Қапы қалма, қармағыңды қамда!

401677 Жаңалықтар

Кезекті әуесқой (спорттық) балық аулау науқаны 16 маусымда  басталды. Бұл маусым алдағы жылдың 31 наурызына дейін созылады. Ол  жөнінде Атырау қаласы әкімдігінің арнайы қаулысы (№926, 17 мамыр, 2017 жыл ) шыққан.

401677

Осы жайдан хабардар еткен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Атырау облыстық аумақтық инспекциясының өкілі Олег Тушканов бізге мынаны мәлім етті. Әкімдіктің  қаулысына сәйкес, көрсетілген мерзімде әуесқой балықшыларға Атырау мұнай өңдеу зауытының саяжайлық қалашығынан Талғайраң елді мекеніне, Жайық өзенінің төменгі сағасындағы Золотой және Яицкий қолтықтарының тоғысар тұсында (бұрынғы Ширина) орналасқан ММС учаскесіне дейінгі аралықтан балық аулауға рұқсат етіледі. Одан төмен қарай – әуесқой балық аулауға толықтай тыйым салынған айрықша қорғалатын аймақ. Соған байланысты  бұл жерден орын алған заңсыз балық аулау немесе ереже бұзушылық фактісіне жол берген адамға  Әкімшілік құқық  бұзушылық кодексінің 383-бабының  3-тармағы бойынша  45380 теңге көлемінде айыппұл салынады. Одан бөлек, заң бұзған тұлғаға қатысты кодекстің 810 және 811-баптарында көзделгеніндей, өндірістен қысқартылу және салынған айыппұлдың 7 күнге дейінгі мерзімде 50 пайызын төлеу жеңілдігі қолданылмайды. Егер  жеке тұлға жыл ішінде тыйым салынған аймақта балық қорғау заңнамасын бұзғаны үшін  жауапкершілікке тартылса, онда сол азаматқа 40 орташа айлық есептік көрсеткіш немесе 90760 мың теңге сомасында айыппұл салынады.

Дегенмен, әуесқой балықшылықтың негізгі ережелері бұрынғысынша қалып отыр. Ешқандай рұқсат беруші құжаттар (билет немесе лицензия) талап етілмейді. Әрбір әуесқой балықшының бір мезгілде бес қармақты пайдаланып, жалпы салмағы бес келіден аспайтын балықты аулауға мүмкіндігі бар. Кез келген көпірдің маңынан (екі жағынан да 50 метрден жақын жерден) және тәуліктің қараңғы мезгілінде (күн батқаннан таң атқанға дейін), сондай-ақ, су маржандары қыстайтын шұңқырларда балық аулауға рұқсат етілмейді. Мұндай орындар қала аумағындағы Ақжар, Томарлы, «Атырау су арнасы» КМК-ның  су жинақтау бекеті, судан құтқару стансасы, тағы сол сияқты  нысандар орналасқан аудандарда бар.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз