Жарнама
Экология

Шығыстан самал соғады, егер…

Ауыл жұртын алдап соққаны ма? Аталған мəселеге облыстық экология департаменті де назар аударды. Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысында талқыға түсіп, мамандар тарапынан бағасы берілді. Рас, пандемияға байланысты жаңа нысанды қатарға қосушылар келіп қатыса алмады. Бірі Ақтөбеде, екіншісі Оралда отырған жобалаушылар мен құрылысшылар қашықтан хабарласты.

Сарапшылар мəселені төтесінен қойды. Қоғамдық тыңдау неге облыс орталығында өтпеді? Сөз ретінде айтсақ, осындай сауал аймақ басшысының жұртшылықпен жүздесуінде де көлденең тартылған-ды. Жобалаушылардың жалаң жауабы атыраулықтарды қанағаттандыра қоймады. Əрине, нысан Мақат ауданының территориясында тұрғызылатындықтан, халықпен кездесуді сонда ұйымдастыру қолданыстағы заңдылықтарға қайшы да келмейді. Бірақ, қоршаған ортаны қорғауға қатысты мамандардың дені, осы орайда қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың бəрі Атырауда ғой. Олар ат арытып баруы да мүмкін еді, егер мұндай шара дер кезінде хабарланса. Ал, қазір белгілі болып отырғанындай, бұлардың ешқайсысы құлақтанбаған.

Сонда кім қатысты? Атыраудан экология департаментінің бірер қызметкері барған екен. Солардың айтуынша, кенттің ат төбеліндей аз адамы бой көрсетіпті. Мұндай жиын мұнда күнде болып жатқан жоқ. Сондықтан, кейбірі жəй қызығушылықпен келген тəрізді. Жобалаушылар өздері ғана түсінетін тілімен келешек нысанның келбетін баяндаған. Соның бəрін ауылдағылар ұқты ма? Құрылысқа қатысты қандай сауалдар жолдады? Естуімізше, ешқандай. Жұртшылықпен жүздесуде жұмысқа жергілікті жігіттер алынатыны айтылған соң «е, бəрекелді» деп тарасқан. Тұрмыстың тауқыметі алдыңғы кезекке шыққанда аймақтың ауқымды проблемасы кейін сырғиды. Күнделікті күйбең тірліктің тінін жалғап жүрген жұрт қоршаған ортаның қордаланған мəселесіне бас ауырта ма? Əйтпесе, ғасырдан аса уақыт «қара алтын» өндірілетін өңірде түйіні тарқатылмаған нəрсе көп.

Елді мекен тұрғындарының ең осал тұсы осы. Жерінде Батыс Ескене мұнай мен газды кешенді өңдеу қондырғысы, отандық «қара алтын» өндірушілердің бірнеше кеніші болғанымен, Мақатта да жұмыссыздық мəселесі толық шешімін таппаған. Тоғыз жолдың торабындай теміржол жан-жаққа тарап жатқанмен, оған да тұяқ іліктіру оңай емес. Сондықтан, сырттан сытырлатып ақшасын санап келгендер жұмыстың жөнін айтса, жергілікті адамдар əңгімеге келместен көнеді. Міне, газ зауытын салушылар да мақаттықтардың мұқтаж тұсын дəл басқан.

Алайда, атыраулық белсенділер де бұғып қалған жоқ. Алыстан айбатын көрсетті. Астанаға дейін хат жолдап, салалас министрлікке сұрау салды. Сарапшылар да мұны қолдады. Ақыры, жобалаушылар қоғамдық тыңдауды облыс орталығында өткізуге келіскендей сыңай танытты. Тек қатерлі дертке байланысты қазіргі шектеу шаралары кедергі келтіретіндей. Жə, одан да аман шығармыз, сонда келешек кездесу Атырауда ұйымдастырылады. Жаңа нысанды жобалаушыларға салмақты сауалдар сонда жолданады.

Осы орайда сонау жылы Қашағанды игеруге қатысты тұрғызылған мұнай төгінділеріне қарсы іс-қимыл базасы төңірегінде туындаған проблемалар ойымызға оралады. Соған сəйкес бірнеше рет қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Балықшы кооперативтері оның су маржанын сүзуге кедергі келтіретіндігін көлденең тартты. Табиғат сақшылары бұл жердің балықтың табиғи көбею жəне қыстап шығу орны екенін дəлелдеді. Ауыл тұрғындары төңіректің тыныштығын қалады. Ақыры, сол нысан бастапқы жоспарланған жерінен едəуір əрі жылжыды.

Сонда инвестор нендей уəж айтты? Құрылыс жұмыстарына жергілікті жастарды шақырды. Оларға жоғары жалақы уəде етті. Кейін бəрі бос сөз болып қалды. Арнаулы білімі де, толымды тəжірибесі де жоқ адамға лайықты қызмет ұсыныла ма? Ал, күрекпен жер қазғанға жарытып жалақы да бермейді. Əрі нысан тапсырылған соң есіктен шығарып жібермей ме? Демек мақаттықтарға ортасынан ойып тұрып орын ұсынған соң кəсіп иесіне сом салмақ салғаны жөн шығар? Қазақ «түйе сұрасаң, бие береді» деуші ме еді? Ендеше, аспандағы айды əпермесе де, жердегі игілікке қол жеткізсін.

Бізде бизнестің əлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан. Соның аясында айтарлықтай шаруа тындырсын. Əйтпесе, итке сүйек тастағандай ишарат жасау – қалталы кəсіпкерге қол емес. Олай болса, жергілікті жігіттер мен қыздардан білікті кадр дайындала ма? Немесе ауыл арасындағы жолдарды жөндеуге қаржы қарастыра ма? Мүмкін əлеуметтік нысан салып берер? Қайткенде де, айта қаларлықтай қомақты қызмет қылғаны дұрыс. Қысқасы, əрісі он шақты, берісі бес-алты адамды уақытша жұмысқа орналастыру тым аздық етеді. Ауылдағыларды бұлай алдап соғу жараспайды.

Зауыт па, әлде қондырғы ма?

Экономика ғылымдарының докторы Мағауия Шырдабаевты осы сауал толғандырады. Сарапшылар кеңесінде соны жиналғандар назарына ұсынды, жобалаушыларға жолдады. Əйтпесе, жылдық қуаты бір миллиард текше метрлік өндіріс ошағы – шағын нысан емес. Майталман мұнайшының таңғалдырғаны – зауыт пен қондырғыға қойылар талап əртүрлі.

Оның үстіне, Қашаған мұнайының құрамында күкірт бар. Оны айыру да біраз технологиялық түйінді тарқатуды талап етеді. Басқа да қоспалардан тазартылады. Содан соң ғана тұтынушыға жол тартады. Жобалаушылар «көгілдір отынның» даяр тауар ретінде «ҚазТрансГаз» желісіне қосылатындығын айтады. Турасын айтқанда, жеті қат жер астынан шығатын ілеспе газды кешенді өңдеу жүргізіледі. Сонда мұндай күрделі құрылымды кім деп атаймыз? Расында да, зауыт па, əлде қондырғы ма?

Жобалаушылар жаңа нысанның күші зауыт деуге жетпейтіндігін айтады. Бірақ, оның бірнеше қондырғыдан құралатындығын жасырмайды. Сонда жылына бір миллиард текше метр газ даярлау аздық ететін болғаны ма? Əрі, Қашағанның ілеспе газында есептелуі тиіс жиырма шақты қоспа бар. Мердігерлер соның жеті-сегізін ғана санатқа алған. Ал, қалғаны қайда? Мамандардың айтуынша, зиянды заттарды бағалаудың өзіндік əдісі бар. Шешім шығарғанда соны басшылыққа алу қажет.

