Жарнама
Экология

Суды тиімді пайдалану қажет

Президент Жолдауында судың тапшылығы күннен-күнге сезіліп келе жатқанын, суды тұтыну мәдениетінің төмендігін ерекше атап өтті. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Сондықтан бұл салаға үстірт қарауға болмайды. Су қауіпсіздігі – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының, тіпті ұлттық қауіпсіздіктің кепілі.

8643cede 67f7 40be b793 cd1b08f820b5

Соңғы жылдары мемлекет деңгейінде үлкен қадамдар жасалды. Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Ендігі міндет – осы саясатты нақты іспен жүзеге асыру. Ол үшін кәсіби мамандарды дайындау, суды есепке алуды цифрландыру, жасанды интеллект негізінде мониторинг жүргізу, ұлттық су теңгерімін қалыптастыру қажет. Президент атап өткендей, бұл жұмыстарсыз біз саланы бақылап, инвестиция тарту мүмкін емес.

Осы міндеттер біздің өндірістік учаскемізде де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі уақытта Тайсойған мен Қарасу жерасты су қорынан он екі елді мекенге ауыз су жеткізіліп отыр. Соңғы жылдары жаңа құбырлар тарттық, электр желілерін жүргіздік, трансформатор орнаттық. Болашақта ұзындығы 73 шақырым болатын жаңа су желісі іске қосылғанда, ауылдарға суды тұрақты түрде жеткізу мүмкіндігі артады деп сенеміз.

Президент айтқандай, цифрландыруға да ерекше мән беріп отырмыз. Қазір электронды есептегіштерді орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл су үнемдеуге де, әділ есеп айырысуға да ықпал етеді. Егер су үшін төлем жасалмаса, автоматты түрде тоқтатылатын жүйелер енгізілмек. Осы арқылы халық арасында суды тек ауыз суға пайдалану мәдениетін қалыптастыруға күш саламыз. Өйткені бау-бақша суару, малды суару немесе құрылысқа ауыз суды бей-берекет жұмсау – үлкен ысырап.

Тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Президентіміз кәсіби кадрлар дайындау қажеттігін бекер айтқан жоқ. Гидротехника, гидрогеология, су саласына байланысты мамандықтарға сұраныс өте жоғары. Біз тәжірибеден білеміз: бұл салаға кәсіби білімді, білікті мамандар ауадай қажет.

Жолдаудағы стратегиялық бағыттар біздің өңірлік деңгейдегі жұмысымызбен толық үндесіп отыр. Біз инфрақұрылымды жаңғырту, суды үнемдеу, цифрландыру, маман даярлау арқылы ғана су тапшылығын еңсеріп, елдің болашағына сенімді негіз қалап бере аламыз. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің бүгінгі қадамымызға байланысты.

Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ,

«Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесінің басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button