СУ ДЕҢГЕЙІНДЕ АУЫТҚУШЫЛЫҚ БАР
«Қазгидромет» РМК-нан алынған ресми ақпараттан соңғы тәуліктерде Жайық өзені суының деңгейінде айтарлықтай ауытқушылықтардың бары айқын аңғарылады. Мәселен, Жайық өзенінің бойындағы Индер және Махамбет Индер ауылдарының тұсында ол 24, Атырау қаласында 13 сантиметрге дейін көтерілген.
Осы мәліметті негізге алған «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, осы кәсіпорынның Батыс Қазақстан облыстық филиалына қарасты бірнеше гидробекетте өзен суының деңгейі 4 см-ге көтерілсе. Көшімде 5 см-ге төмендеген. Дегенмен «Орал-Тайпақ» гидробекетінде орташа есеппен алғанда тәулігіне 10 см-ге дейін көтеріліп отыр. Оның үстіне, 19-30 сәуір аралығына Еділ гидробекеті арқылы лақтырылатын су шығынының есебін бекіткен. Мамандардың түсіндіруінше, мұның өзі қалыптасқан жағдайды реттеп отыруға мүмкіндік береді.
Ал, «Ембі-Ақтоғай» гидробекетінде судың деңгейі 2 см-ге төмендеп, жалпы су тасқыны басталғаннан бергі кезеңде 117 см-ге көтеріліпті. Сол сияқты, Ақтөбе облысының жоғары тұсында орналасқан «Ембі-Жағабұлақ» гидробекетінде су деңгейінің біртіндеп төмендей бастағаны байқалса, «Ембі-Саға»-да 18 см-ге көтерілген болып шықты. Керісінше, «Ойыл» гидробекетінде тәулігіне тұрақты түрде 7 см-ге төмендеп келеді екен.
- Атырау облысының аумағындағы Ойыл мен Сағыз өзендерінде гидробекет болмағандықтан ондағы жағдай туралы нақты айту қиын. Осы жылдың 1 наурызындағы болжамда Ойыл өзені суының көлемі 32-48 млн.текше метр аралығын құрайтыны көрсетілген. Қазіргі уақытта «Қазгидромет» РМК Ақтөбе филиалынан күнделікті шығарылып тұратын гидрологиялық бюллетенге сәйкес, 20 сәуірде Ойыл өзеніндігі судың деңгейі 680 см-ді құрапты. Егер, болжам бойынша оның қауіпті деңгейі 900 см екенін ескерсек, жағдайдың қалыпқа түсіп келе жатқанын білуге болады, — дейді бассейндік инспекция басшысы.
Оған қоса, «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының 18 сәуірге берген мәліметінде «Ералы» гидроторабындағы судың лақтырылу көлемі 10 млн. текше метрді құраған. Күні бүгінге торап есіктерінің бәрі ашық. Оның төменгі ағысына келетін судың көлемі 164 млн. текше метрге жуықтаған. Тарқатып айтқанда, судың көлемі: Ойылда – 85,176, Көздіқарада – 80, 210, Лиманда – 11, 586 және Жарыпшыққанда – 7, 016 млн. текше метр шамасында болып тұрған көрінеді.
Тұтастай алғанда, су деңгейінің тәліктік ауытқуы (көтерілу бағытына қарай) Жайық өзені бойынша: Индерде – 23, Махамбетте – 24, Атырау қаласында – 13, Қиғаш өзені бойындағы Котяевкада – 1 және Жемнің бойында орналасқан Ақкиізтоғайда – 2 (төмендеу бағытына қарай) см-ге жеткен. Сөйтіп, жалпы су деңгейінде ауытқушылық болғанымен оның қауіпті деңгейден әлдеқайда төмен екендігіне көз жеткізіліп отыр.
Дәулетқали АРУЕВ