімді тәсілді тауып алыпты. Олар қалдықтарды өздері тасымайды, мамандандырылған мекемелерге тапсыра салады. Соңғыларының қоқыстарды қайда апарып жатқандығымен ісі де жоқ, ешқандай қадағаламайды. Соның салдарынан кейбір көліктер жүргізушілерінің жүктерін далаға тастай салып немесе майларын кез-келген орынға ағызып кеткен оқиғалары тіркелуде. Олар мұны түн қараңғысында көзден таса, назардан тыс жерде істейтіндіктен, ұстап алу да қиын.
Елді мекендердегі қоқыс төгетін орын нағыз иесіздікке ұшыраған. Олар экологиялық та, санитарлық та талаптарға сәйкес келмейді. Атыраудағы тұрмыстық қалдықтар полигоны да әбден тозған. Мұнда жиі өрт шығады. Қаланы басқан қара түтін мен қоңырсыған иісті жиі байқайтын болдық. Сонда полигон құрылысы қашан бітеді?
О.БИСЕМБИЕВ: Жоғарыда айтқанымдай, қазір облыстағы кейбір құрылыс нысандары проблемалы болып тұр. Көбінің қаражаты кезінде аударылғанымен, жұмысы бітпеген. Аймақ басшылығы ел Үкіметінен қосымша қаржы сұрауға мәжбүр болды. Қазір бұл мәселе оңтайлы шешіліп келеді. Кезінде полигон құрылысы 1 млрд. 700 млн. теңгемен басталды. Алғашқыда онымен Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық агенттігі шұғылданды. Қазір ол таратылды.
Жалпы, тұрмыстық қалдықтар – нағыз шикізат көзі. Оны жерге көміп тастау – оңай тәсіл. Сонымен қатар, қыруар пайдадан да қағылып отырмыз. Мәселен, неге сол қалдықтарды сұрыптап, одан әрі кәдеге асырмаймыз? Бұған қызығушылық танытатын кәсіпкерлер табылуы да мүмкін. Кейбір шет елдерде қалдықтарды жағып, одан электр энергиясын алады. Әрі тұтынушыларға арзан энергетикалық қуат беріледі, әрі төңірек қоқыстардан тазартылады. Міне, біз де сондай тәсілге ұмтылудамыз.
Ә.ТӨЛЕУІШОВ: Полигонда қазірдің өзінде сұрыптау жүріп жатыр. Менің білуімше, кейбіреулер сондағы пластикалық ыдыстарды жинап жүрген көрінеді. Қалай кәдеге жаратып жатқандығын, бұл ісінің қаншалықты заңдылығын білмеймін, бірақ сондай ақпарат бар.
О.БИСЕМБИЕВ: Аяқталмай жатқан құрылыстарға оралсақ, мемлекеттік сатып алуға қатысты қолданыстағы заңдылықтар бар екендігін естен шығармалық. Бәрі де сол заң бойынша реттеледі. Сондықтан, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны да, кәріздік тазарту имараттары да пайдалануға беріледі. Әрине, уақыт қажет.
Жалаң бағдарлама – жұртшылыққа жат
Сауал: Қоғамдық тыңдауларға қатысып жүреміз, редакцияға хаттар түсіп жатады. Сонда байқайтынымыз – жұртшылықтың экологиялық ақпараттан бейхабарлығы. Соның орнын қалай толтырамыз? Қайткенде халықтың сауатын ашамыз?
Фарида АХМЕТОВА, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі: Жалпы, білесіздер ме, жұртшылықтың экологиялық проблемалар жөніндегі түсінігі төмен. Расында да, соларды сауаттандыру керек. Олар нақты мәліметтерге ие емес. Демек, солармен жұмысты жандандыру қажет. Халықтың ортасына барған жөн. Жиі араласқан абзал.
Ә.ТӨЛЕУІШОВ: Жұртшылық бейхабар емес. Халық бәрін көріп отыр. Қоршаған ортаның бұзылып жатқандығын, табиғатқа аса ауыр салмақ салынуда екендігін біледі. Өйткені, оның зардабын алдымен сезініп отырған да солар. Себебі, бұған дейін де айтылып жүргеніндей, түрлі дерт пайда болды. Сырқатқа шалдыққандар саны артып та келеді. Сондықтан, халық жалаң бағдарламаны қабылдамайды. Ақпарат жеткілікті. Теледидар бар, күнделікті газеттер бар, әйтеуір, құлағдар ететін құралдар көп. Интернет арқылы алады керегін. Тіпті, күнделікті көріп те отыр. Сол себепті, жұртшылыққа нақты бағдарлама ұсынып, соның орындалысын қатаң қадағалау қажет.
Ф.АХМЕТОВА: Бірқатар ақпарат, мүмкін, жеткілікті де болар, бірақ соны жұртшылықтың дұрыс қабылдауын қамтамасыз етуіміз керек. Жалпы, қоршаған ортаны қорғау мәселесі «Нұр Отан» партиясының да ұдайы назарында. Оны біз де жан-жақты талқылаймыз. Атырау облыстық және қалалық, сондай-ақ аудандық мәслихаттардағы депутаттарымыз арқылы табиғатқа қатысты проблемаларды үнемі көтеріп отырамыз. Өкілетті органдар өкілдері Теңіз кенішінде, өзге де өндіріс ошақтарында болды, сондағы ахуалмен танысты. Одан тиісті қорытынды шығарылды.
