
Суды үнемдей білу — келешекке қамқорлық
Суды үнемдей білу – табиғатты қорғаудың маңызды қадамдарының бірі. Бұған әр адамның бейжай қарауына болмайды, өйткені тіршілік көзі саналатын судың болашақта басты проблемаға айналатыны анық. Бұл туралы Атырау қаласындағы Ф.Досымова атындағы №12 орта мектепте өткен «Біз және табиғат» тақырыбындағы кездесуде жан-жақты айтылды. Жиынға табиғат қорғау саласының мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, экологиялық мәдениетті көтеру, ормандарды сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.

Кездесуге Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы, эколог Руслан Күмісқалиев, Атырау орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Өркен Қапанов және Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «Жаныңдамын» қоғамдық қорының директоры Мейрамгүл Есниязова қатысты.

Эколог Руслан Асылбайұлы «Суды үнемде, болашақты сақта!» тақырыбында баяндама жасап, мектеп оқушыларына су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді. Ол өз сөзінде жуырда облыстық “Атырау” газетінің редакциясы ұйымдастырған подкаст алаңында осы тақырып төңірегінде де біраз мәлімет айтылып, тақырып жан-жақты талқыланғанын және бұл мәселе қоғамда әлі де айтыла түсуі қажеттігін атап көрсетті. Оқушылар экология мәселелері бойынша пікір білдіріп, суды үнемдеуге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Ал Өркен Бақтиярұлы «Қазақстандағы ормандарды адамдардың игілігі үшін сақтау» тақырыбында сөз сөйлеп, ормандардың климатты реттеудегі рөлін, табиғи апаттардың алдын алудағы маңызын түсіндірді. Сонымен қатар аймақта эколог мамандардың тапшылығы мәселесін көтеріп, жас ұрпақты экология саласын таңдап, осы мамандықты меңгеруге шақырды.
Жиын барысында шетелдегі су үнемдеу шараларынан түрлі мысалдар келтіріліп, мұндай талаптарды біздің елде де қазірден бастап енгізу қажеттігі айтылды.

– Бұл міндеттер адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастырады. Ал бұдан ешкім де зардап шекпейді. Керісінше, суды үнемдеуді қазірден бастасақ, болашаққа қамқорлық жасағанымыз, — деді Мейрамгүл Есниязова.
Айта кету керек, аталған іс-шара облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