Жалпы, осы нысаннан атмосфераға нендей ластаушы заттар тарайды? Қолымыздағы құжаттарға қарағанда, құрылыс кезінде дизельді электр стансалары жұмыс жасайды, автокөлік пен арнайы техника іске қосылады, қиыршық тас пен құм тасылады, жер қазылады. Қысқасы, бірақ шаңдататын түрі бар. Ал, пайдалану шағында резервуар парктері, түрлі сорғылар, бірнеше тораптар, т.б. қатарға қосылады. Бұлардың бəрінен де қоршаған ортаға зиянды қалдықтар тасталады. Оған алау қондырғысын қосыңыз. Қазір пайдалануға беріліп жатқан жаңа өндірістің бəрі осындай жабдықпен жарақтанған. Белгіленген мөлшерден артық газ жақпауына уəдесін береді де, рұқсатын алады. Асып кетсе, аз-мұз айыппұлын төлей салады. Тіпті соңғы кезде компаниялар ауаға қышқыл газ шығарудың шекті деңгейін асыра көрсететін болыпты. Егер содан асып кетпесе, онда тəртіп бұзбағандар қатарынан табылады. Қандай тиімді тəсіл, ə?! Сонда алауларда ілеспе газ жағуға болмайтындығы жөніндегі экологиялық талап қайда?

Сонымен, газды кешенді дайындау қондырғысының (жобалаушылар ұсынған құжатта көрсетілген атауды басшылыққа ала тұрайық) санитарлық қорғаныш аймағы 1080 метрге есептеліпті. Бірақ, 1200 метр болып белгіленген. Жобалаушылар мұны «айналаға залалын тигізбеу үшін əдейі артығымен алдық» деп түсіндіреді. Яғни, жақсылық жасап отырған тəрізді ғой. Бірақ, бұл алдын ала болжам ғана. Өйткені, нысанды пайдалану кезінде жаңа зерттеулер жүргізіледі. Оның қоршаған ортаға əсері сол шақта нақты бағаланады. Неге о баста ұсынылмайды? Себебі қондырғының қуаты белгілі. Сондықтан, санитарлық қорғаныш аймағын бірден белгілеуге болмас па? Демек, келешекте жаңа нысан штаттық режимге көшкенде қазіргі құжатталған жер аздық етуі əбден ықтимал. Яғни, одан əрі созылуы мүмкін. Тек сонау жылы Теңіз кенішін бастап игерген кездегідей соңы дау-дамайға ұласып кетпесе жарағаны.

Жасыл желек жайқала ма?

Сарапшылар кеңесі мүшелеріне ұсынылған құжаттың бір жерінде жасылдандыру режимі нысанның толық жобалық қуаты анықталған соң əзірленетіні айтылыпты. Біз мұны өндіріс ошағы төңірегіне ағаш отырғызу деп ұқтық. Əйтпесе, алыстағы мердігерлермен байланыста еш нəрсе толық түсіндірілген жоқ. Соның өзінде құрылыспен қатар жүруі тиіс шара кейінірек іске асқалы тұр. Естеріңізде болса, Батыс Ескене мұнай мен газды кешенді даярлау қондырғысы қолға алынған сəтте-ақ жергілікті табиғат сақшылары Соколок өзегі бойына тал өсіру керектігін қозғаған. Бұл мəселеге алғашқылардың қатарында «Атырау» газетінің журналистері араласқан-ды. Егер сол шақта осы іс ұтымды ұйымдастырылғанда, қазір кəсіпорын мен облыс орталығы аралығы жасыл желекке көмкерілер еді-ау. Əттең, инвестор сан сылтауды алға тартты. Əкелінген көшеттердің жерсінбеуі, суару жəйі қиындығы, т.б. толып жатқан мəселе туындады. Ақыры , ағаш отырғ ызылып жатқандығы жөнінде ақпарат тарап, иықтан жүк түскендей болған. Сөйтсек, өндіріс ошағы мен «Самал» демалыс кешені арасына ғана егіліпті. Ау, қала қалай қорғалмақ? Бұл сауалдың жауабы əлі жоқ. Тіпті, жүзеге аспауы да мүмкін. Өйткені, содан бері талай жылдың жүзі өтіп кетті. Сондықтан, жаңа нысан қолға алынуымен қатар жасылдандыру жұмысы да қатар жүргені жөн. Əйтпесе, құрылыс кезінде шығарылатын зиянды заттар мөлшері жылына 186.40 тонна десек, пайдалану сатысында ол 194,04 тоннаға өспек. Ал, қайталап айтқанда, Қашаған мұнайы құрамында қауіпті күкірт қоспасы бар екенін ұмытпалық. Егер ол «Болашақ» зауытынан шығысқа қарай 13 метр ғана қашықта орналасатындығын айтсақ, онда қос кəсіпорынның əсері айналаға еселеп сезілмек. Оның үстіне, облыста көбіне жел шығыстан соғады. Жəне бірнеше күн солай тұрып та алады. Сонда шаһардағылар көкіректі кере тап-таза самалмен демала ма, əлде улы газға тұншыға ма?

Рас, Атырауға дейін 60 шақырым, əрі қарай солтүстік-шығыста 63 шақырымда Мақат тұр. Жел ар жағынан бері соқса, бұл кентке тым əсері де болмас. Ал, қаладағылар қайтпек? Осы қашықтық еркін тыныстауымызға кепілдік бере ме? Жаңа нысанға қажетті су «АстраханМаңғышлақ» құбырынан алынатындығы да ойландырады. Қазір, байқап жүрсек, пайдалануға беріліп жатқан өндіріс ошақтарының бəрі дерлік осы желіге салмақ салуда. Шыны керек, бүгінде Еділ де еңселі емес. Бұрынғы ат кешіп өте алмайтын арнасы жоқ. Жыл санап тарылып келеді. Кəсіпорындар көлденең келіп қосыла берсе, осы өзеннен ауыз суға деген қажеттілігін өтеп отырған облыстағы қос аудан тұрғындары тарығып қалмай ма? Сонымен, келешек нысан ауыз суға ғана жылына 22,98 мың текше метр шығындайды. Ал, өндірістік мақсатқа жұмсалатын көлемі 122,23 мың текше метрді құрайды. Əрине, тазартылған соң қайта пайдалану оны үнемдеу ретінде алға тартылады. Бірақ, ол табиғи су көзіндей болар ма? Ендеше, неге құдық қазылмайды? Мамандар Мақат ауданында жерасты тұщы су жоғын жиі айтады. Жөн болар. Алайда, түрлі реагенттер көмегімен қолданысқа жарамды ету қиын ба? Əлем елдері Арктиканың мəңгілік мұзын кесіп, мұхит үстімен өздеріне тасуда. Алып барып кəдеге жаратуда. Ұңғымалар қазу содан қиын ба? Мұны қозғап отырғанымыз – инвесторлардың ертең су жоқтығын сылтауратып ағаш егуден бас тартуының алдын алу.

Сонымен, шығыстан самал соға ма? Әрине, соғады егер осындағы өндіріс ошақтарының төңірегінде тал-теректер отырғызылса, Атыраудың айналасына жасыл белдеу қалыптастырса. Нұр-Сұлтанды қоршай өскен қалың орман адам қолымен жасалған жоқ па? Астананы Арқаның ақырған аязынан қорғап тұр. Шаһар аспанына саф ауа осы жерден тарайды. Атырауда осылай істеуге нендей кедергі бар? Ешқандай да. Тек инвесторларға қатаң талап қоя білу қажет. Президент Жолдауында қоршаған ортаны қорғауға қатысты міндетті шаралар белгіленді. Демек, солар мүлтіксіз орындалуы тиіс.

М. БАЕВ, журналист.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button