
Резерваттағы қызыл жалын: кінәлі кім, амал қандай?
Өңірдегі қамыс өртіне байланысты әлеуметтік желілер мен жұртшылық арасында түрлі пікір мен алаңдаушылықтар күшейді. Осыған орай, облыс әкімінің баспасөз қызметі жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына барып, жағдайды көзбен көруге мүмкіндік жасады.
Өткен аптаның сәрсенбісінде 17.00 сағатта облыстық әкімдік ғимаратының алдынан әріптестермен бірге жол талғамайтын Toyota Land Cruiser, Toyota Prado және Toyota Hilux маркалы көліктерімен аттанып кеттік. Резерват аумағына кіру үшін осындай көліктердің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Жолдың нашарлығы басқа көліктердің жүріп-тұруына көп кедергі келтіретіні бар. Біздің көліктің жүргізушісі бір күн бұрын резерват аумағына барып келген екені абырой болды, жол жағдайын жақсы біледі екен.
Түтін тұмшалаған резерват
Жиырма минут шамасында Еркінқала ауылынан асып, резерват қызметкерлері мінген көліктің соңынан ердік. Бұл аумақта жол да сан тарау екен, адасып кету қаупі бары да айтылды. Тіпті жүргізуші бір күн бұрын жүрген жолынан жаңылып, біраз уақыт кешігіп қалғанын да әңгімелей отырды. Алысқа ұзамай-ақ жол жиегінде тұрған жеңіл көлікке кез болдық, ойлы-қырлы жерден өте алмай тұр екен. Жалпы, бұл бағытта санаулы ғана көлік кездесті, ұшқан құстан өзге тіршілік иесі жоқ.
Жолшыбай тілшілер арасында қызу пікірталас өрбіді: өрт неден шықты? Табиғи себеп пе, әлде адам факторы ма? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін оқиға орнына тез жетуге асықтық.
Резерват шекарасына жетіп, күштік құрылымдар мен арнайы техникалар шоғырланған жерге таяғанда, желмен бірге көтерілген шаңды дауыл мен қамыс түтінінен алдыңғы көлікті әрең көріп отырдық. Жол бастаушы мамандар да бағыттан шатасып, екі мәрте жол ауыстыруға мәжбүр болды.
Даладағы дамылсыз еңбек
Біз мінген көліктің жүргізушісі бағытын дұрыс межелеп, ақыры төрт көлікпен тиісті нүктеге аман-есен жеттік. Жел басылар емес. Бықси жанған құрғақ қамысты күшейген жел одан әрі өршіте түскендей, төңіректі тұмшалаған түтіннен тыныс алу мүмкін емес.
Жолға шыққанымызға шамамен екі сағаттай уақыт өткенде «тілсіз жаумен» күрес жүріп жатқан негізгі нүктеге табан тіредік. Бізді қарсы алған облыстық әкімдік пен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрттің таралу аумағы, күрес шаралары мен жұмылдырылған күш жайында қысқаша хабардар етті.
Сосын бізге дала жағдайына бейімделген көлікпен өрт ошағын аралап көруге мүмкіндік жасалды. Бір бекетке тоқтап, өрт сөндірушілердің жұмысымен таныстық. Отқа төзімді арнайы киіммен қолдағы күрек және шөп сөндіретін құралдармен алғашқы күндерден бастап, бел жазбастан қамыс өртін сөндіріп жүр. Резерват аумағына кіргенде көзге түскені – қамыстың үлкен бөлігі өртке ораныпты. Бірақ жел біраз ішін тартып, маңай тыныштыққа енгендей.
«Жеңдеріңіз құрғақ болсын!» деген тілегімізге күлімдей жауап қатқан өрт сөндірушілер бірден іске кірісіп, әңгімеге де араласа кетті. Қамыс өртімен күресте олар жасап жатқан маңызды шараның бірі – минералды жолақ жүргізу. Бұл – өрттің алдын алып, оттың ары қарай таралуын шектеуге арналған тосқауыл.
Қамыстың астындағы қауіп
Резерват аумағында бізбен бірге жүрген облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов өрт пен түтіннен әбден қызған қамыстың тамыры жерді қыздырып, қайта тұтанып кету қаупі барын да жасырған жоқ. Сондықтан қауіпті аумақтарға тәулік бойы бақылау жасау үшін адамдар қойылған.
Жантөре Сәндібекұлы бізге «қопа» деп аталатын ерекше табиғи түзілімнің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, жерді қопарып көрсетті.
