Жарнама
Экология

Сасық иістен құтылатын күн жақын

Қолқаны қабатын сасық иіс атыраулықтардың мазасын алып жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Оның лас су жиналатын булану алаңдарынан тарайтыны да белгілі. Өйткені, сол бағыттан жел соқса, тұрғындарды әбігерге салады…

Жуырда «Тухлая балка» – булану алаңы мен Жайық өзенінің сол жақ жағалауындағы кәріздік-тазарту кешеніне баспасөз туры ұйымдастырылған еді. Сол жолы облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов жағымды жаңалық айтты.

– Жағымсыз иіс көптің көкейінде жүрген мәселе екенін білемін. Былтыр экологиялық проблемаларды шешу бойынша Атырау облысының арнайы Жол картасы бекітілді. Сонда қарастырылған булану алаңдарында қазір рекультивация, яғни қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұның бәрі жергілікті қоғам белсенділерінің жіті бақылауында, – деді ол.

Экологтың айтуынша, қаланың сол жақ жағалауындағы тұрғын үйлер, кәсіпорындар мен мекемелерден шығатын қалдық су «Тухлая балка» алаңына құйылады. Бұл ауаның көмірсутегімен ластануына себепші. Ал, қазір ағынды су негізгі сорғы станциясына жиналады. Одан әрі тазарту қондырғысына жіберілген су механикалық және биологиялық тазартудан өтеді.

Бұл алаңның бір бөлігі Атырау мұнай өңдеу зауытының, қалғаны Атырау қаласы әкімдігінің иелігінде. Мұндағы рекультивация жұмыстарына 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Енді құрғату жұмыстары жасалады. Содан кейін ғана атыраулықтар сасық иістен арыла алады.

Тамызда басталған жұмыстың негізгі мердігері – «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы. Кәсіпорынның құрылыс жөніндегі директоры Базарбай Отарбаевтың айтуынша, «Тухлая балка» алаңында жұмыс басталғаннан бері тазалана бастаған көлшік пен салынған 6 бөгеттің жұмысына 74 мың текше метр топырақ пайдаланылыпты. Жоспар бойынша жұмыс келесі жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Сосын құрғатылған жер қайтадан тегістеліп, көпжылдық шөптер егуге тағы бір жыл уақыт керек.

Жергілікті қоғам белсенділерінің бірі Таңат Нұрымовтың пікірінше, булану алаңын қалпына келтіруді жауапкершілігіне алған мердігерлер жасалатын жұмыс көлемі мен оның аяқталу мерзімін нақты білмейді екен.

– Мердігер компаниялар басшыларының сөзін тыңдасақ, алда атқарылатын жұмыс өте көп. Оған біраз уақыт керек. Ал, тұрғындар барынша тез жасалғанын қалайды. Облыста арнайы табиғатты пайдалану тәртiбiне сәйкес эмиссия төлейтін мұнай өңдеу зауытынан басқа 23 өндіріс ошағы бар. Яғни, бұдан басқа да шешімін күткен мәселе жеткілікті. Бірінің шешілгенін күтіп отырғанда, екіншісі туындайды. Әсіресе, соңғы кезде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату жайы кезек күттірмейді. Бір қуантарлығы, алдағы уақытта инвесторлар тарту арқылы қаланың оң жақ жағалауы үшін қатты қалдықтар полигонын салу жоспарланып отыр. Ал, сол жақ жағалаудан қалдықтарды сұрыптау кешені мен қоқыс полигонының құрылысына арнап жер учаскесі бөлінген. Бұл инвестициялық жобалар келесі жылы басталуы тиіс, – дейді белсенді.

Ал, жаңа кәріздік тазарту кешенінің құрамына кәріз алаңы, ағынды суды тазарту қондырғылары, биологиялық тоғандар, булану алаңдары мен сорғы станциялары кіреді. Кешеннің тәулігіне 70 мың текше метр лас суды тазарту қуаты бар.

Департамент мамандары баспасөз турлары енді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің медиа-жоспарына сәйкес тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Галина ЧЕРНОВА,

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Қазір тек Атырауда немесе біздің елде ғана емес, бүкіл ғаламшарда экологиялық жағдай ушығып тұр. Бұрын Атыраудың ауасы ғана айтылса, енді су тапшылығы төңірегінде де мәселелер жиі көтерілуде. Каспий теңізі маңындағы мемлекеттер судың буланып жатқанына алаңдаулы.

Ал, өз қаламыздағы бірден-бір тұщы су көзі – Жайық өзені тартылып, деңгейі едәуір төмендеді. Осыдан кейін суға деген сұраныс арта түспек. Демек енді қалдық суды өңдеп, техникалық су есебінде қайта тұтыну қажеттігі туындайды деген сөз. Сондықтан, жаңа кәріздік тазарту кешендері мен булану алаңдарының жай-күйіне жіті көңіл бөлуге тура келеді. Сол бағыттағы жасалып жатқан жұмыстарды бақылауға тек жауапты құрылымдар емес, жергілікті белсенділер мен тұрғындар да атсалысуы керек.

Бүгінде Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы кәріздік-тазарту қондырғысының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып жатыр.

Биылғы сәуірде басталған қаланың сол жақ жағалау бөлігіндегі «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылы бітеді деп жоспарланған.

Қаланың оң жақ жағалауындағы кәріз-тазарту нысанын қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылы аяқталады.

Қаланың оң жақ жағалауындағы «Квадрат» буландырғыш тоғанын тазарту 2023 жылы басталып, рекультивациялық жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асады.

2021-2023 жылдары жеке инвесторлар арқылы Атырау қаласының сол және оң жақ жағалауынан тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау кешендерін салу көзделген. Оның қуаты жылына 225 мың тонна қалдық өңдеуге жетеді. Жобаның құны – 2,5 млрд. теңге.

Биылғы маусымда құрылысы басталған қаланың оң жақ жағалауындағы қоқыс өңдеу зауыты келесі жылдың көктемінде іске қосылмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button