Айтылған сөз Парламентке жетсе…
Сауал: Байқап отырсақ, осы жерде айтылғандардың көбі қомақты қаржыға тірелетін тәрізді. Проблемалы құрылыстар мәселесі тағы бар. Соның бәрін жергілікті бюджеттің ақшасына шешу мүмкін емес. Демек, орталықтан жеткілікті қаражат бөлінгені дұрыс. Сондықтан, Атыраудан сайланған Парламент депутаттарын да құлақтандырған дұрыс шығар. Қандай пікірлер бар?
Е.ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ: Міне, бүгінгі басқосудың түйініне де таяп келеміз. Мақсатымыз – қазір осы жерде айтылғандарды Астанаға жеткізіп, Парламенттегі депутаттарымыз арқылы қозғау салу. Мәселен, өңірдегі ірілі-ұсақты компанияларға табиғат заңдылықтарын бұзғаны үшін көп көлемде айыппұлдар салынып жатыр. Содан неге экологиялық қор құрмасқа? ТШО, Аджип ҚКО, «Ембімұнайгаз», т.б. іргелі кәсіпорындардың қоршаған ортаға қатысты төлеп отырған төлемдерінің бестен бірін осы мақсатқа пайдалансақ, қаншама игілікті іс тындыруға болады? Көп мәселенің түйіні тарқатылар еді ғой.
Ә.ТӨЛЕУІШОВ: Парламентте «Нұр Отан» партиясының мүшелері басым. Демек, салмақ та соларға көбірек салынуы тиіс.
Бір кездердегідей өңірлік коэффициентті қайтадан қалпына келтіру керек. Расында да, сонау кеңестік кезде су тапшылығына байланысты, өңірдің шөлейтті екендігі ескеріліп, осындай үстеме берілетін. Көршілес Маңғыстауда да болды. Қазір ол жақта бар ма, жоқ па – оны білмеймін. Ал, бізде су тапшылығы жойылып, жағдай жақсарған жоқ қой. Керісінше, оның жетіспестігі бұрынғыдан да қаттырақ сезілуде. Қоршаған ортаға қосымша проблемалар қосылуда. Ендеше, сол үстемені неге қысқартты? Міне, соны шешіп берсін Парламенттегі атыраулық депутаттар.
Д.БЕРНИЯЗОВА: Жайық деңгейі жыл санап түсіп келеді. Үкіметаралық комиссия қызметі еш нәтиже бермеуде. Ендеше, депутаттар қозғау салғаны жөн.
К.КУЛАГИН: Тек Жайық қана емес, анау Қиғаштың да, өзге де су көздерінің проблемасын түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сайып келгенде, трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде халықаралық келісім бар. Сол орындалуы керек. Шөлдеген халық соны күтіп отыр.
Асқар САТЫБАЛДИЕВ, «Казкоммерц-Lite» өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау филиалының директоры: Үкімет біздің өңірді экологиялық ахуалы ауыр аймақ ретінде мойындауы керек. Ал, осындағы әрбір ірілі-ұсақты компаниялар адамдарының өмірін сақтандыруды қолға алуы тиіс. Тіпті де қымбат емес, әр адамға жылына 15 мың теңге ғана. Бүгінде, өздеріңіз тілге тиек еткендей, ұйқыдан оянбай қалушылық көбейді. Адамдар ақырғы сөзін де айтып үлгере алмайды. Содан сақ болған жөн.
О.БИСЕМБИЕВ: Өз басым Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қысқартылғанына қарсымын. Рас, қазіргі құрыл-һған жаңа құрылым бұл мәселемен де шұғылданады. Бірақ, өз алдына дербес болғаны жөн еді. Мүмкін, республиканың өзге өңірінде экологиялық ахуал ауыр емес шығар? Бірақ, бізде өндіріс ошақтарының мол шоғырлануына байланысты көптеген проблема бар. Міне, соны жоғарыдан шешетін тікелей мемлекеттік құрылым қажет еді.
Ж.КӨШЕНОВ: Өз басым ешқашан ешкімге жалтақтап ғұмыр кешкенім жоқ. Ендеше, өзгелердің де мәселені батыл қойғанын қалаймын. Сондықтан, жоғарыны қозғау қажет.
Ө.УАНДЫҚОВ: Расында да, көп мәселе жоғарыда шешіледі ғой. Біз бұл жерде қозғаушы ғанамыз. Менің ойымша, буландыру алаңына қаладан келетін сарқынды суларды тазарту қондырғысын жеделдете шешкен жөн. Ол өте маңызды. Бұған жергілікті бюджеттен қаржы жетпесе, Астанадан сұраған дұрыс.
ТҮЙІН
Міне, «дөңгелек үстел» басына жиналғандар осындай проблемаларды ортаға салып, шешу жолдарын да айтты. Басқосу қорытындысымен оған қатысқандар бірнеше нақты ұсыныстарын білдірді. Мәселен, алдымен, табиғат заңдылықтарын бұзғандарға салынып жатқан айыппұлдар есебінен экологиялық қор құру қажет. Одан әрі, облыстық мәслихат арқылы өңір тұрғындарының саулығы үшін 20 пайыздық үстемені қалпына келтіру керек. Сонымен қатар, аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында ахуалы ауыр аудандар айықтырылуы тиіс. Сондай-ақ, халықтың, соның ішінде жастардың арасында экологиялық құндылықтарға оң көзқарас қалыптастырған жөн.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.