– Қопа – бірнеше жыл бойы өсіп тұрған қамыстың шіріп, бірінің үстіне бірі жиналып пайда болған қабаты. Оның асты бос, ауамен толғандықтан, өте жоғары температурадан бықсып, баяу жана береді. Үстіңгі жағы жасыл болып көрінгенімен, тамыры жарты метрге дейін жетеді. Мұндай жерлер кез келген сәтте лап етіп тұтанып кетуі мүмкін. Сол себепті біз арнайы техникамен жер бетін қопсытып, топырағын аударамыз да бықсыған қопаны құрғатуға тырысамыз. Жер бедері ыңғайлы болса жаяу жүріп, ал күрделі аймақтарда жер жыртатын соқаны тракторға тіркеп және өрт сөндіру техникаларымен жұмыс істейміз. Бұл да оңай емес, өйткені қопаның ішкі қызуы өте жоғары, — деді ол.
Әрине, өрттің ауқымы ұлғайғанына ауа райының да кері әсері бар екен. Желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетіп, өрттің күшейіп, кең таралуына сеп болды. Оны өшіруге облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері мен аумақтық қорғаныс құрылымдарының әскери қызметшілері жұмылдырылған. Өрт аумағының үлкендігі соншалық, біз барғанда адам күші жеткіліксіз болып, қосымша ресурстар тартылып жатыр екен.
Қиын географиялық жағдай мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, барлық құрылымдардың үйлесімді жұмыс жасап жатқанын көзімізбен көрдік. Мамандар баяғыдан келе жатқан кәдімгі сапалақтау әдісіне салып, кеш батқанша бықсып жатқан қамысты тынбастан сөндірумен болды.
Әріптестердің бірі дрон арқылы өрт аумағын түсіріп, нақты деректер алуға жұмыстанды. Сөйте жүріп, уақыттың қалай өткенін де байқамай, бықси жанған қамыстың ортасында шамамен екі сағат бойы жүріппіз.
Тергеу басталды: қылмыстық іс қозғалды
Қараңғылық қоюланған соң, 22.00 сағаттың шамасында негізгі тұраққа оралдық. Мұнда облыс әкімі Серік Шәпкенов бастаған топ қысқаша ахуалды саралап, кеңес өткізді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша өрт шарпыған аумақ 1510 гектардан асқан. Алайда нақты көлемі арнайы комиссиямен анықталып, кейін хабарланатын болды. Табиғи резерват аумағында тұтанған өртпен күресуге 150-ге жуық маман, 50 техника жұмылдырылыпты.
– Өрттің жылдам таралуына теңіз жағасының батпақты болуы және қамыстың қопа күйде жануы себеп болды. Бұл өрт сөндіру техникаларының қозғалысын қиындатып, жұмыстардың күрделілене түсуіне әкеліп соқтырды. Дегенмен, өрт ошақтарын нақты анықтау және жалынның таралу бағытын бақылау үшін үш дрон қолданылды. Сол арқылы желдің бағыты мен өрттің алдағы қозғалысын болжауға мүмкіндік туып, қабылданған шаралардың тиімділігін арттыруға сеп болды, — деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев.
Бұл өртті сөндіру жұмыстары тек облыс деңгейінде жүргізілген, тіпті көрші өңірлерден көмек те тартылмаған. Жағдай толықтай бақылауда болды. Қазір өрт ошағында ұйымдастырылған кезекшілер алдын алу шараларын жалғастыруда. Қажетті жағдайда қосымша техника тартуға да дайындық бар.
Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Болжам бойынша, адами фактордың болуы да ықтимал.
– Табиғи себептердің бірі – найзағай немесе ауа температурасының күрт ысуы секілді жағдайлар тіркелген жоқ. Осыған байланысты оттың тұтануына адам әрекеті себеп болуы мүмкін деген болжам жоққа шығарылмайды, — деді Нұрлан Мақсотұлы.
Қазір барлық материалдар жиналып, тергеу жүргізу үшін полиция басқармасына жолданған. Құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтау үшін қылмыстық іс қозғапты.
Әкім сұраққа жауап берді
Сапар барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов әуелі өрттің резерваттың шет жағында тұтанғанын, кейін желдің бағыты теңіз жаққа қарай өзгеріп, жалын да сол бағытқа ауытқығанын атап өтті.
– Өрт теңіз жаққа беттегендіктен, шамамен 20 шақырымдай қашықтықтағы батпақты алқапқа техниканы да, адамды да жеткізу қиын болды. Дегенмен біз барлық мүмкіндікті пайдаланып, жалынның ары қарай таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүргіздік. Минералды жолақтар жүргізіліп, қауіпті аумақтар шектелді. Кейін желдің бағыты өзгеріп, өрт бір бағытта қалаға, екінші бағытта қазіргі отырған аумаққа қарай бет алды, — деді Серік Жамбылұлы.
Облыс басшысы оқиға басталған сәттен бастап екі деңгейлі төтенше жағдайлар штабы құрылғанын айтты. Оның бірі – оқиға орнындағы далалық штаб болса, екіншісі – облыс орталығындағы үйлестіру орталығы. Далалық штабты облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев жетекшілік етсе, облыстық деңгейдегі штабты облыс әкімінің өзі мен орынбасары Жасұлан Бисембиев басқарды.
«Әлеуметтік желіден бұрын – нақты әрекет маңызды»
Облыс әкімі Серік Шәпкенов тілшілер сауалына жауап бере отырып, соңғы күндері әлеуметтік желідегі сан түрлі пікірге де тоқталды.
– Нақты жұмысты атқару – оны әлеуметтік желіде көрсетуге қарағанда әлдеқайда маңызды. Кейбір азаматтар әлеуметтік желіде фото, видео жариялап, «осындамын» деп көрсетіп жатады. Меніңше, бұл – артық әрекет. Мен алғашқы күннен бастап жұмысқа араласып, жағдайды жеке қадағалап келемін. Бұл – менің ғана емес, жалпы жедел штаб пен барлық қызметкерлердің ортақ еңбегі. Бірнеше күн бойы түтіннің ішінде, қауіп-қатерге қарамай, өрт сөндірген азаматтардың еңбегін атап өткен жөн. Сондықтан бүгінге дейінгі жұмыстар – сол кісілердің жанкешті еңбегінің нәтижесі, — деді аймақ басшысы.
Неге төтенше жағдай жарияланбады?
Қоғамда жиі көтерілген тағы бір сауал – төтенше жағдайдың жарияланбауы. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі заң бойынша мұндай шешім нақты негіздер болғанда ғана қабылданатынын айтты.
– Төтенше жағдай жариялау – күрделі процесс. Ол үшін әуелі: «Егер жарияласақ, не өзгереді? Қандай ресурстарға қол жеткіземіз?» деген сұрақтарға нақты жауап болуы керек. Қазір бізде жеткілікті техника мен маман бар. Сол себепті заңды тұрғыдан төтенше жағдай жариялаудың қажеттілігі туындаған жоқ, — деді Серік Жамбылұлы.
Өрт сөндіру барысында тікұшақтар да қолданылған. Алайда алынатын судың алыста болуы мен батпақты жерлер техниканың қозғалысын қиындатқан. Осыған байланысты кешенді алдын алу шаралары қолға алынбақ.
Болашақта шымтезек өртінің алдын алу үшін минералды тосқауылдар салу, өртті ерте анықтайтын жүйелер орнату, тек сөндірумен шектелмей, алдын алу тәсілдерін жетілдіру бағытында тиісті құрылымдармен жұмыстың басталып кеткенін облыс басшысы ашық айтты. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен өрттің алдын алу станциялары орнатылған. Қазір барлық жүйе ашық форматта жұмыс істеп, жағдай тұрақты бақылауға алыныпты.
Қамыстың болашағы бар ма?
Тілшілер тарапынан қойылған тағы бір маңызды сұрақ қамысты тиімді пайдалану мәселесіне қатысты болды. Облыс әкімі мұның да жауабын айтты.
– Бұрын қытайлық инвесторлар қағаз шығару зауытын салуға ниет білдірді. Бірақ бұл өндіріс көп су мен энергияны қажет ететіндіктен, жоба іске асқан жоқ. Отандық кәсіпкерлер ұсынған отынға арналған түйіршік өндірісі, целлюлоза мен жем-шөпке айналдыру сияқты жобалар да жалғасын таппады. Егер осы салаларда жұмыс істеуге дайын кәсіпкерлер табылса, біз қолдауға дайынбыз. Қамыс – табиғи, экологиялық таза шикізат. Құрманғазы ауданында да қоры жеткілікті, — деді С.Шәпкенов.
…Біз де резерватқа жасаған сапарымызды аяқтап, қалаға түн ортасы ауа аман-есен оралдық. Бұл жолғы апат тек табиғи емес, жүйелі шешімдер мен нақты дайындықтың қаншалықты маңызды екенін дәлелдегендей. Ендігі міндет – қорытынды шығару.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен алынған ақпаратқа сүйенсек, соңғы бірер күндегі жауын-шашын да көмектескендей, өрт ошақтары мен бықсу белгілері толық жойылған. Қазір өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікте тұр. Резерват аумағында ТЖД тарапынан 14 адам мен 2 техника, ал резерваттан 10 адам мен 5 техника жұмылдырылыпты.
Алмас ҚАБДОЛ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА